«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы игерілмей бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтаруды қадағалайды. Бұл туралы «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Facebook-тағы парақшасында жазды.
«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен белсенді айналысады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті.
Жер комиссиясының құрамына: партия хатшысы Дәулет Кәрібек, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаттары Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов және Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Ғалым Байтоқ, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай сынды басқа да тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері кірді.
Апта басында партия Төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысы, оның ішінде комиссия қызметі туралы да ақпарат берді.
Соңғы бірнеше ай ішінде партия мүшелерінің күшімен Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы 160 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жер мәселесін жедел шешу үшін қазақстандықтар бүгіннен бастап барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефоны арқылы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +77008004441 нөмірі бойынша қабылданады.«Жер аманаты» комиссиясының жұмысы еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.