Президенттің биыл Волонтер жылы деп жариялауы ел жастарына ерекше серпін берген, мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам болды. Қазақ ұлттық аграрлық университеті осы игі бастамаға үн қосып, шетелдік әріптестермен волонтерлік қызмет саласында тәжірибе алмасу мақсатында «Парасаттылық – ізгіліктің белгісі» атты халықаралық жастар форумын өткізді. Форум жұмысын ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов ашып, атаулы жылда атқарылуы тиіс мақсат-міндетті айқындай келе, жастарға табыс тіледі. – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды ту еткен ата-бабаларымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне көмектесіп, асар жасап, бір отбасының емес, бір ауылдың еңсесін көтеріп тастайтын. Бүгінгі волонтерлік қызметтің қағидасы да осындай ізгі ниеттен тұрады, – деді ректор өз сөзінде. Волонтер жылы мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған форумға Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінің арнайы делегаттары, халықаралық ұйымдар, Қазақстандағы шетелдік консулдықтар мен елшілік қызметкерлері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Nur Otan партиясы және Jas Otan Жастар қанатының белсенділері, республикалық Sanaly urpaq жобалық кеңсесінің өкілдері, «Ізгілік елшісі» жобасының үйлестірушілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы, Медеу және Бостандық аудандары әкімдігі, жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж және мектеп басшылары, БАҚ өкілдері, шетелдік және қазақстандық ерікті жастар қатысты. Форум жұмысы аясында оңтүстіккореялық IMEI Халықаралық менталды-ағартушылық орталығының басшысы, профессор Джо Гю Юн бастаған делегация жастарға волонтерлікті дамытуға байланысты арнайы семинар-тренинг өткізді. Еркін пікір алмасу форматында өткен форумда ҚазҰАУ білім алушыларының волонтерлік бағытта атқарған іс-шаралары туралы бейнеролик пен студенттер дайындаған ізгілікке үндейтін мультфильм көрсетіліп, студенттер үйінде тұратын жастармен онлайн байланыс орнатылды. Форум аясында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Еріктілер орталығының» ресми ашылу рәсімі өтті. Орталық қызметі арқылы жастар Президент анықтаған Волонтер жылының «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» деп аталатын 7 бағыты бойынша волонтерлік іс-жоспарын жүзеге асырады. Сонымен қатар осы орталықта білікті, тәжірибелі мамандарды тарту арқылы жастарды волонтерлік қызмет бойынша оқытып, дайындайтын, оларға бағыт-бағдар беретін арнайы штаб құрылады. Онда жастар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді талдап, кімге қандай көмек керек екенін анықтап, нақты шешім қабылдайды. Форумда сөз сөйлеген белсенді жастар бұл бастаманы республикамыздың басқа да жоғары оқу орындарына жолдап, «Еріктілер жылында» игі істерді бірлесе атқаруға шақырды. Алмат ИСӘДІЛ