Ауыл шаруашылығына кооперация керек
Ауыл шаруашылығына кооперация керек
© коллаж Еркебұлан Дүйсеболат
777
оқылды
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы серпінді дамып келеді. Әйтсе де, ұсақ тауарлық өндіріс бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені ұсақ тауарлы шаруашылық жүргізудің кеңінен таралуы және оның едәуір үлесінің жеке қосалқы шаруашылық деңгейінде шоғырлануы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру тұрақтылығына кері әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан да бұл мәселенің шешімі – өңірде қалыптасқан кооперативтік модельді кеңінен дамыта түсу. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев Сенаттың аймаққа ат басын тіреген Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауыл аймақтарын дамыту жөніндегі комитет депутаттарының отырысында баяндады. Шұрайлы шығыстың шаруашылық тынысы Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын 20 мың шаруашылық құрылым, яки заңды тұлға және 141 мың жеке адамдардың қосалқы шаруа­шылығы (ЖҚШ) бар. 20 мыңның 92%-ы – қожалық-фермерлік шаруашылықтар. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы үлесінде шаруашылық құрылымдары 52%-ды, жеке адамдардың қосалқы шаруа­шылығы 48 пайызды құраған. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде ірі кәсіпорындардың үлесі сәйкесінше 55%, 40% және 18% болды. Бұл ретте осынау көрсеткіштерді арттыра түсудегі бір кедергі жеке адамдардың шаруа­шылықтағы үлесінде, яки ұсақ тауарлы өн­дірісте болып тұр. Сондықтан да өңір бас­шы­лығы бұл мәселенің тиімді шешімін агро­коопативтерді дамытудан көріп отыр. Бұл ірі тауарлық шаруашылықтар мен кооператив­терді құруға шынайы мүмкіндік беріп, солардың есебінен ұсақ шаруашылықтардың ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және өткізу жүзеге асар еді.
«Облыста 2022 жылдың басындағы мә­лімет бойынша, 275 ауыл шаруашылығы ко­оперативі тіркелген. Олардың 14-і егін­шілік, 167-сі мал шаруашылығы саласында. Кооперативтердің құрамында 10 заңды тұлға, 90 жеке кәсіпкер, қожалық немесе фермерлік және 1912 үй шаруашылығы бар. Былтыр олар 60,7 млн теңгеге егіншілік өнімдерін, 152,1 млн теңгеге мал шаруашылығы өнім­дерін шығарған. Бұл 2020 жылмен салыс­тырғанда сәйкесінше, 199%-ға және 100,8%-ға артық. 2021 жылы облыстың 36 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 203,4 млн теңге субсидия төленді. Өңірде ауыл шаруа­шылығы кәсіпкерлігі мен кооперацияны одан әрі дамыту үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Өйткені агросекторда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенімізбен, ұсақ тауарлы өндірістің қанат жаюы шекараға таяу орналасқан шалғай аймақтарда, соның ішін­де Зайсан, Катон-Қарағай, Марқакөл және Тар­бағатай аудандарында ауыл шаруа­шылығының әлсіз дамуына әкеліп отыр. Бұл тұстағы тағы бір мәселе, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерде боп тұр. Одан бөлек, ветеринария және техникалық оқу орындарының филиалын ашу мәселесі де бар», – дейді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Шекара маңы аймақтарда жемшөп базасын қалыптастыру үшін қажетті суармалы жерлерді өндіріске қайтарудың бір проб­лемасы – магистралдық және шаруа­шылық­тардың арасындағы суару каналдарының нашар жағдайы, «Қазсушар» РМК ШҚФ-ның 6 гидротехникалық нысанының 2014-2016 жылдары басталған реконструк­ция­сының аяқталмай тұрғаны. Өңірде бруцеллез ауруының жыл сайын қайталануы да шаруаларды шығынға батырып тұр. Депутаттардан көмек сұрады Сенат депутаттарына осы мәселелерді жеткізген облыс әкімінің орынбасары оның шешімін де қоса ұсынды. Мәселен, шекара маңындағы агроөндірістік кешен субъек­тілерін қолжетімді субсидиямен қаржы­ландыру қажет. Республикалық бюджеттен «Ертіс» ӘКК-ның жарғылық капиталын шекара маңының бизнес өкілдерімен бірге ірі «жәкірлік» нысандардың құрылысына қатысу үшін 50 млрд теңгеге дейін толықтыру мүмкіндігі қарастырылса құба-құп болар еді. Мұндай «жәкірлі» жобалар – сүт тауарлық фермалар, асылтұқымды репродуктивті орталықтар, бордақылау алаңдары, қайта өңдеу кәсіпорындары, дайындау ұйымдары. Өйткені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржысы кепілдік қамту мүлкінің жоқтығынан, жер телімінің шалғайда орна­ласқандығынан, ұсақ шаруашылық өндіріс түріне байланысты көптеген ауыл­шаруа­шылық өндірушілеріне қол жетімсіз.
«Осындай ірі кәсіпорындардың айналасына ұсақ шаруашылықтар мен ЖҚШ-ның кооперация жасауына жағдай жасалып, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары құрылатын болады. Оған қаржыны ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «ШҚО-ны әлеуметтік-экономикалық дамы­тудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары» аясында қарастыруға бола­ды. Мұндай тәжірибе Солтүстік Қазақстан об­лысын­да бар. Тағы бір шешім – тағы да сол СҚО сияқты біздің облыста да еркін эко­номикалық аймақтар құру. Егер оны шалғай жатқан шекара маңында құрар мүмкіндік болса, салықтай жеңілдіктер есебінен инвестор тарту оңайға соғар еді. Суармалы жерлер мәселесіне келер бол­сам, ауыл шаруашылығындағы суды тиімді пайдалану мәселесін реттеумен айналысатын республика бойынша орталықтандырылған мемлекеттік орган құруды ұсынамыз. Өйткені облыстағы гидротехникалық нысандарды қайта жөндеуге «Қазсушар» РМК-ның қаржысы жоқ. Сондықтан да сіздерден республикалық бюджеттен алдын ала есеп бойынша шашамен 5 млрд теңгедей қаржы бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз», – дейді Ержан Ахтанұлы.
Облыс әкімінің орынбасары жыл сайын қайталанып, әр кезек 11 мың бас малды санитарлық союға әкеліп отырған бруцеллез ауруына қатысты құқықтық-нормативтік базаға толықтырулар енгізуді ұсынады. Нақ­тырақ айтқанда, бруцеллезге қарсы вак­цинаны бюджет қаржысы есебінен сатып алуға құқық беру қажет. Вакцинаны таңдау және қолдану құқын да сол әкімшілік округтың ветеринарларына беру керек. Бір сөзбен айтқанда, ветеринарлық препарат­тарды сатып алу процедурасы орталық­сыздандырылуы тиіс. Өйткені Ережедегі карантин жариялау үшін ПЦР тест тапсыруды міндеттеу, оның таралуының алдын алуды кешеуілдетіп отыр. Мұндай жұмыстарды атқаруға оның үстіне өңірде білікті вете­ринарлық дәрігерлер, зоотехниктер және тағы да басқа мамандар жетіспейді. Ал бұл мәселені шешудің бір жолы – шетелдердің техникалық оқу орындары филиалдарын ашу.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ