Біздің қазақ басынан не өткізбеді?! Небір нәубетті күндерді де кешті, аумалы-төкпелі аласапыран заманды да көрді. Бертіндегі Кеңес билігінің озбырлығына қарсы ұлт пен дін қайраткерлері тізе біріктіріп күресті. Алайда кеңестік биліктің репрессиялық шаралары елімізді аяулы арыстарынан, атпалдай азаматтарынан айырып, әрі-сәрі күйге түсірді. Қоғамдағы ымыра-ынтымақтың ұйытқысы, береке-бірліктің тірегі болған дін қайраткерлері де жазасыз қалмады. Оларды түп-тамырымен қопарып, тұқым-тұқиянына шейін құртқаны сонша, халқымыз өзінің асыл дінінен, ата салтынан, тамырынан ажырап қала жаздады. Дін ғұламаларының еңбектерін түгел тәркілеп, олардың атын айтуға тыйым салынды. Соның салдарынан қазақ руханияты едәуір құлдырап, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түп-тамырына қайта оралып, жоғалтқанымыз табылып, өшкеніміз жанды. Алайда бұл кезде де өзекті өртейтін өкініштер аз болған жоқ. Діннің шырағы болған діндарларынан түгел айырылып, асыл дінді аңсаған жұртқа жат ағымдар анталаған қасқырдай дүрсе қоя берді. Осылайша, халықтың руханиятқа енді бет бұрған сәтінде салт-дәстүрді тәрк ететін, дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзгеше талап қоятын жат ағымдар жұмысын жандандыра бастады. Олар дін төңірегіндегі талас-тартыстарды ұлғайтып, ел мұсылмандарын жік-жікке бөлуге тырысып бақты. Осындай кезде біздің дәстүрлі дінімізді жол нұсқар темірқазығы, өмірлік шырағына айналдырған дін ғұламаларының еңбектеріне зәру екеніміз байқалды. Дін ғұламалары салған сара жолды жалғай алмауымыз, олар қалдырған еңбектердің там-тұмдап қана табылуы, тіпті кейбірінің жойылып кетуі, түрлі себептермен еңбектерінің жинақ болып жарыққа шықпауы немесе кешеуілдеп шығуы қоғамдағы дін төңірегіндегі талас-тартыстарды одан сайын ұлғайтып жіберді. Соның салдарынан қарапайым жұрт кімге сенерін білмей, санасы санға бөлініп, жат ағымдардың жетегіне ергені жасырын емес. Шынында, дін ғұламаларының қалдырған еңбектері мен өнегелі өмір жолы – біз үшін рухани бағдар. Себебі ұлтымыздың рухани тұлғаларының шығармалары мен олардың дүниетанымы қазіргі жас буынға ерекше әсер етеді. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бабаларымыз салған сабақтастық жолын ары қарай жалғап келеді. Бұл өз кезегінде еліміздегі Ислам тарихын түгендеп, дін қайраткерлерінің бағдарын бағамдауға және ұлт ретінде ұйысуға зор мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақ топырағынан шыққан дін қайраткерлерінің еңбектері мен өмір жолын зерттеп-зерделеу арқылы Ислам дінінің біздің ғасырлардан бері рухани құндылығымызға айналғанын, бабаларымыз асыл дінді түсініп-ұстануға қатысты өзіндік көзқарасын, талғам-талабын қалыптастырғанын анық аңғарамыз. Сондықтан алдымызда асыл дінді шамшырағына айналдырған ардақты тұлғаларымыздың, дін және қоғам қайраткерлерінің өмірімен, шығармашылығымен етене танысып, өнегесін жаңғырту міндеті тұр. Қазақтан шыққан сондай сарабдал дін қайраткерлерінің бірі Файзулла қари Сатыбалдыұлы болатын. Ол 1883 жылы Торғай уезінің Батпаққара жерінде дүниеге келді. Әкесі де елге танымал дін қайраткері Сатыбалды ишан еді. Бала Файзулла алдымен өз әкесі Сатыбалды ишаннан ескіше хат таныды. Дамолла Кәтен, Оспан қожа, Науан хазірет секілді сол замандағы қазақ топырағынан шыққан дін ғұламаларының тәлімін көрді. 10 жасынан бастап Ташкент пен Бұхарадағы медреселерде оқып, діни білімін жетілдірді. Медреседе түркі тілдерінен бөлек, араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, Құранды толық меңгеріп, қари атанды. Файзолла қари 20 жасында елге оралып, туған жерінде бала оқытып, діни ағартушылықпен айналысты. Ағартушылықпен ғана шектелмей, сол уақыттағы қоғам өміріне белсене араласқан заманның заңғар тұлғаларымен пікірлес болып, елдің игілігі үшін еңбек етті. Қазақтың мұңын жырға қосып, жұрттың қамы үшін жан аямады. – Ей, қазағым, жан бауырым, туғаным, Сенің қамың – бала жастан қуғаным. Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң, Болмас еді менің-дағы арманым. Ей, қазағым, кештің тағдыр күрделі, Сендей болсын, болса бір ұлт зерделі! Құрбандығың болар едім жолыңа, Ел болсаң сен өз алдыңа іргелі! – деп қазақтың азат ел болуын армандап, зерделі ұлт болуын жырға қосты. Қазақтың қайраткер тұлғаларының басына төнген кеңестік нәубет Файзулла қариды да айналып өтпеді. 1928 жылы оны мұхтасиф болғаны үшін тұтқындап, Қостанайдың түрмесіне қамады. Содан бастап Файзулла қуғын-сүргінге ұшырап, тауқыметті кезеңдерді, жантөзгісіз қиындықтарды бастан кешті. Қуғынға ұшыраған қари 1935 жылы ғана қамаудан босатылды. Туған жеріне барса, тағы да қуғындалатынын сезген Файзулла қари одан ары Алматыға барып тұрақтады. – Қош елім, жерің-суың аман болсын, Ырысты, ынтымақты заман болсын. Бөлінбей жүзге, руға, бірлік сақта, Атағы атам қазақ ұран болсын! – деп қоштасып, амалсыз кете барды. Сол кеткеннен 1946 жылға дейін кіндік қаны тамған топырағына жете алмады. Кейін туған жерге оралып, ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра, жыр-дастандарын қалдырды. Файзулла қаридың қаламынан туған шығармалардың дені дін тақырыбын қамтыды. Оның «Көкірегім алтын көмбе», «Шерлі жылдар, шерулі жылдар» өлең жинақтарынан негізгі басымдық мінәжат жырларына, ғазалдарға берілгенін байқауға болады. Одан бөлек, Файзулла бірнеше діни дастандар мен поэмалар жазды. Сондай поэмалардың бірі – «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» деп аталады. Файзулла Сатыбалдыұлы бұл поэмасында мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын жырға қосқан. Файзулла қари өлең жазып қана қоймай, діни тақырыптағы бірнеше еңбек қалдырды. Өкінішке қарай, қаридың діни мұралары толық зерттеп-зерделенген жоқ. Сондықтан біздің алдымызда оның қолжазбалары мен ел аузындағы еңбектерін талдап-таразылап, ғылыми айналымға енгізіп, ел игілігіне ұсыну міндеті тұр. Себебі діни дүрбелең туғызған жат ағымдардың жалған ұрандарына Файзулла қари секілді ұлтымыздың ұлағатты ғалымдарының еңбектерімен ғана тойтарыс бере аламыз. Зерттеуші-ғалымдарымыз қазақ жеріндегі Ислам тарихына елеулі үлес қосқан дін қайраткерлерінің қызметі мен еңбектерін зерттеуге көңіл қойса, дәстүрлі дініміздің мерейін асырар ғибратты іс болары анық. Дәл қазіргідей шақта Файзулла қари секілді біртуар дін ғұламаларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектерін жарыққа шығару пайдалы іс болады деп білемін. Себебі Файзулла қари шығармалары «қазақта бұрын дін болған жоқ», «халықтың сауаты төмен болды» деген секілді ел арасында айтылып жүрген жаңсақ пікірлерді жоққа шығарар еді. Файзулла қаридың қай шығармасын алып қарасақ та, асыл дініміздің айналасынан алыстамайды. Қаридың өлеңдерін оқып отырып, оның хәкім Абайдың жырларынан қуат алғанын байқауға болады. Абай Құнанбайұлы діни сенімнің, жоғары ахлақтың асылы деп бағаланған үш сүю өлеңінде: – Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп жырласа, Файзулла қари «Есің болса, ер жігіт, Алланы сүй!» деген өлеңінде: – Бір Құдайдан басқаның бәрі бекер, Дүние – көзді алдаған бейне мекер. Есің болса ер жігіт Алланы сүй, Алдамшы бақ бір күні тастап кетер, – деп жырға қосады. Мұндағы қаридың «мекер» дегені қу, залым, айлакер, аяр, жылпос адамдардың табиғатын ашатын теңеу. Қазақ «Қарау адам – күншіл, мекер адам – міншіл» дейтіні содан болса керек. Осы екі өлеңде қолданылған «Алланы сүю» түсінігі рухани кемелдік деңгейін білдіреді. Сопылықта мұны «Фәнә филлаһ» мақамына жету деп түсіндіреді. Демек, біздің бабаларымыздың өлең-жырларында, басқа да еңбектерінде осы ұғымды қолдануы олардың асыл діннің рухын түсінгенінен, дінді талдап-таразылай алатын ақыл-парасатқа жеткенінен хабар береді. Сол секілді Файзулла қари хәкім Абайдың інісі Шәкәрім қажының шығармашылығынан да хабардар болып, рухани сырлас болғаны, жырларының сабақтасып жатқаны байқалады. Шәкәрім Құдайбердіұлы ар ілімі идеясын алға оздыру арқылы ішкі тазалыққа жетуді, сол арқылы Хақ Тағаланы тануды мұрат тұтты. – Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда? Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда? Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп, Береді бұл надандық кімге пайда? – дейді Шәкәрім. Осылайша, ол бойдағы жаман мінездің бәрін тәрк ету мен адамзатты бақытқа жеткізудің жолын іздеген болатын. – Көп пендеде жетпейді инсаният, Сол себептен жоққа тән ар мен ұят. Қарны тойса мәз болып тірлігіне, Кісілікті қылмайды мағрифат, – деп жырлайды Файзулла қари. Ол да Шәкәрім қажы секілді ардан аттамауға, ақиқат жолын іздеуге шақырады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «...менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы» деген болатын. Демек, Файзулла қари көп адамда адамдық жетіспейтінін алға тартып отыр. Сол секілді мағрифат – Алланы тану, білу, ойлау сатысы. Абайдың «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деуі хәкімнің мағрифат сатысына жеткенін білдіреді. Файзулла қари шығармалары арқылы дінді ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да түгел қамтыды. Қазақтың қария кісілерінің демі үзіліп бара жатқан кезде кейінгі ұрпағына табыстайтын бір аманаты, ақыл-кеңесі – өсиет айту деген жақсы жоралғы болатын. Кейінгілер сол өсиетті бұлжытпай орындайтын. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Жетпіс үшке келгенше, балталасаң да өлмеймін, Жетпіс үштен асқан соң, майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп өзінің өмірден өтер шағын дәл болжаған болатын. Дүниеден өтерінен бірер жұма бұрын сол кездегі өзіне көңілі жақын ауылдас серіктерімен бақұлдасып, ұрпақтарына Ескелдідегі биік таудың үстінде жерлеуді аманаттап, өсиетін айтып кеткен екен. Осыған ұқсас жағдай Файзулла қаридың да басынан өтті. Қари «Шүкір де Файзы, бұған да» өлеңінде былай жырлайды: – Жеті күннен соң өтесің, Фәниден мынау кетесің. Қиямет күні болғанда Алдыңнан нені күтесің?! Ақыл – мұхит, ой – терең, Қайғыға енді бол керең. Көрініп келді ажалың, Көрінбей келсе қайтер ең?! Мұны айтып отырған себебіміз, Файзулла қари дүниеден өтерін бір жұма бұрын біліп, ел-жұртымен қоштасып, кімнің арулап, жаназасын кім шығаратынына дейін өсиет етіп айтып кеткен. «Қирақайдың Молдағалиына» деген өлеңінде Файзулла Сатыбалдыұлы былай дейді: – Құрметті діні-досым Молдағали, Жігіт ең қатарыңда абзал, ғани. Аттандыр өз қолыңмен тәрбие ғып, Ағаңыз өтінуші Файзи қари. Сол секілді өмірінде жақсы сыйласқан Әлмұхамед мұхтасибтен жаназасын шығаруды сұрап, аманатын жырмен қалдырған: – Қолыңа алып осы қағазымды, Жеткізгін жалпақ елге уағызымды. Тапсырып ақ тәнімді қара жерге, Әлеке, өзің шығар намазымды. Қари ең соңғы жырында ел-жұртымен қоштасып, өзі үшін дұға тілеуін сұрап, жаны мәңгілік жай тапқан болатын. – Құлаған бәйтеректей қия-құздан, Қош, елім, кетіп барам араңыздан. Тілегім үш қайтара сұрайтұғын, Ескеріп, тастамаңыз дұғаңыздан! Дүниеден өткенше дініне берік болып, жыр-дастандарымен имандылықты ел-жұртына насихат еткен Файзулла қари осылайша бақиға аттанып кете барды. Қазақтың жарқын келешегі үшін күресіп, асыл дініміздің айбынын асырған Файзулла Сатыбалдыұлы секілді дін қайраткерлерін ұлықтап, өнегелі өмірі мен елеулі еңбектерін өскелең ұрпаққа үлгі, діни-рухани жолымызға темірқазық ету біздің мақсатымыз болмақ. Алла Тағала дін жолында аянбай еңбек етіп, тағдырдың талай тар шақтарын бастан өткеріп, асыл дініміздің бізге жетуі үшін бар күш-жігерін сарп еткен қазақтың қайраткер тұлғаларының жанын жәннаттан қылғай! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти