Қоғамдық бақылау – сапа кепілі
Қоғамдық бақылау – сапа кепілі
403
оқылды
«AMANAT» партиясының Түркістан облысы Сарыағаш аудандық филиалының тө­рағасы, аудан әкімі Мұхит Отаршиев лездемелік мә­жілісте дербес бөлім басшы­лары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына тұрғындармен бірге қоғамдық бақылау жүр­гізуді тапсырған болатын. Осыған орай Құркелес ауылдық округі және Жаңаталап елді мекеніндегі көшелерге асфальт және шағал төсеу жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов арнайы барып, ауыл тұрғындарының қатысуымен қоғамдық бақылау жұ­мыс­­тарын жүргізді. Қоғамдық ба­қылауға ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Құркелес ауылдық округінің әкімі, сон­дай-ақ мердігер және техни­ка­лық қадағалаушы мекемелер­дің басшылары қатысты. Қоғамдық бақылаудың мақсаты – жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын ауыл тұрғындарымен бірге қадағалау және тұр­ғындардың ұсыныс-пікірле­рін ескере отырып жұмыс жүргізу. Қоғамдық бақылау барысында аталған елді мекендегі Наркөшкен, Серуен және С.Сейфуллин көшелеріндегі асфальт және шағал төсеу жұмыстарында кем­шіліктер анықталып, техникалық қадағалаушы және мердігер мекемелерге қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Көрсетілген кемшіліктер биылғы 11 шілдеге дейін қайта қалпына келтірілмеген жағдайда мердігер мекемеге келісімшарт негізінде айыппұл және сотқа талап-арыз­бен жүгіну шаралары қолданылатыны ескертілді.
«Аталған жол жөндеу жұмыс­тарының қаржысы мердігерге төленбеген және нысан пайдалануға қабылданбаған. Кемшіліктер қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары сапалы біткен соң ғана мердігер мекемеге қаржы төленіп, нысан пайдалануға қабылданады. Ауыл билері немесе аудан тұрғындары жол жөндеу жұмыстары барысында сапасыз құрылысқа куә болып, ауыл әкі­міне немесе жол бөлімінің басшысына хабар берсе, әкімдік та­ра­пынан тез арада қажетті ша­ралар қабылданады. Оған қоса, мұндай қоғамдық бақылаулар аудан аумағында жүргізіліп жат­қан барлық құрылыс жұмыстарында жүргізіледі», – деді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов.
Айта кетсек, биыл Жаңаталап елді мекеніндегі 2 көшеге асфальт, 12 көшеге шағал төсеу жұ­­мыстары жүргізіліп жатыр.

Азат ҚАЗАҚ