Атыраулықтар дүйсенбі күні үйде бар сумен ғана жуынып, шайынуға мәжбүр болды. Оған себеп Жайық суы қатып, қала тұрғындары сусыз қалды. Ауа райы туралы мәлімет беруші мамандардың айтуынша, Жайық өзенінің ақпанда еріп, қайта мұз болып қатып қалуы 30 жылдан соң қайталанып отыр. Бұл қаладағы жеке үйлермен қатар, көпқабатты үйлердің де сусыз қалуына ықпал еткен. Ақпан айындағы ауа райының күрт жылып, Жайық өзенінің мұзы еріп, бір түнде қайта қатып қалуы салдарынан өзен суы ұсақ мұзға толып, су сорғы стансасының су сору қысымын төмендетіп жіберген. Соның салдарынан қала бойынша су беру уақытша тоқтатылған. Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалада судың болмауының тағы бір себебі бұл қатты желдің әсерінен өзен деңгейінің төмендеуі болып отыр. Таңертеңгілік жуынуға үйдегі суды сарқып, бір шыны шай ішпеген атыраулықтар түске қарай берілген судың рақатын көріп, түскі шайды баптап ішуге асық болып отыр. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы