Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов Алматыда арнайы баспасөз-конференциясын өткізді. Баспасөз жиынында ол журналистердің UFC-мен қазіргі келісімшарты, алдағы жекпе-жегі жайлы сұрақтарына жауап берді. «UFC-мен жаңа келісімшарт жасастық. Спорт біздің жұмысымыз болғандықтан, сол жұмысқа сай табыс тапқымыз келеді. Сол үшін келісімдегі шарттарды қайта қарадық, қазіргі келісімшарт жақсы. Қазақстанда мұндай келісімшартқа отырған файтер қазірше болған жоқ. Жаңа келісімшарт бес жекпе-жекке есептелген. Оның біреуін өткіздім, енді төртеуі қалды. Бірақ екі-үш жекпе-жектен кейін UFC жаңа келісімшарт ұсынуы мүмкін», – дейді спортшы. Сондай-ақ ол келесі жекпе-жегін қашан өткізетінін айтты. «Біз матч-менеджермен сөйлестік. Қазан айында Абу-Дабиде өтетін турнирге қатыссам жақсы болар еді. Қазақстандықтар үшін визаның қажеті жоқ. Сонда барып маған жанкүйер болар еді. Егер оған үлгермесек, қараша немесе желтоқсан айында октагонға шығамыз», – деді Ш.Рахмонов.