Павлодарлық тұрғын жарты миллион долларын букмекерлік кеңсеге жұмсап жіберген
Павлодарлық тұрғын жарты миллион долларын букмекерлік кеңсеге жұмсап жіберген
Павлодардағы оңалту орталығында лудоманиядан емделіп жатқан науқас кейінгі 10 жылда жарты миллион долларын букмекерлік кеңсеге жұмсап жіберген. Бұл туралы 29 жастағы Руслан "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Достарымызбен жүріп, барда жиналып, онлайн матч, трансляция қарап, жанкүйер болып, уайымдап, артынан ол қорқыныш  тәуелділікке айналды",  – дейді ер адам.
Оның айтуынша, мың теңгеден басталған ұтыс жүздеген мыңға ұласқан.
"Бастапқы 2-3 жыл менің отбасылық, жеке өміріме әсер етпейтін, себебі өзімді, тіккен соманы бақылай алатынмын. Артынша уақыт өте келе қыруар қаражат жеңіле бастадым, қарызға кіріп, несие алып, отбасымды алдап жүрдім",  – дейді Руслан.
Жыл сайын Павлодардағы орталыққа 700-800 адам осындай проблемамен жүгінеді. Мамандардың сөзінше, бұл тәуелділікті бақылауға болады, бірақ ол үшін көп күш жұмсау керек.