Шығыста алапат өрт болды. Алакөл жағасындағы өртеніп кеткен демалыс орындарының қожайындары шаш етектен шығынға батты. Тілсіз жаудың кесірінен бір ғана кәсіпкердің өзіне 150 миллион теңге залал келген екен. Өрт кезінде төрт база мен 20-ға жуық ғимарат күлге айналды. Ендеше кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек берген дұрыс па? Мәжіліс депутаты Берік Оспанов бұл оқиғаны облыс үшін төтенше жағдай деп атауға болатынын айтады. – Берік Серікұлы, дәл бір туристік маусымның қызған шағында Алакөлдегі демалыс базаларында шыққан өрт кәсіпкерлерге төтеннен тиген соққы болды. Осылай қиналып қалған шақта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай көмек болуы керек деп санайсыз? – Әуелі бұл жерде өрттің шығу себептерін анықтап алу қажет. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Ал мемлекет тарапынан қолдау керек пе дегенге келсек, әрине керек! Әйтсе де, кәсіпкерлер бірінші кезекте өздерінің демалыс аймақтарын алдын ала сақтандыру мәселесін қарастыруы тиіс. Себебі сақтандырған жағдайда осындай өрт немесе басқа да қауіпті жағдайлар туындаған кезде, шығындарды келіскендеріне қарай сол компаниялар өтеп береді. Бұл – кәсіпкерлердің жауапкершілігі. Екінші кезекте айтарым, өкінішке қарай сол құрылыстарды жүргізген кезде өрт қауіпсіздігін кәсіпкерлердің көпшілігі сақтамаған. Сол себептен де осындай өрт болған жағдайда, оның салдары үлкен қиындықтарға алып келіп отыр. Төрт демалыс аймағы өртеніп кетті дегеніміз осы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарағаннан болып тұр ғой. Сондықтан да бірінші кезекте мемлекетке де, кәсіпкерлерге де осы мәселелерге назар аударғаны өте маңызды. Қалай болғанда да, бұл оқиға үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Өртке оранған нысандардың шығындарын өтеуді мемлекетке тікелей артып қою, негізсіз болар деп есептеймін. Әйтсе де, жергілікті бюджеттің мүмкіншілігіне қарай, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (СПК) арқылы тез арада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген несие қарастырған дұрыс болатын шығар. Осындай жолмен сол жерлердегі ғимараттар мен инфрақұрылымдарды тездетіп қалпына келтіруге болады. – Туризм – әрі имидж, әрі инвестициялық сала. Сондықтан мұндағы жауапкершілікті тек бизнестің өз мойнына артып қою қате болар? Бәлкім, туризмдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарымен күресте сақтандыру тетіктеріне мемлекет те кепілдік беріп, араласуы қажет болар. Өйткені бұл сала мемлекеттің абыройы үшін, сырттан қаржы тарту үшін қажет сала ғой. Сіз қалай ойлайсыз? – Әрине, ойыңыз орынды. Тосыннан зардап шегіп, шығынға батып отырған кәсіпкерлерді өз проблемасымен өздерін оңаша қалдырып қоя салуға болмайды. Әйтсе де, жергілікті бюджет арқылы қаржылай көмектесудің мен әзірге көріп тұрған мүмкін жолдарының бірі – ӘКК арқылы несие беру. Одан бөлек, жергілікті құрылыс заттарының бағасын реттеуге келісіп беруге де әкімдіктің араласқаны жөн. Одан да басқа бар мүмкіндіктерді іздестіргені дұрыс. Салықтай жеңілдік жағын да қарастыруға болады. Өйткені бұл оқиғаны облыс үшін төтенше жағдай деп атауға болады. Сондықтан да осыған байланысты тиісті шараларды облыс әкімшілігі тарапынан қолдану қажет. Оны енді жергілікті әкімдік шеше жатар. – Алакөлдік кәсіпкерлер қаншалықты тез оңала алуы мүмкін? Өйткені қазір нағыз каникул мен еңбек демалысының уақыты. Адамдар қайда барады? Сұраныстың артуы Алакөлде де, еліміздегі басқа туристік нысандарда да онсыз да қымбат бағаны одан сайын қымбаттауына алып келмей ме? – Бағалардың қымбаттауына келер болсақ, жалпы Алакөлдің маңайында 300-ге жуық демалыс аймағы орналасқан. Олар қазір қызу жұмыс үстінде. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында туризм соңғы жылдары қатты дамыған. Бағалары да осы уақытқа дейін сұранысқа қарай әбден қалыптасып болды. Сондықтан да, үш-төрт демалыс аймағының өртенгені баға құрау жүйесіне әсер ете қояды деп ойламаймын. – Әңгімеңізге рақмет!