2001 жылдан бері БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті әлемнің түрлі елдерінің электрондық үкіметіне (EGDI – E-Government Development Index) жасаған зерттеулерін ұсынып келеді. Бұл – БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің цифрлық даму деңгейіне баға беретін жалғыз жаһандық рейтинг. Осы рейтингте еліміз ТМД елдерінің арасында үздік шығып, жалпы есепте 29-позицияға ие болып отыр. Біздің бұл тәжірибеге Өзбекстан мемлекеті де асқан қызығушылық танытып отыр. БҰҰ-ның EGDI рейтингі адамдарға онлайн-қызметтер мен ақпараттан пайда табуға мүмкіндік беретін үш негізгі аспектіге негізделген. Олар – онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейі, телекоммуникациялық инфрақұрылым- ның даму дәрежесі, сондай-ақ адами ресурстардың (кадрлардың) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ілгерілету және пайдалану қабілеті. 2020 жылғы соңғы зерттеу көрсеткендей, бүкіл әлемде цифрлық мемлекеттік қызметтерді ұсыну айтарлықтай жақсарған. Рейтингке сәйкес, елдердің 84%-дан астамы кемінде бір онлайн-транзакцияны ұсынады, ал олардың орташа әлемдік көрсеткіші – 14 онлайн-транзакция. Бүкіл әлемде ұсынылатын ең көп таралған сандық қызметтер – жаңа бизнесті тіркеу, бизнесті жүргізуге лицензия алуға өтініш беру, туу туралы куәлік алу және коммуналдық төлемдерді төлеу. 2020 жылғы рейтингте Дания, Оңтүстік Корея, Эстония, Финляндия, Аустралия, Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, АҚШ және Нидерланды ТОР-10 көшін бастап шыққан. Қазақстан алғашқы отыздықта Сонымен, Қазақстан (29-орын) ТМД-да ең бір ілгері дамыған елдің бірі Ресей Федерациясының өзін (36-орын) артта қалдырып озып шықты. Алғашқы жүздікте Беларусь (40), Армения (68), Украина (69), Әзербайжан (70), Молдова (79), Қырғыз (83) елдері бар. Өзбекстанға келетін болсақ, ол 87 позицияға орналасқан. Өкінішке қарай, 2018 жылғы деректермен салыстырғанда 6 санатқа төмендеген. Ал Қазақстан, керісінше, есепті кезеңде бірден 10 позицияға жоғарылаған. Ал 2008 жылы Қазақстан рейтингте тек 81-орында тұрғандығын ескерсек, әжептәуір жетістік. Сонымен қатар теңізге шыға алмайтын елдер арасында Қазақстан EGDI ең жоғары көрсеткішімен бірінші орынды иеленді. Ал Азия елдері арасында Қазақстан Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және БАӘ-ден ұтылып, 6-орынға табан тірейді. Бұл ретте рейтингтің үш көрсеткішінің алғашқысын, онлайн-қызметтердің қолжетімділік деңгейін дамыту бойынша Қазақстан бірден ең жоғары 0,92 балл алды. Сондай-ақ Алматы қаласы жергілікті онлайн-қызметтер индексі деңгейі бойынша әлемнің 100 ірі қалаларының арасында 29-орында орналасқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде Ташкент те 56 орынға ие болып, осы топқа кіреді. Қазақстанның жетістік жолы қандай? Қазақстанға осындай елеулі өсімді көрсетуге және көшбасшылыққа шығуға не мүмкіндік берді? Мемлекет пен eGov жобасының операторлары елімізде цифрлық жаңғыртуды дамыту үшін көпжылдық күш-жігердің негізгі себебі екені анық. Қазақстандағы электрондық үкімет қызметтерінің тікелей интеграторы қазіргі заманғы инфокоммуникациялық технологияларды дамыту үшін құрылған мемлекеттік компания – «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі. Компанияның Басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов атап өткендей, ұйымның негізіне Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде Қазақстанға бейімделген және ТМД елдерінде баламасы жоқ жұмыс моделі таңдап алынған. Соның арқасында, электрондық үкіметті дамыту тұрғысынан қазіргі уақытта еліміз өте табысты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Тіпті, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің цифрлық үкімет жөніндегі басшысы Винченцо Акуароның өзі қазақстандық тәжірибені әлемнің басқа елдеріне тарату қажет деп атап өткен болатын. Егер 2006-2010 жылдары электрондық үкімет жобасы қарапайым ақпараттық ресурс болса, бүгінгі күні бұл толыққанды платформа. Оның көмегімен мемлекет жыл сайын миллиондаған мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындау процесінде халықпен өзара іс-қимыл жасайды. Жоғары нәтижелі сандар электрондық үкімет көрсететін қызметтер санының өсуін көрсетеді. Мәселен, 2012 жылы онлайн-режимде мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 11 пайыздан астамы, яки 77 түрі қолжетімді болса, бүгінгі таңда қамту 90 пайызға жақындады. Қазақстандықтар Электрондық портал арқылы 700-ден астам мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. Салыстыру үшін қарасақ, Өзбекстанда электронды форматта 300-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі ұсынылған.
«БҰҰ зерттеуінде аталып өткендей, 2018 жылы Қазақстан жоғары топтан өте жоғары EGDI тобына өтті. Осыған байланысты біздің еліміздің пайдасына тағы бір маңызды цифра көрініс тапты. Рейтингке сәйкес, Қазақстан барлық Азия елдері арасында 9-орынға және электрондық қатысу көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында 1-орынға орнықты. Бұл ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен азаматтарды саясатқа нақты тарту көрсеткішін айғақтайды. БҰҰ бағалауына сәйкес, электрондық қатысу мемлекеттік шешімдерді қалыптастыру мен қабылдауға, мемлекеттік қызметтер мен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге ықпал ету мүмкіндігінде көрініс табады», – деді Арман Әбдірасылов.Бүкіл әлемді қамтыған коронавирустық пандемия өз кезегінде онлайн режимінде мемлекеттік қызметтерді ұсынуға сұранысты арттырды. Күн сайын қазақстандықтар электрондық мемлекеттік қызметтерді пандемияға дейінгі кезеңнен 3 есе көп ала бастады. Қазақстанда төтенше жағдай кезінде ғана азаматтарға онлайн түрде 13,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақстан Электрондық қызметтер аудиториясын қамтудың өсу қарқыны бойынша да айтарлықтай алға шықты. Ал Өзбекстанда, қолда бар мәліметтерге сәйкес, өткен жылы бірыңғай порталда тіркелген пайдаланушылар саны миллионнан аз болған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2009 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде ғана 1000 есеге ұлғайып, 2009 жылы eGov порталындағы небәрі 10 960 пайдаланушыдан, 2019 жылдың соңына қарай 10 000 000 пайдаланушыға жеткен. Бұл елдің ересек халқының 70 пайыздан астамын қамтуға мүмкіндік берді, олардың саны Өзбекстанның жартысына жуығын құрайды. Бұл ретте біздің елдегі цифрлық қамту аясы тек электрондық үкімет сервисінің экожүйесіне ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндігі іске асырылатын барлық серіктес экожүйелерге – оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларына да қызмет көрсететінін атай кеткен жөн. Осы ретте оңтүстік көршіміз біздің тәжірибені өздерінде қолдануға мүдделі.