Жаңақалалықтардың жұмысы көпке үлгі
Жаңақалалықтардың жұмысы көпке үлгі
532
оқылды
Оралда «AMANAT» пар­тия­сының облыстық фи­лиалы жанындағы Мемле­кеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде жер те­лім­­дерін мемлекет менші­гіне қайтару және жайылым мәселесі қаралды. Сондай-ақ Жаңақала ауданында пай­даланылмай жатқан жер­лерді мемлекет менші­гіне қайтарумен айналыса­тын бастамашыл топтың жұ­мыс нәтижесі талқыланды. Жиын барысында аудан әкі­мінің орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Асқар Мұқамбетжанов жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
«Мал басының өсуі ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін тудырып отыр. Барлық малдың 30 пайыздан астамы – жеке тұрғындардың үлесінде. Бұл жайылымға қажеттіліктің артқанын білдіреді. Биыл құрамында прокуратура мен жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы сәуір айында барлық ауылдық округті аралап, шаруа қожалықтарымен және жеке тұрғындармен кездесті. Мәселенің мәнісін түсіндірді. Нәтижесінде, 7 шаруа қожалықтың басшысы пайдаланылмай жатқан 20 205 гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Аудан бойынша 55 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің (АШТӨ) 75 354 гектар жерді тиісті мақсаттарда пайдаланбай отырғаны анықталды», – деді ол.
Жаңақала ауданының прокуроры Ғалымбек Мұхитовтың айтуынша, елде жарияланған мораторий жеке қожалық иесінің жерін тексеруге мүмкіндік бермейді.
«Біз ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мониторингті, яғни тексеруге қойылған шектеуді заң жүзінде алып тастау қажет деп есептейміз. Қазір пайдаланылмай жатқан жерлерді тек ақ­параттық жүйелердегі мәліметтерге мониторинг жүргізу арқы­лы анықтап отырмыз. Желтоқсан-қаңтар айларында өткізген мониторингтің нәтижесінде жері бос жатқан 63 қожалықты анық­та­дық. Ал халықпен кездесудің арқасында тағы да осындай 20-дан астам шаруашылықтың бар екенін білдік», – дейді прокурор.
Жиында жұмыс тобының мүшелері жер телімін мемлекетке қайтару барысында кездесетін қиындықтарға, кедергілерге тоқ­талды. Мәселен, «Жер кодексі­нің» 43-1, 48-баптары бойынша кедергілер бары айтылды. Сонымен қатар жаңадан қожалық ашып, атакәсіппен айналысамын деген азаматтарға 400 гектарға дейін жер учаскелерін конкурссыз негізде беру, жер комиссиясын алып тастау немесе конкурстарды өткізу тәртібін электронды түрге айналдыру қажет деген ұсыныстарын айтты. Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің баяндауынша, 2019-2022 жылдар аралығында 1 млн 389 мың гектар (соның ішінде жайылым – 1 060 мың гек­тар) пайдаланылмай жатқан ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­лер анықталған. Ал биыл осын­дай 196 мың гектар жер (жайылым – 188 мың гектар) белгілі болған. Осы жерлердің 220 мың гектары (жайылым – 143 мың гектар) мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Басқарма басшысы жайылымдық жерлер тозып кетпес үшін мал бағымын оңтайлы ұйымдастыру қажет екенін тілге тиек етті.

Айна ИМАШЕВА