Атырауда жол апатынан бір адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды
Атырауда жол апатынан бір адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды
Фото: ПД-нен алынды
Атырау облысында бір күнде екі жол апаты болды. Жүргізуші мерт болып, 8 адам ауруханаға жеткізілді. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 3 шілдеде екі жол апаты болған. «Жол-көлік апатының біреуі таңертең сағат 09.00-де «Доссор-Құлсары-Бейнеу» автожолының 105-шақырымында Нiger автобусы мен Toyota Camry маркалы көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жол жиегіне аударылып қалды. Автобустың алты жолаушысы жарақат алды. Зардап шеккен жолаушылар ауруханаға жеткізілді. Кешке «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тасжолдың 590-шақырымында тағы бір жол апаты болды. Жол бойында Lada Priora маркалы жеңіл көліктің жүргізушісі жол ережесін сақтамай, алдында келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігіне соғылды. Жеңіл көлік соққының екпінімен жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Сөйтіп, қарсы бағыттағы Lada маркалы көлікпен соқтығысқан. Lada Priora көлігінің рулінде отырған 22 жастағы жүргізуші оқиға орында мерт болды. Әртүрлі дене жарақатын алған Lada көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді.