ЕҚЫҰ Бас хатшысы Тоқаевтың реформаларын зерделеу үшін Қазақстанға келеді
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Тоқаевтың реформаларын зерделеу үшін Қазақстанға келеді
286
оқылды
Сенаторлар Асқар Шәкіров, Ғұмар Дүйсембаев, Дүйсенғазы Мусин, Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан және Айдос Сарым құрамына енген ҚР Парламентінің делегациясы биыл 2-6 шілдеде Бирмингем қаласында (Ұлыбритания) өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жазғы сессиясына қатысты. Онда қазіргі халықаралық жағдай мен қазіргі заманғы сын-қатерлер тұрғысында парламентаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстандық парламентшілер Саяси мәселелер және қауіпсіздік; Экономика, ғылым, технологиялар және қоршаған орта; Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы үш комитеттегі сессияға қатысушыларды Қазақстандағы қазіргі заманғы халықаралық күн тәртібін жүзеге асыру, оның ішінде қоғамды жан-жақты демократияландыру, жасыл экономиканы дамыту және елдің көміртегінен бейтарап болуына қол жеткізуі саласында қабылданып жатқан шараларды таныстырды. Арал теңізінің проблемасы да халықаралық қоғамдастықтың назарына ұсынылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, сессия аясында «Құбылмалы әлем және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында Жаңа Қазақстанды құру» сайд-ивенті өтті. Қазақстандық делегация шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Екінші Республиканы құру мақсатындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымды бағдарламасын ЕҚЫҰ парламентшілеріне таныстырды. Сессия аясында Парламенттік Ассамблея Төрағасының орынбасары, Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Арнаулы өкілі Асқар Шәкіров дайындаған «БҰҰ-ның ЕҚЫҰ аймағында орнықты даму саласындағы мақсаттарын жүзеге асыру» қарары қабылданды. «Бирмингем декларациясы» сессиясының қорытынды құжатына енген бұл іс-қимыл бағдарламасында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің парламенттеріне ОДМ-ды мемлекеттердің қызметіне кіріктіру, ұлттық даму жоспарларын жасауда олардың тиімділігі мен сындарлы болуын арттыру және орындалуын бақылауға бағытталған күш-жігерге қарқын беруге шақыру қамтылған. Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Польша, Аустрия, Әзербайжанның парламенттік делегацияларымен екіжақты келіссөздер жүргізіліп, онда парламентаралық өзара іс-қимылды ұлғайту және оны іс жүзіндегі мазмұнмен толықтыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Өткен кездесулер шетелдік әріптестердің Қазақстанда болған оқиғаларға ерекше назар аударып отырғанын және Қазақстан мемлекетінің басшысы жүргізіп жатқан жан-жақты реформаларды қолдайтынын көрсетіп отыр. Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы диалогты одан әрі дамыту тұрғысында осы ұйымның Бас хатшысы Хельга Мария Шмид Қазақстанға келу ниеті туралы хабарлады. Сессияға қатысушылар әлемдік саясатта парламенттердің рөлі өсіп келе жатқаны, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді. Сессия соңында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының сайлауы болды, оның қорытындысы бойынша Маргарет Седерфельт бір жыл мерзімге қайта сайланды.