Сұлу табиғаты төрткүл дүниеге аңыз болып тараған Зеренді өлкесінде жабайы доңыздың салған ылаңы жайлы материал тиісті органдардың шымбайына батқан сияқты. Газетте «Доңыз дабыл қақтырды» атты мақала жарияланғаннан кейін тиісті органдар дереу хабарласып, журналистік зерттеу аясында алқалы жиын ұйымдастырмақшы екенін айтып арнайы шақырды. Жылдар бойы қордаланған мәселенің шешімі табылар деген үмітпен келісім бердік. Осы аптаның алғашқы күні ауылдағы диқан қауым мен орман шаруашылықтарының ащы жанайқайына себеп болған Зерендіге тағы ат басын бұрдық. Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориалдық инспекциясы ұйымдастырған жиынға осы ведомствоның басшысы Лашынтай Дүйсенов пен бөлім басшысы Ержан Сағынаев, Зеренді ауданы әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерғазы Шындаулетов, республикалық «Қансонар» ассоциациясының өкілі Әлібек Қоқышев, «Пухальское» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Стас Криштофик, «Алтын Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Сәкен Бегенов пен Kaz Grain Feeders ЖШС-ның өкілдері қатысты. Аумақтық инспекцияның бөлім басшысы Ержан Сағынаев жұрт алдында мақаланы қайта оқып, көтерілген мәселені жұрттың талқысына салды. Байқасақ, тараптардың дауы әбден шегіне жетіп, асқынғаны соншалық, «шиқанның өзегі» жарылуға шақ қалған. Диқан қауымы астықты алқаптардың доңыз шабуылынан кейін миллиондап шығынға батып жатқанын айтып шырылдаса, орман алқаптарының қорықшысы шошқаның аса көбейіп кете қоймағанын айтып ақталмақ болды. Қорықшының айтуынша, жабайы доңыздардың жалпы саны өткен қыста 133 бастан аспаған. Оның ішінде ұрғашы аналықтарының саны да аса көп емес екенін алға тартты. Доңыз саны 400-500 болған жоқ... «Доңыздардың басын жыл сайын арнайы есепке алу жұмыстары жүргізіліп отырады. Былтырғы қыста біздің есептеуімізше, 133 бас болған. Мақалада аталып көрсетілгендей, жабайы қабандардың саны 400-500 бас деп айта алмаймын. Аңшылық шаруашылығында мұндай көрсеткіш ешқашан болмаған. Ауылдағы шаруашылықтардың егінін бүлдіріп жатса, бірігіп ортақ шара қолданайық, бірлесіп бір апта жүрсек те мәселенің шешу жолдарын қарастырайық. Егер нақты қабандардың тым көбейіп кеткені анықталса, біз олардың басын шектеуге қарсы емеспіз. Бірақ доңыздардың саны тым өсіп кетті дей алмаймын», – дейді «Пухальское» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Стас Криштофик. Сен 30 жылқы бақсаң, мен 3000 доңыз асырап отырмын... Ал егін салумен айналысқан диқан қауымы өкілдері бұл уәжбен мүлде келіспейтінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, 6-7 жылдан бері доңыздардың салдарынан егіндері тапталып, шығынға белшесінен батқан. Мұнымен қоса, доңыз орман-тоғайларды ластап, көлдерді лай-батпаққа айналдыра бастаған. «Шошқаның кесірінен әбден жапа шегіп болдық. Жыл сайын көбейіп, егінімізді таптап жеп кетеді. Көбіне түнде жортады. Қараңғы болғасын видеоға да дұрыс түсіре алмайсың. Жүздеген қабанның тобымен егініміздің үстінен жүретінін талай көрдік. Көлікпен қуып қашырған боламыз. Атуға дәрмен жоқ. Айыппұлмен тіпті түрмеге тоғытамыз деп қорқытады. Қазір шошқалар ағаштардың арасында көлеңкелеп жатыр. Былтыр бірнеше гектар алқап егінін түгелдей шошқа жеп кеткендері болды. Осы мәселені көтергенде «егіндеріңді өздерің қоршап алыңдар!» дегенді де айтты. Мыңдаған гектарды қалай қоршаймыз? 133 бас дегені шындыққа мүлдем жанаспайды. Кемінде мыңнан астамы бар. Ішіміз удай ашиды. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Осыған дейін қызмет еткен Алексей Бойков маған «Сен 30 жылқыңды асырай алмай отырсың, мен 3000-ды асырап отырмын» деген. Содан-ақ белгілі ғой... Негізі мұны бизнес жасап отырғаны анық. Сондықтан шошқаның да санын кемітіп береді», – дейді Қойсалған ауылынан келген «Алтын Агро» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Бегенов. Kaz Grain Feeders өкілдері де жабайы доңыз санының тым төмен көрсеткіште көрсетілетінін алға тартып, мәселені бірлесе шешудің жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді. 53 қабанды атуға квота бөлінді Ал «Қансонар» республикалық ассоциациясының өкілі Әлібек Қоқышев доңыздардың популяциясының тым көбеймегенін, ал саны аңшылық шаруашылық қорықшыларының арнайы жүргізген есебі бойынша алынатынын мәлімдеді. «Аңшылық шаруашылықтың берген есебіне сәйкес доңыздардың биылғы жалпы саны (особь) 148 басқа жеткен. Соңғы бес жылда, қолданушылардың мәліметтері бойынша, 36 басқа көбейген. Тиісінше, пайыздық есеппен доңыздарды атуға берілетін лимит те көтерілді. Биыл «Пухкальское» аңшылық шаруашылығында 53 қабанды атуға квота қарастырылған», – деді Әлібек Қоқышев. Мәселе бойынша облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының берген деректерін де оқырман назарына ұсына кетсек. Ведомствоның мәліметінше, жануарлар әлемін қолданушылар «Жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңның 27-бабы 2-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, жыл сайын заңмен бекітілген тәртіпте санақ өткізіп, оның есебін ұсынып отыруға міндетті. Доңыздарды бейберекет атуға рұқсат жоқ «Доңыздардың көбейіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына тапталып жатқаны анықталғандықтан, жеке кәсіпкер «Пухальское» аңшылық шаруашылығының иесі, жеке кәсіпкер С.Нұртазинге бекітілген аумақта егістен алыстататын барлық шараны қабылдауды ұсындық. Диқандарға да егістікті жоюына жол бермеу үшін оны тұрақты бақылау, орманға таяу жерлерге жүгері, картоп және астықты дақылдарды екпеуге кеңес бердік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылдың 14 сәуіріндегі №258 бұйрығына сәйкес доңыздар саны реттейтін жануарлар тізіміне кірмейді. Сондықтан оларды бей-берекет атуға рұқсат беру мүмкін емес», – деді Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Ержан Сағынаев.
P.S. Сонымен, жиын қорытындысы бойынша диқандар мен «Пухальское» аңшылық шаруашылығының қорықшысы егістіктерді қорғау мен олардың санын анықтау бойынша бірлесіп әрекет етуге шешім қабылдады. Ал аумақтық инспекция өз тарапынан жоғарыда аталған сала өкілдеріне доңыздардың егістіктерді жоюының алдын алу үшін ұсыныс хаттар жолдайтынын жеткізді. Әрине, бұл тұрғыда тараптардың өзара бірлесе әрекет етіп, ортақ мәселені тиімді шешуге назар аударғаны жөн сияқты...
Ақмола облысы