«AMANAT» партиясының Түркістан облысы Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мұхит Отаршиев лездемелік мәжілісте дербес бөлім басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына тұрғындармен бірге қоғамдық бақылау жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай Құркелес ауылдық округі және Жаңаталап елді мекеніндегі көшелерге асфальт және шағал төсеу жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов арнайы барып, ауыл тұрғындарының қатысуымен қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық бақылауға ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Құркелес ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары қатысты. Қоғамдық бақылаудың мақсаты – жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын ауыл тұрғындарымен бірге қадағалау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс жүргізу. Қоғамдық бақылау барысында аталған елді мекендегі Наркөшкен, Серуен және С.Сейфуллин көшелеріндегі асфальт және шағал төсеу жұмыстарында кемшіліктер анықталып, техникалық қадағалаушы және мердігер мекемелерге қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Көрсетілген кемшіліктер биылғы 11 шілдеге дейін қайта қалпына келтірілмеген жағдайда мердігер мекемеге келісімшарт негізінде айыппұл және сотқа талап-арызбен жүгіну шаралары қолданылатыны ескертілді.
«Аталған жол жөндеу жұмыстарының қаржысы мердігерге төленбеген және нысан пайдалануға қабылданбаған. Кемшіліктер қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары сапалы біткен соң ғана мердігер мекемеге қаржы төленіп, нысан пайдалануға қабылданады. Ауыл билері немесе аудан тұрғындары жол жөндеу жұмыстары барысында сапасыз құрылысқа куә болып, ауыл әкіміне немесе жол бөлімінің басшысына хабар берсе, әкімдік тарапынан тез арада қажетті шаралар қабылданады. Оған қоса, мұндай қоғамдық бақылаулар аудан аумағында жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстарында жүргізіледі», – деді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов.Айта кетсек, биыл Жаңаталап елді мекеніндегі 2 көшеге асфальт, 12 көшеге шағал төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азат ҚАЗАҚ