Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының Масанчи ауылындағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын түсіндірді, – деп жазады Tengrinews.kz. «Қарасаңыздар, Қордай ауданында көптеген үй өртенді, өрт шықты, барлығын қалпына келтіру үшін техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды», – деді Бердібек Сапарбаев. «Біз барлық үйді, сауда орталықтарын қалпына келтіру керек, жолдарды, көшелерді тазартып басқа да жұмыстар істелуі керек. Мұнда әлеуметтік сипат жоқ, тек қаза тапқандардың отбасына және асыраушысынан айырылған отбасыларға заң бойынша әлеуметтік көмек көрсетілді», – деді Жамбыл облысының әкімі. Еске сала кетейік, 2020 жылы 8 ақпанда сағат 21:00-де Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті масштабта техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.