Қарақалпақстанда болған шеру кезінде 18 адам қаза тауып, 243-і түрлі жарақат алған
Қарақалпақстанда болған шеру кезінде 18 адам қаза тауып, 243-і түрлі жарақат алған
© sn.kz
1,100
оқылды
Өзбекстанның Бас прокуратурасы мен Ұлттық гвардиясы Қарақалпақстан астанасы Нүкістегі тәртіпсіздіктер кезінде 18 адамның қаза тапқанын хабарлады, – деп жазады «Газета.uz» басылымы.  Басылымның мәліметінше, 1-2 шілдеде Нүкісте өткен шеру кезінде 243 адам түрлі жарақат алған, оның 38-і – құқық қорғау органдарының қызметкері. Бүгінде зардап шеккен 149 адам үйіне жіберілген, қалған 94 азамат ауруханада жатыр. Өзбекстан Ұлттық гвардиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Даврон Жуманазаровтың айтуынша, 1-2 шілде күні 516 адам ұсталған. Ұсталғандарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, олардың кейбірі әкімшілік жазаға тартылды. «3 шілдеден 4 шілдеге қараған түні көшеде мақсатсыз жүрген 110 адам (21:00-ден 07:00-ге дейін) коменданттық сағат талаптарын бұзғаны үшін ұсталды. 12 көлік құралы айып тұрағына қойылды», – делінген Өзбекстан Ұлттық гвардиясының мәлімдемесінде.  Айта кетейік, Қарақалпақстан астанасы Нүкісте бірнеше күн бұрын Өзбекстан Конституциясына енгізілгелі отырған түзетулерге қарсы болғандар наразылыққа шыққан еді. 1992 жылдың 8 желтоқсанында қабылданған құжатта Қарақалпақстан референдум негізінде Өзбекстан құрамынан шығуға құқығы бар егемен ел деп көрсетілген. Алайда Конституцияға енгізілгелі отырған жаңа түзетулерге сәйкес, бұл норманы алып тастау көзделген болатын. Халықтың наразылығынан кейін Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан егенмендігіне қатысты Конституцияға енгізгелі отырған түзетулерді алып тастау туралы қаулыға қол қойды. Одан бөлек,  Өзбекстан президенті Қарақалпақстан аумағында ТЖ режимін енгізді. Бұған дейін Қазақстан Президенті Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын айтқан болатын.