Оңтүстіккореялықтар Голливудтың алтын асқарын бағындырды. Олар «Долби» сахнасына бір емес, төрт рет көтерілді. Сондай-ақ Брэд Питт актер ретіндегі алғашқы Оскарын алды. Мұндай бақыт Рене Зеллвегер мен Лора Дернге де бұйырды. Ал Натали Портман болса, «қарсылық» көйлегін киіп барды.
Иә, «Паразиттер» күллі әлемді таңдандырды. Сэм Мендестің көзін бақырайтып тұрып, Пон Чжун Хо өзіне тиесілі жүлдені алып кетті. Оңтүстіккореялық режиссер түсірген фильм «Үздік фильм» аталымында топ жарды. Мұнымен «Үздік режиссерлік жұмыстың» тағдыры шешілді. Біразы «1917»-ні таспалаған Сэм Мендес үздік режиссер болуы керек десті. Алайда Оскар тарихында тұңғыш рет шетелдік фильм бәйге алғанда, тақым қысқан режиссер кәдесіз қалсын ба? Сэм Мендес, жоқ, Пон Чжун Хо деп әлем даурыққанда кейбірі аталым бойынша үміткерлер тізіміне күмәнмен қарапты. Соның ішінде әйгілі актриса Натали Портман де бар.
Ол Оскар салтанатына Dior ұсынған әдемі көйлекті өзінше әрлеп келіпті. Жеңімпаздардың біріне жүлдесін табыстаған Портман көйлегімен Голливудтағы біраз жайдан хабар бергендей. Биыл «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымына кірмей қалған барлық әйел режиссерді жамылғысының оң жағына алтынмен кестелеп шығыпты. Есімдердің арасында «Кішкентай әйелдер» фильмінің режиссері Грета Гервиг те бар. Ал оның сүйіктісі Ноа Баумбах болса, «Неке оқиғасы» фильмімен Оскарға дәмелілер тізіміне енді. Осылайша, Натали Голливудтағы гендерлік саясатты қайта қарау керегін нұсқады.
Бүгін Оңтүстік Кореяда – той. Олар бір емес, бақандай 4 аталымда топ жарды. Орталық Азияның кино қоймасында Голливудтың менмін деген фильмін тықсыратын өнім барын көрсетті. «Паразиттер» үздік фильм мен режиссерден бөлек, «Үздік тұпнұсқа сценарий» мен «Шет тіліндегі үздік фильм» атағына ие болды. Белгілі киносыншылар комедия, триллер мен драманы топтастырған туындыға «Пон Чжун Хо жанрындағы» фильм деп баға берді. Сөйтіп, Пон Чжун Хо кино әлемінде субжанр ашып қана қоймай, елінің мерейін асырды.
Ал Хоакин Феникс «Үздік актер» атанып, «Джокерді» шегіне жеткізіп орындағанын тағы бір рет дәлелдеді. Актердің коллекциясы тағы бір құнды жүлдемен толықты. Бізге Бриджит Джонс рөлімен жақсы таныс Рене Зеллвегерге «Джуди» фильміндегі рөлі үшін Оскар бұйырды.
10 ақпан күні өткен кеште Брэд Питт шын қуанды, білем. Өйткені ол актер ретінде алғаш рет Оскар алды. «Бір күні... Голливудта» Тарантиноға табыс әкелмесе де, Питтке майдай жақты. Бұдан бұрын Брэд бұл жүлдені продюсерлік еңбегі үшін алған. Ал «Неке оқиғасында» Нора Фэншоу рөлін сомдаған Лора Дерн «Екінші пландағы үздік актриса» атанды.
Киноакадемия мүшелері «Үздік адаптацияланған сценарийге» «Қоян Джоджо» фильмін лайық көріпті. Көпке ұнаған «Ойыншықтар оқиғасы 4» «Үздік анимациялық фильм» атағына ие болды. Стивен Богнар мен Джулия Райхерт режиссерлік еткен «Америкалық фабрика» «Үздік деректі фильм» атанды.
«1917» бәрібір жүлдесіз қалмады. Роджер Дикинсті фильм үшін «Үздік оператор» жүлдесімен марапаттады. «Үздік визуалды эффектілер» аталымында да «1917» үздік шықты. «Джокерге» саундтрек жазған Хильдур Гуднадоуттирге «Үздік композитор» ретінде Оскар берді. Ал «Рокетмен» фильмінде шырқалған Love Me Again әні «Үздік ән» деп танылды. «Үздік монтажға» келсек, әрине, ол – «Форд Феррариге қарсы» фильміне тиесілі. «Үздік дыбыс монтажы» да «Форд Феррариге қарсы» фильміне бұйырыпты.
«Үздік макияж бен шаш үлгісі» «Сенсацияға», «Үздік қысқаметражды анимациялық фильм» «Бұйрабас махаббат» картинасына берілсе, «Әскери аймақта қыз баланың скейт теуіп үйренуі» «Үздік қысқаметражды деректі фильм» деп бағаланды. Ал «Үздік қысқаметражды көркем фильм» аталымын «Көршінің терезесі» алды. «Үздік қоюшы-суретші жұмысы» үшін «Бір күні – Голливудта», «Үздік костюмдері» үшін «Кішкене әйелдер» Оскармен марапатталды.
Айбике ЖАНАСЫЛ