Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры гастрольдік сапармен Нұр-Сұлтан қаласына келді. Өнер ұжымы «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасын көрерменге ұсынды. Ақын Светқали Нұржанның пьесасы негізінде қойылған спектакльде, аты айтып тұрғандай, есімі аңызға айналған қолбасшы әрі батыр Едіге туралы баяндалады. Оның ат үстіндегі кезеңінің бір бөлігі негіз етіп алынған қойылым елімізде алғаш рет сахналанған. Қоюшы режиссері – Халықаралық фестивальдардың лауреаты, көпшілікке театр және кино актері ретінде белгілі Данияр Базарқұлов. Аталған спектакльдің басқалардан ерекшелігі, мұнда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері де өнер көрсетеді. Атап айтсақ, «Арайлы Ақтөбе» ансамблі мен Қазақ камералық хорының әншілері фольклорлық туындыларды әуелеткен. Режиссердің айтуынша, әдетте тарихи тұлғаға арналған спектакльдерде басты кейіпкерге ғана бар назарды салып, қалғандары соның көлеңкесінде қалып қойып жатады. Бұл жолы Едігенің жанында жүрген Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Сыпыра жыраудың да болмыс-бітімін ашуға көңіл бөлінген. Сол арқылы Данияр Базарқұлов алып тұлғалардың арасында жүру басты кейіпкерге тек оңды әсер еткенін, «жігітті жолдасына қарап тану» керектігін меңзепті.
– Менің ойымша, бұл – Едіге батырды көпшілік қауымға насихаттаудың бастамасы. Енді, дүниежүзі бойынша осы тарихи тұлғаның ерлігін, жүріп өткен жолын кеңінен таныстырсақ, артық болмас еді. Сондай-ақ спектакльде біз автордың идеясын ғана жеткізгенімізді баса айтқым келеді. Әйтпесе, Едіге батыр туралы жырлар, оның өміріне қатысты нұсқалар да көп, – деді қоюшы режиссер.Айта кету керек, «Ер Едіге» тарихи драмасы – қазақ тарихындағы ең жарқын кезең Алтын Орданың 750 жылдығы аясында сахналанған. Едіге – қайсар мінезді қолбасшы, Алтын Орданың соңғы әміршісі. Ақтөбе облыстық драма театры батырдың есімін жаңғырту мақсатында елді аралап, «Ер Едігені» Алматыда да қойыпты. Алатаудың баурайындағы көрермен қойылымды ыстық ықыласпен, ерекше қошеметпен қарсы алыпты.
– Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрын еліміздегі атақты театрлардың бірі деп есептеймін. Міне, бүгінде «Ер Едігені», жалпы тарихты көрсетті. Қойылым режиссерінің шеберлігі көрінді, көркемделуі өте жақсы болды. Осы театрдан үлкен үміт күтемін. Алдағы уақытта да халықтың көңілінен шығатын осындай кесек дүниелерді жарыққа шығарады деп сенемін, – деп батасын беріпті халық әртісі Асанәлі Әшімов.Астаналық ағайын да алыстан келген өнер ұжымының еңбегін жоғары бағалады. Қойылымның әсерлі болғаны сонша, соңында көрермендер ұзақ қошемет көрсетті.