Ақтөбе облысында мемлекет меншігіне 20 мың гектардан астам жайылымдық жер қайтарылды. Бұл туралы Қобда ауданында өткен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысында айтылды.
«Мемлекет басшысы жерді өзі де пайдаланбайтын, өзгеге де бермейтін жер иеленушілер бар екенін бірнеше рет айтқан болатын. Осы мәселеде әділдікті қалпына келтіру — біздің комиссияның басты міндеті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша бүгін Ақтөбе облысында мемлекет меншігіне 20 мың гектар жер қайтарылды. Жұмыс жалғасын табады», - деді «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек.
«Облыстың жеке қосалқы шаруашылықтарда 314,8 мың бас мал тіркелген. Оларды жаю үшін шамамен 105 мың га жетіспейді. Бұл мәселе әсіресе, Алға, Мәртөк, Темір аудандарында және Ақтөбе қаласында өзекті. Қазірдің өзінде жерді жөн-жосықсыз пайдаланғандардың тізімі 244-ке жетті. Материалдар құзыретті органдарға жолданды», – деп мәлімдеді басқарма басшысы Исатай Еспағанбетов.