«Ойынхана кесірінен ажырасатын отбасы көбейді» – Шиелі тұрғындарының жанайқайы
«Ойынхана кесірінен ажырасатын отбасы көбейді» – Шиелі тұрғындарының жанайқайы
Фото: Видеодан скриншот
Қызылорда облысы Шиелі ауданы тұрғындарының айтуынша, өңірдегі ойынхананың кесірінен кейбір отбасылар ажырасып жатыр. Бұл туралы Astana TV хабарлады. Себебі тұрғындар «мұнда құмар ойын ойнатылғаны аздай, әр жұмада жалаңаш қыздар би билейді» деп ашынып отыр. Олар жергілікті биліктен ойынхананы жапсын деп талап етуде. Ардақ Қазақбайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында видеода аудандағы ойынханадағы жын-ойнақ таспаланған. Ардақ Қазақбайқызына видеоны танысы жіберіп, жолдасымен ажырасып жатқанын айтыпты. Себебі құмар ойынға еліткен жігіт «Лото клубтан» шықпайтын көрінеді. Оның үстіне, әр жұма сайын телефонына «сылқым қыздардың биін тамашалаңыз» деген мәтінде хаттар келіп тұратынын айтқан.
Шиелі ауданының тұрғыны Ардақ Сыздықова: «Міне, менің күйеуіме осы видеоларды жібергені үшін, болмаса шағым жазғаным үшін ылғи таяқ жеймін. Міне, мынау шектен шыққандық. Осы жұма күні осындай би болыпты дейді. Әр жұма күйеуінің телефонына SMS келеді екен», – дейді.
Ауданның бір топ тұрғыны клуб келушілерді құмар ойынмен ғана алдап-арбамайды, жалаңаш қыздардың биімен азғындап жатыр дейді. Сондықтан оның жабылуын талап етеді. Ал «Лото клуб» басшылығы «мұнда жын-ойнақтың шоуын ұйымдастырған жоқпыз» деп отыр. Аудан әкімдігі ойынхананы жабу туралы тұрғындардан жиі шағым түсетінін айтады.
Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов: «Аудан тұрғындары тарапынан бұл мәселе, отбасының бұзылуына, қоғамдық ахуалына әсерін тигізіп жатыр. Тақырыпты түрде тексеру, ішіндегі лоторея заңдылығына сәйкес келе ме, келмей ме тексеру құзыреті Шиелі ауданы әкімдігі құзырында емес. Біз аудан әкімдігі тарапынан, заңға сәйкес жабылуы бағытында тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз», – дейді.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, аталмыш «Лото клуб» заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. «Лицензияда көрсетілген қызметтен басқа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған жағдайда Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралған. Яғни, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін» делінген ресми хабарламада. Құзырлы органдар ойынхананы тексермек. Аудан тұрғындары ойынхананы жабу үшін соңына дейін күресеміз деп отыр. https://youtu.be/eOfW3xmjE1M