Өрт сөндірушілер, құтқарушылар үшін етегіне сүрінген қауырт шақ туды. Әр өңірде қураған шөп жанып, дала-орман өрті қаулады. Шомылу маусымының басталуы судағы қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін ұйқы-күлкіні ұмытып, қызу қимылдауға мәжбүрледі. Алайда осы сала жұмыскерлерінің өздері құтқаруды қажет ететіндей. Қаншама құтқарушы жұмыс барысында қаза тапты. Тірісінің жалақысы аз, жұмыс ауқымы жыл сайын ұлғаяды. Көбі борыш батпағына батқан. Сондықтан ТЖМ оларды әлеуметтік қолдау шараларын әзірлеуде. Қызметі көлдей, құрметі шөлдей Заңнамада «азаматтық қорғау органдары» (АҚО) деп аталатын ТЖ мамандарына жыл он екі ай дамыл жоқ: қыста қар құрсауында қалғандарды, түтеген боранда адасқандарды тауып, құтқару, көктемде күні-түні елді мекендерді қарғын судың басуына қарсы күресу, су тасқынынан зардап шеккендерді эвакуациялау, жаз бен күзде тілсіз жаудың жайлау мен жасыл орманды жалмауына қарсы тұру. Бұған қоса, отқа оранған өнеркәсіптік, әлеуметтік, әкімшілік, тұрғын үй нысандарындағы өртті сөндіру, күрделі жағдайға тап болғандарды құтқару, қирандыны аршу сияқты «ағымдағы шаруалары» да бар. Бүгінде ауыл-аймақта лаулаған от ошақтарына ТЖ қызметкерлері аттандырылып жатыр. Мысалы, Қарағанды облысының бір Қарқаралы ауданындағы алапат өртпен бірнеше күн бойы 220 АҚО қызметкері алысқан. Ал 2021 жылы АҚО қызметкерлері 12,1 мыңнан астам адамды құтқарды. Соңғы төрт жылда – 2018-2021 жылдары республика аумағында 60 174 төтенше жағдай және оқиға тіркелді. 2022 жылғы бірінші тоқсанда 2 434 төтенше жағдай мен табиғи, техногендік сипаттағы оқиғалар болған. 4 296 адам құтқарылды. ТЖМ өз қызметкерлерінің былайғы жұрт біле бермейтін, елемейтін еңбегін атады. Олар 2019 жылы тұтас қаланы жойып жібере жаздаған Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жойқын өртті сөндіруге қатысты. 2021 жылғы тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында әскери бөлімдегі ғаламат жарылыстарды доғаруға және олардың зардабын жоюға жұмылдырылды: басын бәйгеге тіге жүріп, құтқарушылар халықты эвакуациялады. Сонда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан АҚО-ның 10 қызметкері қаза тапты. Тағы 39-ы жараланды. АҚО қызметкерлері «Қасіретті қаңтар» оқиғаларында 11 өңірді жайлаған бүлік пен тәртіпсіздікті тыюға, қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылды. Олар әскермен, құқық қорғау, арнайы органдар өкілдерімен тең дәрежеде қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауыстырылды. Олардан айырмашылығы сол, АҚО қызметкерлері қорғаныс құралдарымен, арнайы брондалған техникамен жабдықталмаған. Салдарынан радикалдар бірінші соларды аяусыз соққыға жықты, көліктерін тартып алды. Олар қаңтар оқиғалары, ТЖ кезінде өрт сөндіруді, жарылғыш заттарды тауып, жоюды жүзеге асырды. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге, жаппай тәртіпсіздік жағдайындағы қызмет түрлеріне, стратегиялық мемлекеттік және басқа әлеуметтік нысандарды қорғауға жұмылдырылды. Құтқарушының өзі құтқаруға зәру Жалпы, тәуелсіздік жылдарында қызмет міндеттерін атқару кезінде АҚО-ның 64 қызметкері қаза тапты, 163-тен астамы мертікті, мүгедек болып қалды, жарақат алды. Осы тәуекелге толы еңбегі үшін мемлекеттен құрмет-қошемет көргені шамалы. Әрқайсысы – бейбіт күннің қаһармандары болса да, саланың бірде-бір өкілі «Халық Қаһарманы» атағын алмаған. Тәуелсіздіктің бүкіл 30 жылында 308 өрт сөндіруші мен құтқарушы ғана кіші дәрежелі мемлекеттік наградалармен марапатталған. Салыстырсақ, әскерилердің, құқық қорғау, арнайы органдардың мыңдаған қызметкері жыл сайын түрлі марапат алады. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері әскерилермен және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірдей құқықтық мәртебеге ие. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірыңғай міндетті орындайды. Бірақ олармен бірдей әлеуметтік қамсыздандыруға ие емес. Әлеуметтік қорғалуы тым нашар. Салдарынан ТЖ саласында кәсіби кадрлардың кету қарқыны көбейген: арнайы атағы бар ТЖ қызметкерлері басқа құқық қорғау, арнайы органдарға, әскерге, жеке секторға ауысып жатыр. Кейінгі үш жылда ғана АҚО-ның 2 мыңдай (1 910) қызметкері өз еркімен жұмыстан шыққан. Өйткені, біріншіден жалақысы тым төмен: еңбекақысы кезең-кезеңмен көтерілгеніне қарамастан, орта есеппен 108 974 теңгені құрайды. Жан-жақтан жаппай қымбатшылық қысқан заманда бұл қаржыға отбасы түгіл өзіңді асырауың қиын. ТЖМ хабарлауынша, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың үлкен бөлігінің жеке баспанасы жоқ. Олар жалақының аздығынан түрлі тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алмайды. Не бастапқы жарнаға жеткілікті соманы жинақтай алмайды, не гарант таба алмай қиналады. Министрліктің ақпаратынша, «жетімбұрыш» жағалаған АҚО қызметкерлері отбасыларымен бірге өртке қарсы, қауіпсіздік және санитарлық нормаларға сай келмейтін арзанқол лашықтарды, жайсыз бөлмелерді жалдап тұруға мәжбүр. Бұл жайт та олардың психологиялық, моральдық ахуалына теріс әсер етеді. Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігі екі жылдан бері жыр болған «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат енді меморгандардың, ең бастысы – Қаржы министрлігінің келісімінен өтуі шарт. Мүдделі меморгандар құптаса, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өмірі біраз жақсаруы тиіс. Салада нендей игілік ұсынылады? Құжаттың ең басты жаңалығы – онда құтқарушылардың зейнет жасын азайту ұсынылып отыр. АҚО құтқарушылары ауа райы жағдайына, жасына қарамастан күрделі табиғи және техногендік ортада, химиялық, радиациялық зақымдану аймақтарында, биік тауда, адам аяғының жетуі қиын аудандарда, өмірге және денсаулыққа қауіпті нысандарда іздестіру-құтқару жұмыстарын, сондай-ақ суасты сүңгуір-іздестіру жұмыстарын орындайды. Қаза тапқандардың күмпиіп ісіп кеткен немесе өртенген, иісі қолқаны қабатын мәйіттерін, денелердің фрагменттерін жинайды. Мұндай жан күйзелтетін, рухани азап шектіретін, еңсені басатын жұмыс тез қажытады, жылдам қартайтады. Қазір құтқарушылар өзгелер қатарлы 63 жаста зейнеткерлікке шығады. ТЖМ егде тартқан құтқарушылардың биіктікте, су астында, химиялық және радиоактивті зақымдану аймақтарында, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу орындарында кәсібіне тән ерекше жұмыс түрлерін атқаруға денсаулығы жарамайтынын ашық айтты. Сондықтан министрлік құтқарушылардың зейнеткерлік жасын төмендету үшін оларды азаматтық қызметші қатарынан шығарып, «арнайы атақтар берілген АҚО қызметкерлері» санатына ауыстырмақ. Екіншіден, әлеуметтік қорғалуын күшейту үшін азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне де тұрғын үй төлемдерін төлеу қарастырылмақ. Үшіншіден, заң жобасында тікелей меморганның, мекеменің бюджет қаражаты есебінен құтқарушылардың және өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру ұсынылады. Сонда олар қаза тапса, мертіксе, сақтандыру есебінен отбасына шамалы болса да, көмек болады. «Құтқарушылар өмір мен денсаулығы үшін аса қауіпті жағдайларда жұмыс істейді, жиі жарақат алады. Дегенмен құтқарушыларды міндетті әлеуметтік сақтандыру олардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жүр. Бұл ретте құтқарушылар жалақысы аз болғандықтан, сақтандыруды рәсімдей бермейді», – деп түсіндірді ТЖМ. Төртіншіден, қызмет өткеру кезінде АҚО қызметкерлері ауырып қалса, оларды бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емдеу ұсынылды. Мұндай артықшылықты әскерилер, ҰҚК қызметкерлері пайдаланады. Бесіншіден, қызметі бойынша ауыстыру-ротациялау және жоғарылату кезінде АҚО қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы төлеу, мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу көзделеді. Алтыншыдан, жауынгерлік іс-қимылдарға жақындатылған жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемеақылар енгізілмек: оның көлемі 3 еңбекақыға тең болады деп күтілуде. Сондай-ақ мұндай жұмыстың 1 күні жұмыс өтілінде 3 күн ретінде есептелмек. Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, тілсіз жауға қарсы халық қорғанында тұрған өрт сөндірушілердің жағдайы ауырлау: 9-11 жыл өтілі бар сержант атағындағы өрт сөндірушінің орташа жалақысы бұрын 80-90 мың теңге болған. 2017 жылдан көтерілгеннің өзінде қазір 141 604 теңгені құрайды. Өрт сөндіруші, құтқарушы мамандықтары азаматтар арасында беделді саналмайды. Сала кәсіби кадрларынан айырылып жатыр. Бұл кәсіптің беделін көтеру үшін ТЖМ-ге біраз еңбектенуге тура келмек. Қазақстанда тозығы жеткен нысандар мен инфрақұрылым саны жыл санап артуда, салдарынан техногендік сипаттағы апаттар күрт көбейеді деп болжанады. Сөйтіп, ТЖМ қызметкерлеріне түсетін күш, төнетін қауіп ұлғаяды. Ендеше билік азаматтық қорғау органдары өкілдерін қорғап, қолдау қамын қазірден жасаса, жөн болар еді.