Сахна неге сыр берді?
Сахна неге сыр берді?
436
оқылды
Түркістан қаласы облыс ор­та­лығы болғаннан бері жыл сайын жаңа нысандармен то­лы­­ғып келеді. Әсіресе, сан ға­сыр­лық тарихы бар рухани ас­танада мәдениет ошақтар­дың саны артуда. Алайда ара­гідік салынып жатқан құрылыс ны­сандары мен дайын ғима­рат­тардың сапасыздығы, та­лапқа сай еместігі жөнінде ай­­тылып қалатыны бар. Жуырда әлеуметтік желіде был­тыр ғана пайдалануға берілген Түр­кістан музыкалық драма театры «2 тонна аквариумды көтере алмай құлап кетті» деген ақпарат тарап, оқыр­мандар арасында қызу талқы­ға түсті. 2001 жылдың мамыр айында, яғ­ни тура бір жыл бұрын түркістан­дық­тардың игілігіне ұсынылған Түр­кістан музыкалық драма теа­трын Ақтөбе облысы сый ретінде са­лып берді. Құрылысын BI Group ком­па­ниясы жүргізген. Театр ди­рек­­торы әрі көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Композициялық көрінісі, сәулеттік келбеті өзгеше төртқабатты еңселі өнер орталы­ғының көрермендер залы 510 адамға арналған. Осындай сәулетті, келбеті көз тартар зәулім ғимаратта жыл өтпей жатып неге шу шықты? Біз осы мә­селені білу үшін арнайы Түркістан қаласына барғанбыз. Жас ұжым өздерінің тұсаукесер қойылымы атақ­ты «Бөртені» соңғы мәрте қо­йып, маусымды жабу шараларына дайын­дық үстінде екен. Сахнада «Бөрте» спектаклінің қойылымы монтаждалып жатыр.
Театрдың әдебиет бөлімінің меңгеруші Шынар Омарова мәселе әлеуметтік желіде жарияланғандай емес, мүлдем басқаша екенін айтып өтті. Түркістан музыкалық драма театры 18-19 маусым күндеріне «Гам­лет», «Қарагөз», «Фауст» трип­тих премьерасын қойғалы жатқан. Триптих үшін көрермендерге билет те сатылып қойған. Алайда техника­лық ақаулықтарға байланысты атал­ған премьера қазан айына ше­ге­рі­ліп­ті. «Триптихқа дайындық кезінде сахнаның көтеріліп түсетін, яғни оркестр шұңқыры істен шықты. Біз дереу арнайы мамандардан құрыл­ған комиссия құрып, сахнаның ал­дыңғы бетін ауыстырғанша, премье­раны тоқтату туралы шешім қа­былдадық. Триптих: «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» премьерасында пайдаланатын декорациялардың сал­мағы сәйкес келмеуіне байла­нысты дайындықты тоқтатып, пре­мьераны күзге шегеруге тура келді. Себебі режиссер шешіміне сәйкес көп пайдаланылатын декорациялар орналасқан жер оркестр шұңқы­рының маңайы болып табылады. Яғни, сахнада пайдаланылатын құлайтын көлемі үлкен қабырғалар мен аквариум конструкциясының салмағы сумен бірге 2 тоннаны құрайды», – дейді Шынар Омарова.
Ал театр сахнасында оркестр шұңқырынан бөлек тұста спек­такль­дерді қоюға жарамды екен. Сондықтан «Бөрте» спектаклі қойылымына кедергі жоқ.
Дегенмен пайдалануға беріл­геніне бар-жоғы 1 жыл енді толған, қыруар қаржымен салынған ғима­раттағы ақаулық көптің көңілін күпті еткені рас. Мұндағы кінә театр ұжымында емес, құрылыста. Му­зыкалық драма театрдың бас сурет­шісі Дәурен Құрманғазыұлы ақау­лықты көрген сәттен құрылысты жүргізген компанияға жедел хабар бергенін айтады. «Бұл жағдай трип­тихқа дайындық кезінде болды. Тех­никалық монтаж болып жат­қанда, оркестрлік шұңқыр көте­ріліп төмен түсуі тиіс болатын. Алайда ол кө­терілген күйі төмен түспей қалды. Цифрлы басқарыла­тын тетікте ақау болғанын байқатты. Дереу астына түсіп қарағанымызда 4 тағанның бірі сынып кеткенін көрдік. Құрылысын жүргізген ком­панияның 3 жылға дейін кепілдігі болады. BI Group ком­паниясына ха­барласқанымызда, олардан ма­мандар келіп, мұнда жоғары салмақ түспеуі керек екенін айтып, хат беріп кетті. Триптих қоя­тын режис­серлер 2 тонна болатын аквариум кіретінін айтқан соң біз қауіптене бастадық. Қанша дегенмен үлкен салмақ, оның үстіне адам жүрсе ары-бері тартысқан соң одан сайын салмақ қосылады. Сөйтіп, триптих қоюға рұқсат бермедік. Енді BI Group компаниясы тарапынан осынау оркестрлік шұңқырды алған Еуропаға хат жолданған. Мұның қай уақытта қалпына келетіні белгісіз», – дейді бас суретші.
Ал BI Group компаниясының баспасөз қызметі оркестр шұң­қы­рындағы төрт көтеру механизмінің бірі істен шыққанын растады. «Қауіпсіздік мақсатында уақытша тіректер орнатылып, жұмыс аяқ­талғанша электр қуаты өшірілді. Қауіпті аймақ қоршауға алынды. Қазіргі уақытта өндіруші Serapid (Франция) компаниясына сұраныс жіберілді. Түсіріп-көтеру меха­низмінің бұзылу себептерін анықтау үшін техникалық тексеру жүргі­зілуде. Себебі анықталған соң зауыт ауыстыруға қажетті материалдар мен құрамдас бөлшектердің тізімін ұсынады. Айта кетейік, көлемі 43,8 шаршы метрлік оркестрлік шұңқыр статикалық жағдайда 20 тоннаға дейін, ал динамикалық қозғалыс кезінде 11 тоннаға дейін төтеп бере алады» делінген ресми жауапта. Одан бөлек, 2019 жылдың тамызы мен 2021 жылдың наурызы аралы­ғын­да салынған Түркістан драма теа­тры­ның кепілдік мерзімі пайда­ла­нуға беру актісінен кейін 3 жылды құрайтыны айтылған. Бұзылу се­бе­біне қарамастан, компания ор­кес­­т­р­лік шұңқыр тетіктерінің жұ­мы­сын қалпына келтіру үшін қа­жет­ті қо­салқы бөлшектерді ауысты­ру бойын­ша міндеттемелерді өзіне алады. Абырой болғанда, көтеру меха­низмінің бірі қойылымға дайындық кезінде сынған. Алда-жалда премь­ера үстінде болса, біраз адамның өмі­ріне қауіп төнер еді. Қалай бол­ғанда да, мұндай дүниелердің са­палы салынғаны жөн. Әйтпесе, бір жыл болмай жатып сахнаның сыр беруі жақсы емес. Түркістан облысының құрылыс басқармасы әзірге тым-тырыс. Бір­неше мәрте хабарласып, жауап ала алмадық. Әзірге құрылысын жүр­гіз­ген компания мен нысанның ие­лері ғана өзара келісіп жұмыс істеп отыр. Алайда әу баста басы-қасында бол­ған жауапты мекеменің мұнымен бас ауыртуға мұршасы болмай тұр.

Түркістан облысы