11 миллион теңгеден астам шығын келтірген браконьерлер тобы ұсталды
11 миллион теңгеден астам шығын келтірген браконьерлер тобы ұсталды
Түркістан облысында заңсыз балық өнімдерін өндірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл Түркістан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлерінің арнайы операция жүргізу барысында белгілі болған. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов брифингте атап өтті.
«Түркістан облысында 7 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстадық. Олардың біреуі бұрын сотталған. Күдіктілер балық аулауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған, яғни қайықтар, костюмдер, электр қондырғыларын қолдана отырып, табиғи ресурстарды өндіруді табыс көзіне айналдырған», –  деді полиция полковнигі.
Белгілі болғандай, браконьерлер түнгі уақытта Шардара және Көксарай су қоймаларында табиғат қорғау инспекторларының жоқ сәтін біліп, заңсыз балық аулаған. Одан кейін тапқан олжаларын Шымкент қаласына апарып сатып, ақшасын өзара бөлісіп жүрген. 11 миллион теңге көлемінде шығын келтірген браконьерлердің тұрғылықты жерін тінту барысында 2 автокөлік, 3 қайық, 4 қайық қозғалтқышы, 10 қармақ, 6 балық аулау костюмі, 2 радиостанция және басқа да балық аулау құралдары, сондай-ақ 120-дан астам балық аулау торы мен 1,5 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленіпті. Бүгінде 3 күдікті қамауға алынып, қалғаны "ешқайда кетпеу туралы қолхат" түрінде босатылған. Оларға Қылмыстық кодекстің 335-бабы "Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру" бойынша тергеу шаралары жүруде.