Петропавлда 22 жастағы бойжеткен 3 жылға сотталды
Петропавлда 22 жастағы бойжеткен 3 жылға сотталды
© sud.gov.kz
4,436
оқылды
Петропавлдың 22 жастағы тұрғыны аса ір көлемде есірткі сақтағаны үшін сотталды. Бойжеткен өмірінің 3 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Бұл туралы СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыскер өткен жылдың қараша айында жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұсталды. СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бойжеткеннен темекі шегуге арналған құралдар мен көк түсті кристалл тәріздес зат салынған екі полимерлік түйіншекті тәркілеген еді. Нәтижесінде сараптама аталған заттың «альфа-PvP», көпшілік арасында  «тұз» атауымен белгілі есірткі екенін көрсетті. Алынған заттың салмағы 2,9 грамды құрады, бұл аса ірі көлемге жатады. Қылмыскер ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Жыл басынан аталған бап бойынша 4 факті анықталды. Есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі полиция бөліністерінің басымды міндеттерінің бірі. Жалпы 6 айда облыста 109 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның 40-ы сату фактісі. Заңсыз айналымнан 267 түрлі есірткі заты алынды, оның ішінде 1,4 килограмнан астамы – синтетикалық есірткі», – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Иван Терзиди.
Мамандардың айтуынша, синтетикалық препараттарды қолданушылардың негізгі тобы – жастар мен жасөспірімдер. Ол мидың ауыр зақымдануына әкеп соқтырады. Бұл препараттарды қолдану кезінде бас тамырлары күрт тарылады.