Павлодарда 22 жастағы жігіт өзін тастап кеткен қыздың ата-анасын пышақтап өлтірген
Павлодарда 22 жастағы жігіт өзін тастап кеткен қыздың ата-анасын пышақтап өлтірген
Фото: aqmeshit-zhastary.kz
2,281
оқылды
Оқиға Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Береговое ауылында болған, – деп жазады @Pavlodarnews.kz. Полиция департаментінің мәліметінше, 3 шілде күні сағат 02.10-да Мир көшесіндегі жеке үйдің ауласынан 46 жастағы әйел мен 48 жастағы ер адамның денесі табылды. Марқұмның бөлмеге тығылған кәмелетке толмаған баласы аман қалған. Күдікті ретінде 22 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Адам қолынан ажал құшқан әйелдің қызы, 16 жастағы Алинаның айтуынша,  ата-анасын 3 шілдеге қараған түні жеті айға жуық дос болған бұрынғы жігіті өлтірген. Сүйіктісі бетін қайтарған 22 жастағы жігіт қыздың анасы мен өгей әкесін пышақтап өлтірген. Бойжеткен сол түні Павлодардағы туыстарының үйінде қонғандықтан тірі қалған.
«Шамамен, бір ай бұрын оның есірткі қолданатынын білдім. Сондықтан онымен  қарым-қатынасты тоқтатуды шештім. Ол қарсы болды. Маған әлі бұл шешімім үшін қатты өкінетінімді айтты. 2 шілдеде мен Павлодарда болдым. Колледжге түсу үшін құжаттар тапсыруға дайындалдым. Түнде туысым маған қоңырау шалып, шұғыл түрде оралуым керек екенін айтты. Үйде анам мен өгей әкемді өлтіріп кеткенін білдім», – дейді Алина.
Қыздың сөзінше, туыстары оған оқиғаның мән-жайын айтып берген.
«Сол түні анам, өгей әкем, 13 жастағы бауырым үйде болды. Олар түнгі сағат бірге қарай отшашуды естіп, көшеге шыққан. Бауырым барғысы келмей үйде қалған. Біраз уақыттан кейін анам үйге жүгіріп келіп, оған жасырын деп айтқан. Бауырымды құтқаруға тырысып, көмек сұрап жүгірген. Ол аллеяға жеткен кезде бұрынғы жігітім оны қуып жеткен. Анам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Ол анамды қорғауға тырысқан өгей әкемді де өлтірген, – дейді Алина.
Бойжеткен күдікті ұсталғанымен, жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
«Бүгін оның анасы көмек ретінде ақша әкелді. Анасы жылап, ұлының ауырғанын айтты. Бәлкім, бұл есірткінің әсері болуы мүмкін. Бірақ бұл қатыгездікпен кісі өлтіргенін ақтамайды. Анамның бүкіл денесінде пышақ жарақаты бар. Бауырым екеуміз жетім қалдық. Ертең анам мен өгей әкемді өлтірген адам бостандыққа шығып, бізді де аман қалдырмайды деп қорқамын, – дейді қыз.
Аталған факті бойынша ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстың мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеумен Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы айналысады. Іс бойынша процессуалды прокурор тағайындалды.