Мағауин мектебі
Мағауин мектебі
422
оқылды
Бізді о баста Мағауин­мен табыстырған «Аласа­пыран» еді. Осы бір ұлы шы­ғарма елітіп, өзіне елік­тіріп әкеткен. Одан кейін де жазушы әлеміне талай сүң­гідік. Бірақ бізге «Ала­са­пыран» бәрібір биік тұ­ра­ды. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейін тұратын ұлы шығарманың бірі – осы. Былтыр Ресейдегі Рязань облысына қарасты Қасымов қа­ласында Жошы ұлысынан шық­қан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш-тақта қою рәсіміне «Аласапырандай» ұлы шығарма жазып, Ораз-Мұхаммедке сөзден ұмытылмайтын белгі қойған Мұх­тар Мағауин келе алған жоқ. Жазушының мұхиттың ар жағы­нан жолдаған хаты ғана жетіпті. Ол хатта: «Имаш қалқам! Наза­рыңнан тастамағаныңа рақмет! Көптеген игілікті шаруаға ұйытқы болып жатырсың. Бірақ мен қайткенде бара алмаймын. Мә­селе уақыт, жұмыс жағдайында ғана емес. Мен ұшақпен ұзақ са­парды көтере алмаймын. Сон­дықтан айып етпе. Әйтпесе, Ораз-Мұхаммедтің ескі жұртына отыз жылдан соң, тауап етіп қайт­қан жақсы болар еді. Өкпелеме. Өзіңе қашанда тілектес, Мұхтар ағаң. 5.Х.2019. АҚШ» деп жа­зылған. Хатты оқыған сәтте мұңайып, көзімізге жас үйірілген еді. Мұх­тар Мағауиннің елге ұшып келуі де қиындап қалғанын ойлағанда еріксіз күрсінгенбіз. Жазушы шетелге кеткенде, бір қиналған жүрек елге ұшып келуі қиындап қалғанын естігенде тағы бір қи­налды. Бұл – біздің сүйікті қалам­герге деген ерен құрметіміз еді.  

Жазушы елден неге кетті?

Мағауин шетелге неге кетті? Мұның жауабын жазушының өз сырынан анық табамыз. «Кейбір ағайындарымыз сияқты атақ шығарып, айғайлататын атаққұ­мар емеспін. Жазушының ең басты насихаты – көркем шы­ғармасы. Қазақтағы атақтың бә­рін алсам да, атаққұмар емеспін. Мен кеткелі сегіз жылға жақын­дады. Қазақта сөз бар: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желке­леп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай бо­лады. Мұхтар Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мы­салы, сондай өтіріктің бірі «Жұл­дыз» журналының 2006 жылғы 9 нө­мірінде «Мұхаммед пайғам­бардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды» деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе. Журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа ке­рексің, содан кейін, сыртқа кетуге тура келді. Арада бір-екі рет келіп кеттім, содан соң 5 жылдан кейін келіп отырғаным. Менің Үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағ­дайы да жоқ. Мысалы біздің Үкіметіміз, Қазақстан Үкіметі Ә.Нұрпейісовке журнал ашып берді, ол ақсақал екен дейік. М.Шахановқа журнал ашып берді, ол керемет екен дейік, Д.Исабекке журнал ашып берді, ол да классик екен дейік… Ал менің қолымдағы журналды тартып алды, әдеби журнал, финанс мекемесі емес, кеден бастығы емес, әдеби журнал, ішінде ешқандай саясат жоқ… Прагаға, баламның үйіне барып түскеннен кейін 7 күннен соң жазуға отырдым, алдымен шағын әңгіме жаздым. Онан кейін «Жар­мақ» деген көлемі үлкен болмаса да, салмағы ауыр роман жаздым. 18 күнде жаздым, 19 күнде кө­шіріп болдым» деп жазады.  

Мен әр сөзіме жауап­кершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін.

  Шетте жүрген жазушы қазақ әдебиетіне бірнеше шығарма берді. Соның бірі – «Жармақ». «Жармақ» романы Прагада ба­сылып, осы жаққа жетті. Одан ке­йін ғана «Шыңғыс ханға» отыр­ды. «Шыңғыс ханның» төрт кіта­бы да сөреміздің төрінде тұр. Өзі де: «Шыңғыс ханды жазудың себебі көп болды. Айтылмаған сөз қалған жоқ, бәрін айтқанбыз. Менің «Алтын дәптер» деген үлкен дәптерім болды, соның ішінде болашақта жазатын шы­ғармаларымның сұлбасы, сюжеті бір ауыз, екі ауыз сөзбен айтылған. Мысалы, 1963 жылғы «Аласапы­ранның» сұлбасы бар. 15, 20, 25 жыл­дан кейін жазылған шығар­малар бар. Бірақ «Алтын дәп­терде» «Шыңғыс ханның» сұл­басы жоқ. Өйткені совет зама­нында Шыңғыс ханның атын атамау керек, атайтын болсаң, жамандау ғана керек оны. Тек Жалел ад-Дин Сұлтан туралы деректі повесть жазам деп едім, Шыңғыс хан соның ішінде болуы тиіс, ол да жазылған жоқ кезінде. Шыңғыс хан – бүкіл әлемге та­нылған ұлы тұлға, ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет, империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Напо­леонмен де, ешқайсысымен салыстыруға болмайды, бәрінен жоғары. Бір таңғаларлық жағдай, 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдардың басында «Шыңғыс ханға» кірісуіме болар еді, цензура жойылған уақытта анталап тұр­ған, басқа да толып жатқан қазіргі заманға сай шаруалар болды. «Шыңғыс ханға» кірісер алдында мен қайран қалдым, Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан еді. Қазақ хандығы құрыл­ғаннан бастап, Шыңғыс хан әу­лие болды. Мұрат ақынның Қаз­туған айтты дегенінде: Бойында Қиыл, Жем-Сағыз, Қайран са­ланың жатқан аңғары-ай! Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! Кәпірден теңдік алуға Қайтып та келер деймісің, Мұсылманның баласы, Шыңғыстан туған хандар-ай! − дейді. Мұрат ақын Қазтуған айтты деп жырлап отыр. Мұрат − отар­шылдыққа қарсы өлеңдер, зар толғаулар шығарған азаттық жыр­шысы. Ал ғасырдың ба­сын­дағы Алаш Орда көсемдерінің бірі Ғұмар Қараш: Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қара қыпшақ Қобыланды туған ел. Ерегескен дұшпан, жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым саған не болды? – дейді, дәл осы сөзді қазір айтуға болады. Мағжан ақын: «Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды» дейді. Шәкәрім де осы­лай айтқан. Абай атамыз: «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өз еркімен қосылды» деп айтқан. Сұлтан­махмұт «қазақтар орыс, совет идеологиясы келіп жеткенге де­йін Шыңғыс ханды құрмет тұт­қан, қадір тұтқан» деп айтады. Біздің ұлттық санадан айы­рыл­ғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, ғылыми емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиясымен әбден милары уланған. «Ойбай, Шыңғыс хан – жауыз!» деп әлі айғайлап жатыр. Қазақы жағдай түсінікті, жетпіс жыл ішінде бар ұлттық санасынан айырылды, салт-дәстүрінен айырылды. Қы­мыз ішуді, құрт қайнатуды ұмыт­ты. Қазір моңғолдан келген аға­йындар құрт қайнатуды үйретіп жатыр, қымыз Орталық Қазақ­станда ғана сақталды. Мысалы, мен туып-өскен ауылда, Шұбар­тауда 20-30 жылдан кейін енді бие байлап отыр. Бірақ дәлелмен айтып жатқан кезде адамның ба­сына қону керек қой. Енді бұн­дағы қазаққа кінә қоймай-ақ қоя­йын. Арғы бетте, Қытайда 1 жа­рым миллион қазақ отыр. Еліміз бар, жұртымыз бар деп көңіліме үлкен медеу тұтатын едім. Олардың «Күлтегін», «Сен – қазақ» деген сайттарын қарап отырамын. Қытайдағы қазақ советтің идеологиясынан тыс болды, оның үстіне Қытайдың идеологиясында Шыңғыс хан − Ұлы Жуңго мемлекетін негіздеуші адам. Шыңғыс хан бастап, немересі Құбылай біржолата бекітті. Сонда сол жақтағы қазақ неге Шыңғыс ханды балағат­тайды? Қайран қалатын нәрсе. Бұл қайдан келді? Халықтың азып-тозып, ұлттық санадан бір­жола айырылғанының көрінісі. Бірақ басқа халық жоқ, осы ха­лықтың санасын ашу керек. Осы халықтың ішінде неше түрлі адамдар бар, санасы озық аза­маттар, жастар да көп. Арғы бетте де бар, бірақ азшылық, олардың аузын аштырмайды екен. Мен қатты қайран қалып, пұшайман болдым. Қытайдағы қазақтардың Шыңғыс ханды жамандағанына налыдым. Оған Шыңғыс хан жаман боп қалмайды, бүкіл дү­ниежүзі мойындап отыр, неше мың мақала, зерттеу жазылған, жүздеген кітап жазылған. Ағыл­шын, француз, неміс, американ, жапон жазды, бәрі Шыңғыс ханды өзіне тартады. Қазір орыстар Шыңғыс ханды славян болды деп өзіне тартып жатыр. Ал шын мұрагері, ұрпағы біздер одан қашып құтыла алмай жүрміз» дейді. «Шыңғыс хан» осындай ұлы ойлардан туды.  

Әдебиет қаулап өсуге тиіс

Мұхтар Мағауин де қиын-қыс­тау кезеңді бастан өткерді. Оның да шығармалары цензу­расының «қайшысынан» аман қалмады. Ол да пәтерде тұрды. Тиын санаған күндері де болды. Сол қиындықтарға қарамастан, жазудан, шығармашылықтан қол үзген жоқ. «Мен әр сөзіме жауап­кершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін. Бір мысал айтайын, «Көкбалақ» деген шағын романымда дом­бырашы шал ескі күйлерді жаз­дыру үшін ауылдан қалаға келеді. «Орыстың музыкасын тыңдағым келеді» дегеннен кейін оны бір таныс әнші қыз операға апарады. П.Чайковскийдің «Аққу көліне». Операны тамашалағаннан кейін шал: «Бұл Бекжанның күйле­рін­дей екен, қазақтың күйлері сияқты өте әдемі екен. Орыс та үлкен халық қой» дейді риза бо­лып, Сонда «орыс та» дегендегі «та» дегенді редакциядан өткізе алмадым. Шалдың ойынша, қазақтан үлкен халық жоқ. Ақы­ры «та» дегенді алып тастады. «Орыс – үлкен халық» деген ақымақшылық болып шығады екен. Бірақ оны екінші басы­лымдарында қалпына келтірдім. Айтайын дегенім, бұрындары жазушының сыртынан түзет­пейтін. Қазір сыртыңнан түзете салады. Бүкіл «совет» дегенді «кеңес», «колхозды» «ұжымшар» дей ме, әйтеуір...» дегені есте. Қазір мұндай қиып-қидалап жатқан цензура жоқ. Бірақ жастар әлі де «жағдай» тарылды деп ой­лайды. Мағауин шығарма жазған уақытта өмір сүрсе, қайтер еді деп ойлаймыз. Онда олар «Көкбалақ» секілді сүбелі шығарма жаза алар ма еді? Олардың архивте отырып, кітап кеміруге уақыты болар ма еді? Қайдам! Архив демекші, жазушының «Архив хикаясын­дағы» басты кейіпкер туралы әркім әртүрлі болжам жасап жа­тады. Біреулер оны Әлкей Мар­ғұланның прототипі деп санайды. Енді біреулер мүлдем басқа адам­ды көреді. Біз бірақ бұл кейіп­керден жазушының өзін көрер едік. Архив деген адамды өзіне тартып әкететін шыңырау секілді. Мағауинді де өзіне тартқан осы шыңырау болса керек. Архивте отырып, қағаз ақтармағанда «Ала­сапыран» өмірге келмес еді. «Шыңғыс хан» шығармасын жазу туралы ойламаған болар еді. М­ұ­ның бәрі сол шыңыраудың ар­қасында қол жеткізген дүниелер. Әңгімеміздің басында шы­ғармашылық, ой еркіндігі туралы текке айтқан жоқпыз. Жазушы бүгінгі қоғамды шығармашылық, ой еркіндігі бар деп санайды. «Еркіндік бар жерде әдебиет қаулап өсуге тиіс. Ал прозаның жағ­дайы біраз қиынырақ, оған оты­ру, жағдай, уақыт керек. Поэ­зияның дамуында ешқандай шек жоқ» дейді қаламгер.    width=

Есенберлин мен Марғұлан

Есенберлин туралы әдемі ес­телік жазылса, ол да Мағауинге тиесілі. Жазушы ұлы Есенбер­линмен танысқанда бар-жоғы 27 жаста еді. Ал Есенберлин – 52 жаста. Бұл кезде «Айқастың» шығып қойған уақыты. «Айқас» үшін жазушы талай айқасты. «Ол кісі төңкеріс жасады. Жұрттың бәрі Ілекеңнің тарихи роман­дарын айта береді. Бұл кісінің баспагерлік қызметі де ерекше, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын басқа арнаға бұрды. Расында, ол ғажайып адам еді. Орыстарда «хочешь нажить себе врага – сде­лай человеку добро» деген мақал бар. «Жау тапқың келсе, жақсы­лық жаса» деп аудардым оны. Жақсылық жасаған адамдардың ішінде бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі Есенберлинге жау болды. Бұл енді пендешілік» дейді жазушы. Ал Әлкей Марғұлан оның бірінші оппоненті болды. Еңбегін оқып, жазушыны қатты жақсы көрген екен. «Үнемі үйіне барып тұратынмын. Ескі тарих, әдебиет тарихы жөнінде әңгімелесетінбіз. Өте көп білетін ақсақал еді. Мен де білгішпін. Кейде ескі құжат­тарды, қолжазбаларды көрсетеді. Денсаулығы өте күшті еді, тәбеті де жақсы. Бір өкінішім бар. 1969 жылы ол кісі мені өзімен бірге бүкіл Сарыарқаны аралап шығуға шақырды. «Ұлытауды, Жезқаз­ғанды аралап, Жошы ханның басына барып, одан ары Қызы­ларай тауы, қысқасы, бүкіл Ар­қадағы бұрынғы жерлерді аралап қайтамыз. Бір айға жуық менің қасымда жүресің» деді. Ол кезде үш балам бар, бәрі кішкентай болатын. Мен ары-бері ойланып, бара алмайтынымды айттым. Баруым керек еді. Осы үлкен өкі­ніш болды. Екеуміз көп әңгі­мелесетінбіз. Елді бірге арала­ғандағы әсер басқаша болар еді. Кейін ол жердің бәрін көрдім. Бірақ Әлекеңсіз» дейді.  

Менің ең үлкен ұстазым – Мопассан

Мағауиннің ең биік шығар­масы қайсы дегенде, өз ойыммен кейде таласып қалатыным бар. Бірде «Құмырсқа қырғын» бәрі­нен керемет көрінеді. Кейде «Та­з­ының өлімін» қайталап оқыса­ңыз, «Әй, осы шығарманың жөні бө­лек-ау» деп ойлайсың. Одан ке­йін «Әйел махаббаты» алдың­ыз­дан шығады. Әйгілі «Шақан Ше­рісі» ше? Оны қайда қоямыз? «Көк мұнар» мен «Кесік бас – тірі тұ­лып хикаяты» романы да шоқ­тығы биік шығармалар. «Қыпшақ аруы» кесе-көлденең шығатыны тағы бар. Жалпы, жазушының әңгімелерінің өзі толық үш том болады екен. Әрқайсысы 25 баспа табақтан. «Қазақта менен көп әң­гіме жазған адам жоқ» деп санайтыны да содан болса керек. Жазушы әлемде төрт ұлы әңгі­меші бар деп есептейді. Ол қа­тарда Мопассан мен Чехов бар. Сосын оған Сомерсет Моэм мен Акутагаваны қосады. «Чеховтың бүкіл әңгімелері мінезге құрыл­ған. Ал Мопассан әңгімелері тағдырға құрылған. Әдебиеттің басты объектісі – тағдыр. Менің ең үлкен ұстазым – Мопассан. Үнемі оқимын, әрі таңғаламын, онда мінез де, тағдыр да, табиғат та бар. Моэм – осы екі жазу­шы­ның қосындысы, ол – ағылшын жазушысы емес, француз бен орыстың арасынан шыққан жазу­шы. С.Моэм Францияда тұрған, француз әдебиеті мен орыс әде­биетінің ықпалымен қалыптас­қан. Акутагаваның әңгімесі мүлде басқа тұрғыда, мен Аку­тагаваға жете алмаймын, қал­ғандарымен таласуыма болады. Мопассанның екі ұстазы – Фло­бер мен Тургенев болды. Тур­генев орыс әдебиетінде бі­рінші болып шетелге танылды да, Тол­стойдан тартып орыс әде­биетін на­сихаттады. Өйткені ұлы адам­дарда қызғаныш деген бол­май­д­ы» деген ой айтады жазушы. Оның ұстазы Мопассан болса, Мағауинді ұстаз санайтындар да жетерлік. Оның шығармашы­лығын биік бағалап, оң бағасын берген қоғам қайраткері Алтын­бек Сәрсенбаев бір жазбасында: «Егер Қазақстанда әдебиет, мә­дениет қайраткерлеріне ең жо­ғары атақ беру керек болса, «Ха­лық қаһарманын» Мұхтар Ма­ғауинге беру керек. Себебі тота­литаризмнің тұсында «өткеніңді ұмыт, кеңестік дәуірге қызмет ет» деп жан-жақтан күштеп жат­қанда, бұл кісі өзінің басын қауіп-қатерге тігіп жүріп, халқымыздың әдебиет тарихын үш ғасырға әрі жылжытты. Көне дүниенің мұра­лары үшін басын қатерге байлады. Бұл – үлкен ерлік. Сол үшін жеке басында көп қиындық болды. Мағауиннің осы ерлігі тәуелсіздік алған он төрт жылдың ішінде де аса еленбей келе жатыр», – деп жазады.  

P.S.

Біз «Абай мектебі» туралы айтамыз. Ал «Мағауин мектебі» туралы бір адам сөз еткен жоқ. Мұхтар Мағауин мектебі – Азат­тық пен қазақтық мектебі. Ке­зінде есігі тарс жабылған мектеп. Қайта ашыл­масын деп қара құлып салынған мектеп. Жазушы осы мектептің есігін таласып, тартысып, айтысып, айқайласып жүріп ашып берген адам.

Оның «Ұлтсыздану ұраны» – осы мектептің әліппесі іспеттес. «Аласпыраны» мен «Шыңғыс ханы» – тарих оқулығы. 24 том­дық мұрасы – осы мектептің оқу­лықтары. Біз елдік, ұлттық, қазақтық санаға қайта ораламыз десек, ең алдымен Мағауин мек­тебінің табалдырығын атта­ға­нымыз дұрыс. Қазіргі «Рухани жаң­ғыру» деген нәрсенің ғылы­ми, әдеби, мәдени өрнектерінің бәрі Мағауин еңбектерінде тұр. Тек соны оқуға, білуге, зерттеп, зерделеуге құлық пен ниет болса!..

Мағауин мектебінде қазір оқушы аз. Он, жиырма, отыз бо­луы мүмкін...

Уақыт келеді: Мағауин мек­тебінде оқуға миллиондар құлшынатын болады!

   width=Гүлзина БЕКТАС