Алатаудың төсінен Сарыарқаның сайын даласына астананы көшіргенімізге де биыл – 24 жыл. Қас-қағым уақыттың ішінде еңсесін тіктеген елордамыз бүгінде әлем мойындаған қалалардың біріне айналып үлгерді. Жыл санап көркейіп жатқан қаланың бүгініне бір көз шалып өтсек
Арқа ажары арта түсті
Бас қала бүгінгі күні маңызды халықаралық басқосулардың ордасына айналды. Еңсесін енді ғана тіктеген алғашқы жылдардың өзінде ғана әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, ғаламдық мәселелердің шешілуін осы қалада талқылады. Атап айтсақ, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, қысқы Азиада ойындары, Шанхай әріптестік ұйымының саммиті, Әлемдік діндер басшыларының съезі, Астана экономикалық форумы, «EXPO–2017», Сирия ісіне байланысты Астана процесі секілді көптеген маңызды шара елорда төрінде өтті.
Көз алдымызда арқаның ажары болатын зәулім ғимараттар мен мәдени ошақтар күн сайын көбейіп жатыр. Әлемдік ғимараттардан қалыспайтын жаңа заманауи үйлер мен сауда орталықтары, демалыс орындарының саны артты. Елордамыздың символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр», «Думан» сауда-ойын-сауық орталықтары, Бейбітшілік және келісім сарайы, Министрліктер үйі, Қазмұнайгаз, Қазақстан темір жолы, «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды және «Қазақ елі» мемориалды, «Отан-Ана» секілді кешендер бой көтерді. Сонымен бірге әлемнің ең көрікті 10 мешітінің қатарына кіретін «Әзірет Сұлтан» мешіті де астанамыздың ажарына көрік беріп, халықтың рухани кемелденуіне зор септігін тигізіп келеді.
Сондай-ақ қала қонақтары мен тұрғындардың демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында саябақтардың саны да артты. Соңғы бірер жылдың өзінде қаланың іші-сыртында халықтың уақытын тиімді жұмсап, спортпен шұғылдану үшін түрлі бульвар мен сквер салынып жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін алғаш рет А.Мәмбетов көшесінде Demalys Promenade демалыс күнінің бірінші көшесі, «Театральный» жаяу бульвары, NS street life көше спортының колизейі ашылды. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер – жоспары аясында жүйелі негізде аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жалғасын тауып жатыр. Бұдан басқа, Есіл өзені жағалауының бойындағы саябақ, «Атырау» көпірінің астында және «Ататүрік» атындағы саябақта скейт-алаңдар салынды. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында Студенттер саябағында NS street life көше спортының колизейі орнатылса, Есіл өзенінің жағалауында Триатлон-саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қарайтын оқшауланған аралда жабдықталған. Сонымен қатар әр мамандыққа деген құрметтің белгісі ретінде дәрігерлер аллеясы, құтқарушылар саябағы да ашылды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Мысалы, өткен жылы елордада алғаш рет баскетбол, футбол алаңдары, үстел теннисіне арналған аймақтар, workout-аймақтар, скейт-аймақ және басқалары орналасқан көпірасты кеңістіктері пайда болды. Осындай жаңа қоғамдық кеңістікті ашу идеясы спортпен айналысу үшін жағымды атмосфера құру, басымдық бұқаралық спортты дамытуға жол ашпақ. Күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны айтарлықтай азайды. Балалар жылы аясында тозығы шыққан ескі балалар алаңқайларына да күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Былтырдың өзінде қалада осындай 200-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылса, бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Мұндай қоғамдық кеңістіктер бүлдіршіндер мен жастар үшін де, аға буын үшін де уақытын пайдалы өткізетін тартымды орталықтарға айналып келеді.
Сонымен бірге елорда маңындағы жас желек ағаштар бұл күнде бас қаланы жел-құздан қорғайтын әрі демалатын жасыл орманға айналдырды. Оның ішінде Сарыарқа табиғатына төзімді аң-құстардың басы көбейтілуде. Ажары ай сайын құлпыра түскен қалаға қонақ болып келген туристердің жақсы демалуларына жағдай жасайтын саябақтар мен демалыс орындары бір бөлек болса, келіп-кетуіне де барынша жағдай жасалған. Бұрын қала қонақтарына бір ғана теміржол вокзалы қызмет көрсетсе, қазір «Нұрлы жол» вокзалында да жолаушылардың ағыны көбейгенін аңғаруға болады. Былтырдан бері елордалықтар газ құбырының да қызығын көре бастады.
Өңірлер де өркендеуге үлес қосты
Орайы келгенде айта кеткен жөн, елорда күнінде әр облыс өз атынан тамаша сый жасау дәстүрге айналды. Мәселен, Алматы облысы қаладағы «Жетісу» саябағын, Атырау облысы «Атырау» көпірін тарту етті. Әрине, бұл біз айтып отырған өңірлердің бас қалаға тарту еткен бір-екі мысалы ғана. Сондай-ақ жыл сайын аймақтар жетістіктерін еліміздің бас қаласына арнап, елордаға келіп, мәдени өнер туындыларын көрсетіп жатады. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің барлық өңірі Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуіне өздігінше үлес қосты. Бүгінде бас қаламыз барша жұртымыздың ынтымақ-бірлігінің символына айналды.