Бабалардан қалған аманат
Бабалардан қалған аманат
714
оқылды
Елорда күнінде Қаламгерлер аллеясында «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің ұйымдастыруымен ұлттық дәстүрмен үндескен «Бабалар аманаты – ұрпаққа мұра» атты тағылымды мерекелік шара өтті. Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі мен Тілдер және архив ісі басқармасының қолдауымен өткен мерекеде ата-әжелермен қатар, кішкентай балғындар да өнер көрсетті.  width= Ұлағатты ата-әжелеріміз ұрпаққа аманат болған ұлттық құндылықтарымыз туралы әңгімеледі. Жазушы Жұмашәріп Шаһадатұлы ертегі, Қажымұрат Нәсиұлы шежіре айтса, кезінде палуан болған Өркен Нәсіпбекұлы жас жеткіншектерге ұлттық күрес туралы әңгімелеп берді. «Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі атынан Өтеген Айшуақов бата беріп, жас ұрпаққа ұлағатты ой айтты. Амангелді Мәукенов атамыз белбеудің мән-мағынасы, қасиеті жайлы балаларға түсіндірді. Шебер Қаламшәріп Шаһәдатұлы ұлттық қолөнеріміз қамшы өруді көрсетті. Әжелер дәстүрімен ұршық иіру, тоқыма тоқу сияқты әдемі көріністер де ұсынылды. Ақ жаулықты әжелеріміз Күләш Қайланқызы ертегі оқып, Бақытгүл Қабдешқызы тоқыма тоқудан шеберлік сағатын өткізді. Тілдер және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Молдабаева, Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкен шара қонақтарын елорда күнімен құттықтады.
– Мерекелік шарамыздың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтар негізінде ұрпақтар сабақтастығын көрсету. Санамыздан көмескіленіп бара жатқан ата-әже институтының орнын, баланы шығармашылыққа баулудың маңызын, ұлттық ойындар арқылы салауатты өмір салтын ұстанған бақытты, дені сау, ең бастысы саналы ұрпақ өсіру қажеттігіне назар салу. Салт-дәстүр – біздің ұлттық болмысымызды айқындап, жаһандану заманында өз бет-бейнеміз бен қадір-қасиетімізді сақтап қалар жалғыз қалқан. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз, қастерлеуіміз қажет, – дейді «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы.
 width= Шара барысында қобызшы әже Бақытгүл Кәрібай қобызда күй төкті, көркемсөз оқу шебері Ғылымхал Манайұлы жыр оқыды. Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-гимназиясының оқушылары Елнара Ергеш «Ерке сылқым» биін билесе, Қобыланды Мүбәрак күй орындады. №38 мектеп-лицейінің оқушылары Аңсар Данияров пен Рәмина Даниярова, «Ер төстік», «Президент Кидс» балабақшаларының балғындары әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, этнодизайнер Мәдина Қуандықтың қолынан шыққан ұлттық бұйымдардың сатылым көрмесі өтті. Ұлттық балалар боямақтарының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ол жерде үштілді «Қазақтың ұлттық ойындары», Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Бір уыс мақта», Абай Құнанбайұлының «Шегіртке мен құмырсқа» балалар әңгімелеріне, «Есек пен бұлбұл» мысал өлеңдеріне құрылған балалар боямақтары көрмеге қойылды. Балалар көлемді боямақтар бояп жарысқа түсті.  width= Тағылымды кеш соңында шара қатысушыларына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ кішкентай балғындарға ертегі кітаптар сыйлыққа берілді. Мерекелік жиыннан балалар ғана емес, үлкендер де мәре-сәре боп, қуанышты көңілмен тарқасты.

Венера Мұратқызы