Елімізде киік көбейді. Жақсы үрдіске осыған дейін экологтердің еңбегі мен киікті атуға салынған тыйымның әсері болғаны сөзсіз. Бірақ салаға жауаптылар таяуда аяқасты күтпеген қадамға баруға ниетті екендерін көрсетті. Батыс Қазақстанда шаруалардың жерін киік таптап, еңбегі еш кетіп жатқанын бұған дейін айтып жүрген. Ақыры бөкендерді атуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұған қарсы шыққандар көп. Сонымен, қай тараптың пікірі ақылға қонымды, киік азайғаннан шаруалардың мәселесі шешіле ме? Әуелі мән-жайды қысқаша баяндап өтсек. Батыс Қазақстан облысындағы шаруалар «киік қаптап кетті» деп шағым айтқан соң «Ашық үкімет» сайтында заңға түзету енгізу туралы құжат жобасы жарияланды. Құжатта Экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған. Түзетулерді талқылау кезінде билік құжат толықтыруға жіберілгенін айтқан. Алайда алғашқы нұсқасы сол күйі сайттан алынбады. Негізі, талқылау 21 маусымда аяқталуы тиіс болатын. Маусымның соңында Экология министрлігі киік санын реттеу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Экология министрі Серікқали Брекешев Орал даласындағы киіктің 10 пайызын атуға рұқсат берілетінін айтқан. Соңғы есептерде онда 800 мың киік бары расталған. Демек, 80 мыңын атуы мүмкін. Жауаптылар бұл әрекетті «популяцияны сақтау және арттыру» деп айтты. Сол-ақ екен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін көтеріп үлгерді. Сөздерінше, өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Бірақ мұның нақты қалай жүзеге асатынын Орман шаруашылығы комитеті шешеді. Шынын айтқанда, Батыс Қазақстан облысында қанша киік барын нақты емес. Болжаммен 800 мың, бірақ төлін қосқанда 1 миллионнан асатыны айтылады. Жалпы, ел аумағында шамамен 1,3 миллион киік бар. Сонымен, киік көбейді, шаруалардың жері де ұлғайды. Кім кімнің жерін тапап жатқаны белгісіз. Киік атуға рұқсат берілді делік. Бірақ киіктің заңды атылғанын немесе мүйіз айналымын, киік санын кім бақылайды? Киік етін өңдеумен кім айналысады? Осы жағы түсініксіз. Минималды есеппен әр киік 30 келі ет беретін болса, 80 мың киік 2 млн 400 мың тонна ет береді. Әр келісін 1 000 теңгеден есептесек, 2,4 млрд теңге шығады. Қара нарықта қос мүйізі шамамен 150 мың теңге. Сонда 80 мың киіктің мүйізінен 12 млрд теңге пайда түседі. Терісін есепке алмадық. Ату, сою шығыны бар. Негізі, әркімнің қалтасына кетпесе, мемлекет үшін біршама табыс әкеледі. Қош, енді мәселенің өзіне оралайық. Экологтер неге наразы? Эколог Сәкен Ділдахмет киік санын реттеу жоспарын қолдап отыр, дегенмен биыл болмауы керек екенін айтады. Маманның ойынша, киік атуға мораторийді 2025 жылға дейін созған жөн. Киік саны 2-3 миллионнан асқанда реттеу жайын қозғай беруге болады-мыс. – Экология министрлігі киік атудың себебін шаруалардың шағымымен байланыстырды. Бірақ бұл салдары. 2015 жылы киік жаппай қырылған кезде популяция күрт төмендеді. Бөкендерді қорғаудың арқасында жыл сайынғы өсімді 40-50 пайызға жеткіздік. Сол кезден бері киік саны өсіп жатқанда Үкімет «егер 1 миллионнан асатын болса не істейміз?» деп сұрақ қоюы керек еді. Осындай мәселелер туындауы мүмкін деген болжам болуы қажет еді. Алдын ала еш жоспар болмады. Әкімдіктер ауылшаруашылық жерлерін бейберекет тарата берді. Ақыры киіктердің жайылымы тарылды, – дейді ол. Маманның сөзінше, бұл тұста бірнеше мәселе бар. Біріншіден, миграция. Үлкен тасжолдар мен теміржолдар киік миграциясын тежеді. Ал экодук салу мәселесін ешкім ескермеді. Соның кесірінен киіктер араласуы тежеліп, гендік мәселелер де шықты. Қазір бөкендердің көп ауруға шыдамсыз екені анықталған. Екіншіден, елде экологиялық ахуал нашарлады. Су қоймалары кеуіп жатыр. Киік те, мал да ішетін су азайды. Фермерлер «біздің суымызды ішіп қойды» дегенді жиі айтады. Негізінде, су меншікке жатпайды. Үшіншіден, биыл 80 мың киік ататын болса, шаруалардың мәселесі шешілмейді. Ақыры билік келер жылы бұдан да көбін қыруға мәжбүр болмақ. Төртіншіден, эколог біраз өңірді аралағанда егіндіктің көбі сонша, киік түгілі мал жайылатын жер жоғын көрген. Содан кейін киіктер амалсыз шаруалардың жеріне түсетінін айтады. – 80 мың киікті атқан күннің өзінде ет комбинаттарының өңдеуге күш-қуаты жете ме? Етті халықаралық нарыққа шығаратын болсақ, СИТЕС конвенциясы барын ұмытпайық. Сирек және құрып кету қаупі бар жануарлардың тасымалын реттейтін жүйе. Ол жерде арнайы нөлдік лимит бекітілген, олар рұқсат бермесе, біз киік етін жайдан жай сата алмаймыз. Сол үшін сыртқа тасымалдар алдында осы мәселені реттеп, лимит бекіту қажет. Тағы бір сауал – киік мүйізінен не дәрі жасалады, қандай ауруларға ем? Соны зерттеп, фармацевтикалық нарықты дамытуға болады. Сонымен, мораторий біткенде киік аңшылық түрге ауысып кетеді. Оған да лимит бекітілуі керек. Бәрі арнайы мекемемен реттелуі тиіс. Мұның бәріне әзірлік жоқ. Сондықтан мораторийді 2025 жылға ұзарту қажет. Егер барлық мәселені реттеп қойсақ, киік санын реттеуге қарсы болмас едім, – деді эколог. Сәкен Ділдахметтің сөзінше, негізі процестер табиғи жолмен реттелуі қажет. Бірақ экологиялық ахуалдың күрделенгені сонша, жануар санын реттеуге атсалысатын қасқырлар тым азайып кеткен. Кейбір өңірлерде мүлде жоқ. Ақыры табиғи процестерді адам қолымен реттеуге мәжбүр болыппыз. Киік жайылымы 5 есе қысқарған Оралдық қоғам белсендісі, журналист Нұрлыбек Рахманов өңірдегі шаруалар шағымдана бастағаннан-ақ жайылым жерлерді аралап, мамандардың пікірін зерделеп көрген екен. Ол қазір мәселеге байланысты біржақты ғана пікір барына қапалы. – Тек фермерлер зардап шеккен ұқсап айтыла бастады. Біріншіден, су мәселесі бар. Киік ішетін су жоқ. Нарын құмында су деңгейі төмендеген. Сосын киіктер қолдан қазылған тоғандарды жағалайды. Егісті таптамай қалай су ішсін. Бізде су көздері жетерлік. Гидрологиялық зерттеу жүргізіп, анықтаса, су тартылса, олар егінді таптамас еді. Екіншіден, 2007-2015 жылдар аралығында киіктің жайылымы 5 есеге қысқарған. Ал ауыл шаруашылық жерлері соңғы 15 жылда 30 есеге ұлғайған. Мұның бәрін әуелден Үкімет өзі жоспарлаған. Үшіншіден, шаруалар қуаңшылықты киіктен көретін негізсіз пікір шығарды. 826 қожалық дау айтқан. Енді қараңыз, биыл Жәнібек ауданында 21 ауылшаруашылық құрылымы ашылған. Алда өріске ортақтасатын тағы 26 қожалық ашылмақ. Жауаптылар «киік қорғау аймағынан жер бөлуге болмайды» деген заң жоқ дейді де, жерді шаруаларға үлестіре береді. Ауыл шаруашылық басқармасы жер бөлерде Экология министрлігінен рұқсат сұрамайды. 15 шілдеге дейін нақты шешім шығарыңдар деп отыр. Ал киік резерваты құмдауыт жерлерден берілген. Онда киік бармайды, – дейді ол. Оның айтуынша, жауаптылар мұндай қадамға әлеуметтік дүмпуден қорыққанынан барып отыр. Алғашқыда шаруаларға есебін білместен жер үлестіріле берген. Ақыры мәселені қолдан жасап алғандарын мойындағысы келмейді. Бұған қоса, киікті азайтуға шешім қабылдаған күннің өзінде дайындық жоқ. – Етті консервілеп, сатамыз дейді. Қайдағы, ветеринар мамандар зерттеу жүргізген жоқ, санитарлық мәселе ескерілмеді. Малдың терісін өңдей алмай отырып, киік терісін не істейді? Елімізде киік «Қызыл кітапқа» енбеген. Бірақ әлемде сиреп бара жатқан жануарға жатады, оның етін тасымалдау кей мемлекеттерде контрабандалық тауарға жатқызылады, – дейді Нұрлыбек Рахманов. Шаруалар да жоғарыға өкпелі Өңірдегі Жәнібек ауданына қарасты Қамысты ауылының тұрғыны, шаруа Бауыржан Сабанов шаруалардың киікке «өшігіп» отырмағанын айтады. Несібесін егін мен малдан айырып отырған жұрттың көбін айтқан ол киікті реттеу ұсынысын амалсыз қолдап отырғанын жеткізді. – Киіктер көктемде төлдейтін орын тауып алған. Бұрын олай емес еді. Қазір 3 ауылдық округтің жанында төлдейді. Қазір өздеріңіз келіп көрсеңіздер, түсінесіздер. Ауылдардың жаны толған киік. 200 гектар жерге егін еккенмін, соның 40 гектарын отап кетті. Біз шаруа ретінде киіктің көбейгеніне қарсы емеспіз. Әуелде жауаптылар мәселені реттеу керек еді. Шаруаларға оңды-солды жер таратылмау қажет болатын. Облысты киік резерватына 660 мың гектар жер бөлінген. 800 мың деген төлдемей тұрғандағы саны, миллионнан әлдеқашан асып үлгерді. Шаруалар жерін қоршап алсын дейді, ол қыруар шығын, егіндікті қоршауға мүлде субсидия жоқ. Мал шаруашылығының өзінде 20 пайыз ғана. Ол неге жетеді? Біз қоршайық, бірақ халықтың малы бар ғой. Қайда жайылады? Оның үстіне, киіктер осы кезде өздігінен ауруға шалдығып, өліп жатыр. Одан да санын реттеген абзал, – деді Сабанов. Биыл 80 мың киікті азайтқанымен, келер жылы бұдан да көбін қыруға мәжбүр болатынымызды Сабанов та айтып отыр. Сондықтан шаруа әуелде бәрін жүйелі жоспарламаған экология, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын кінәлайды.
ТҮЙІН: Байқағанымыздай, киікке жауығып отырған ешкім жоқ. Жөнді атқарылса, санын реттеуге де көбі қарсы емес. Тек екі мәселе жол тосып тұр. Біріншісі, шаруалардың киікке қатысты мәселесін атуды қозғамай-ақ шешу. Екіншіден, киік саны 2 миллионнан асқан соң жыл сайын реттеп отыру жайын жөнді қолға алу. Әзірге нендей шешім болары белгісіз, дегенмен биыл 80 мың киікті ату шаруалардың шағымын азайтпасы анық.