«Нұрлы жүрек» көмекке зәру
«Нұрлы жүрек» көмекке зәру
Елордадағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көр­сету орталығын қосымша қар­жыландыру қажет. Ғима­ратқа көптен бері күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізіл­меген. Сонымен қатар қыз­мет­керлердің жұмысы ауыр болғандықтан соған лайықты жоғары төлемді талап етеді. Орталықпен танысқан Мә­жіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері осындай шешімге келді. «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бұл жерде балаларға стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Жәмила Нұрманбетова, Лариса Павловец және Бауыржан Сартбаев стационарға барып, мекеме басшылығы және ұжымы­мен кездесті. Мұнда халық қалаулылары ерекше балалар үшін қан­дай жағдай жасалғанымен танысты.
«Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, желдету және бейнебақылау жүйелерін, өртке қарсы жүйені орнату қажет. Сумен жабдықтау мә­селесі де бар. Сонымен қатар қызметкерлердің жалақысын көбейту қажет. Биыл 1 маусымнан бастап олардың жалақысы көтерілді. Бар болғаны 30 пайызға ғана. Бұл – шамамен 18-20 мың теңге. Қазір ауысыммен жұмыс істейтін мамандар барлық аударымды шегергеннен кейін айына шамамен 180 мың теңге алады. Күндіз жұмыс істейтіндер одан сәл аз. Олардың жұмысы өте қиын, сондықтан жалақыны одан әрі көбейту керек. Біз бұл мәселелер­ді қала әкімдігі шешіп берсе дейміз», – деді орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаев.
Мәжіліс депутаты Лариса Павловец «Нұрлы жүрек» орталығының түйткілді мәселелері қысқа мерзімде мәслихат пен қала әкімі алдында көтерілетінін айтты.
«Бұл жерге күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізу қажет. Осындай орталықтардың барлық кабинеті бейнекамерамен жабдықталуы керек. Өкінішке қарай, Білім бас­қар­масы мен Әлеуметтік қорғау бас­қар­масы бұған назар аудармайды. Қызметкерлерді қайта қарап, педагогтер санын көбейту керек. Қазір бір мұғалімге 5-6 баладан ке­леді, алайда бұл жеткіліксіз. Өз­герістерді жүзеге асыру үшін меценаттармен және еріктілермен жұмыс істеу керек», – деді Лариса Павловец.
Орталықта күрделі жөндеуден бөлек, медициналық жабдықтар мен спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту қажет. Ол туралы мәжі­лісмен Бауыржан Сартбаев атап өтті.
«Мұнда көп нәрсе ескірген және жаңартуды қажет етеді. Қыз­меткерлер алатын жалақы мөлшері аз. Олардың жалақысы соңғы уақытта 30 пайызға өсті, дегенмен бұл айтарлықтай жетістік емес. Жақын арада біз бұл мәселені көтеріп, өз тарапымыздан қосымша қаражат бөлуге ықпал ететін боламыз. Жыл соңында осы орталыққа тағы да келуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова халық қалаулылары инклюзивті қоғам құруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобаларын қарастырып, қолданыстағы заң­на­ма­ға өзгерістер енгіздік. «Ин­клюзивті білім беру туралы» заң да қабылданды. «Бала құқығы туралы» заң аясында оңалту орталық­тарын құру қарастырылды. Біз тек ауыр науқасқа шалдыққан балалар стационарында ғана болдық. Бірақ ауыр психикалық ауытқулары жоқ балалар да бар. «Инклюзивті білім беру туралы» заңды жүзеге асыру аясында олар арнайы психология­лық-педагогикалық комиссиялардан өткен жағдайда жалпы білім беретін мектептерге бара алады. Бұл заңдардың барлығына Парламент депутаттары, атап айт­қанда, біздің комитет мүшелері бастамашы болды», – деді Жәмила Нұрманбетова.

Азат ҚАЗАҚ