Соғыс ардагерлерін пайдаланып, 2-3 рет тегін пәтер алғандар бар – вице-министр
Соғыс ардагерлерін пайдаланып, 2-3 рет тегін пәтер алғандар бар – вице-министр
Фото: primeminister.kz
2,074
оқылды
Қазақстанда азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа механизмі әзірленіп жатыр. Бұған дейінгі пәтер кезегіндегі олқылықтарға жол бермеу үшін жаңа ұсыныс жан-жақты зерделенеді. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасындағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты. Вице-министрдің айтуынша, жаңа ұсыныста соңғы 10 жылда (Ескерту: қазіргі қолданыстағы заңда 5 жыл – ред.) баспана алуға өтініш берген адамның атында, меншігінде тұрғын үй болмауы керек.
"Себебі  Алматы облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атын, мүмкіндігін пайдаланып, үш рет үй алған азаматтар бар. Яғни, олар   құқығын бір пайдаланғаннан кейін 5 жыл өткен соң атындағы пәтерді сатып немесе біреудің атына құжат жүзінде өзгеге беріп, тағы да кезекке тұрады. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін пәтер алуға өтініш білдіретін адамның 10 жыл ішінде атында жылжымайтын мүлік болмауы керек деген ұсыныс енгізіп отырмыз», – деді  Еркебұлан Дауылбаев.
Бұған дейін Жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтілетінін хабарлаған болатынбыз.