Сайыпқырандар саласында қашан серпіліс болады?
Сайыпқырандар саласында қашан серпіліс болады?
© коллаж: Әсел Балтақызы
377
оқылды
Қаңтар оқиғалары түбегейлі жаңғыруына түрткі болған саланың бірі – спорт. Қазақстанның қомақты ұлттық құрамасы қатарынан үш олимпиадада жеңістің ең биік тұғырына шыға алмай, Президент желбірете табыстаған көк байрақты жығып қайтты. Бұл «көк Тудың желбірегені – жаныма қуат береді» деп ұлттық рух пен намысты басты орынға қойған барша азаматтың еңсесін езді, жігерін құм қылды. Президент тапсырмасымен жүргізілген ауқымды тексеріс біраз былықтың бетін ашты. Спортқа бағытталған миллиардтар жеке құрылымдардың қалтасына түсіп келген. Енді мемлекет саланы реформаламақ. Заң жобалары да дайын. Жығылған спорт ақшаға тоймайды Қазақстан соңғы рет тек 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жа­нейросында өткен жазғы Олимпиа­дада 3 алтын медаль алды (жалпы есепте 22 орын). 2018 жылы Корея­ның Пхёнчханындағы қысқы Олим­пиадада жалғыз қола медальді місе тұтып, 28-ші тұғырға түсті. 2021 жылғы 23 шілде – 8 тамыз аралы­ғын­да өткен Токиодағы жазғы Ойын­дарда да алтын ала алмады: 8 қола жүлдемен 83-ші орынға бір-ақ сыр­ғыды. Жалпы, қазақстандық спорт­шылар 1996 жылдан бері жазғы Олимпиадада кем дегенде 1 алтын медаль еншілейтін еді. Спорт са­ласының ахуалы күрт нашарла­ға­нын, онда жүргізілген соңғы жаң­ғы­рулардың игілікке емес, жаман­дыққа бастағанын сала сарапшы­лары ашық айтып, дабыл қаға бас­тады. Бірақ оны еститін құлақ жоқ-тын. Ақыры 2022 жылғы 4-20 ақпанда Бейжіңде ұйымдастырылған қысқы Олимпиададан Қазақстанның ұлт­тық құрамасы салы суға кетіп, қор­жыны мүлдем бос қайтты. Спорт фе­дерациялары қателіктен сабақ алу орнына, арсыздық танытып, мем­лекеттен қосымша қаржы сұрады. Былтыр Токиодағы төмен нәти­жеге түсініктеме берген Мәдениет және спорт министрлігі салаға өзі жауапты болғанымен, шынында оның тізгіні өз уысында еместігін мойындап, қысыла қол жаюмен шектелді. Сонда спортты шын мәнінде кім басқарды? 2018 жылы рес­пуб­ли­када спортты қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді: спортқа, спортшыларды даярлауға, оларды жарыстарға жолдауға бағытталатын миллиардтаған бюджеттік қаржы­ларды игеру функциясы толығымен Ұлттық олимпиадалық комитетке (ҰОК) және спорттық федерация­ларға табысталды. ҰОК президенті болып 2015 жылы белгілі бизнесмен Тимур Құлыбаев сайланған. Тиі­сінше, спорт министрлігінің спорт комитетіне тек ҰОК-қа «тапсырыс беруші» рөлі ғана қалды. Спортқа бөлінген бар қаржы қолына тиісімен, ҰОК «спорттың барлық олимпиялық түрлері әділет­ті қаржыландырылатынын», «ғы­лым мен спорт қатар дамытыла­ты­нын», «спорттағы коррупцияның та­мырына балта шабылатынын» және «спортшыларға барлық жағдай жасалатынын» мәлімдеді. Алайда жаңа жүйе ендірілгелі Қазақстанның халықаралық сайыстарда көрсеткен нәтижелері күрт құлдырады. Оны олимпиадалардың қорытындылары паш етті. Делдалдан арылып, дамуға ден қоймақ Бұған дейін Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореямен бірге өз құрлы­ғының бір лидері саналған Қазақ­стан 2018 жылғы тамызда Индоне­зия­ның Джакартасында өткен жаз­ғы Азия ойындарында барлық басты қарсыласын алға оздырып, 9-шы орынға құлады. Сөйтіп, ке­зінде Азиаданы өзінде өткізіп, бұл сайыстарда алдына көп қара салмай келген қазақ елі төл континентіндегі үздік бестікке де кіре алмады. Джакарта мен Токиодағы сәт­сіздіктен кейін отандық және шет­елдік спорт эксперттері спорт­шы­ларды даярлаудың қазақстандық жүйесі түпкілікті жаңаруды талап ететінін, ал бюджеттік миллиардтар ны­саналы мақсатына жұмсалмай, та­лан-тараж етіліп жатқанын мә­лім­деп жатты. Сарапшылар спортта ұрпақтар сабақтастығы үзілгенін, жеңімпаздарды ауыстыра алатын жас дарындарға жол толыққанды ашыл­мағанын, балалар спортының ауыр ахуалы сын көтермейтінін, бұ­қа­раға спортпен шұғылдануға мүм­кін­дік жасалмағанын жиі ауызға алды. Сарапшылардың байламымен келіскенімен, тіпті заңнамаға кос­метикалық өзгерістер енгізгенімен, спорт комитеті тегеурінді ықпал ете алмайтын пұшайман күйде қалды. Ақ­парат құралдары 2022 жылғы 1 сә­уірден бастап, министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері коми­теті Ұлттық олимпиадалық комит­ет­пен арадағы келісімін бұз­ғанын жа­рия­лады. Осылайша, мем­лекет спорт­қа бөлінетін мемқаржыға мем­ба­қылауды қайта қалпына келтірді. Комитеттің хатында бұл қадам ел Президентінің тапсыр­масына сәйкес жасалып отырғаны айтылыпты. Артынша ҰОК спорт дирекция­сының басшысы Елсияр Қанағатов ақпарат құралдарына келісім­шарт­тың шынымен спорт комитетінің ұсынысы бойынша бұзылғанын растады. А тұрғанда, неге В мен С-ға үйір? Мәдениет және спорт министр­лігі салада жүйелі, кешенді шаралар қабылдауға күш салып жатыр. Мем­орган саланы жан-жақты ре­фор­малауға бағытталған заң жобала­ры­ның топтамасын әзірледі. Токиода ұлттық команданың сәтсіз өнер көр­сетуіне байланысты 2021 жылғы Олимпиадаға дайындыққа бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Қоры­тындысында ел Үкіметіне спорттың басым түрлерінің республикалық және өңірлік тізбелерін сақтамағаны үшін жергілікті атқарушы орган­дар­ды жазалау ұсынылды. Бұл салада да былық көп. Дене шынықтыру және спорт туралы заң­да «саралау негізінде спорт түр­лерін басымдықты қаржыландыру» ұғымы енгізілген. Қағида қарапа­йым: қандай спорт түрлері бойынша қазақстандықтар халықаралық спорт жарыстарында жақсы нәтиже, жетістіктер көрсетсе, медаль әкелсе, кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы мықты болса, олар бірінші кезекте қаржылан­дырылатын А тобына жатқызылады. Осы қатарға сондай-ақ ұлттық және бұқаралық спорт та кіреді. Екінші В және С топтары ба­сым­дықты емес, сондықтан олар мем­бюджеттен мейлінше аз қар­жылан­дырылуы тиіс. Мүлдем бюд­жеттен қаржыландырылмауы тиіс спорттар да бар. Дегенмен, ондаған жылдар бойы бұл талап сақталмай келді. Мәселен, Астана, Алматы, об­лыс әкімдіктері халықаралық сайыстарда ТМД көлемінен ары аса алмайтын хоккей, баскетболды ба­сымдықты қаржыландырды. Фут­бол клубтарына бәрінен көп қаржы шығындалды. Жалпы алғанда, А, В, С спорт түрлеріне 2018 жылы – 55,2 млрд, 2019 жылы – 64,7 млрд, 2020 жылы – 59,4 млрд, 2021 жылы – 179,3 млрд теңге шығындалыпты. Соның ішінде А тобына 2018 жылы – 30,4 млрд, 2019 жылы – 36,7 млрд, 2020 жылы – 30,7 млрд, 2021 жылы – 97,7 млрд теңге бөлінді. В тобына жылдар бойынша тиісінше, 22,3; 25; 19; 66,2 млрд, С тобына – 2,5; 3; 10; 15,4 млрд теңге шығындалған. «Жекелеген жағдайларда В тобына жататын спорт түрлеріне – жүзуге, баскетболға және басқасына жұмсалатын шығыстар А тобының спорт түрлеріне – боксқа, еркін күреске, дзюдоға, ауыр атлетикаға жұмсалатын шығыстардан асып түскен. Яғни, басымдықты сақтамай қаржыландыру фактілеріне жол берілді. 2018-2022 жылдары спортты дамытуға мембюджет пен ұлттық компаниялардың қаражатынан жалпы саны 645,9 миллиард теңге сома бағытталған. Соның тек 179,3 млрд теңгесі немесе бар болғаны 28%-ы ғана басымдықты сақтай отырып бөлінді», – деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігі. Осыған орай министрлік Әкім­шілік кодексінде «спорт түрлерін саралау-ранжирлеу қағидаларын және спорттың басым түрлерінің республикалық тізбесін сақтама­ға­ны үшін» жергілікті атқарушы ор­ган­дарға жаза енгізбек. Жаңа заң жо­балары беделді тұлғалардың бас­шылығымен қаптап құрылған спорт федерацияларын да тәртіпке келті­руді қарастырады. Ол қабыл­данса, аккредиттелген әрбір фе­дерация мен кәсіптік спорт клуб­тары өзіне мем­лекеттік бюджеттен, ква­зимем­ле­кеттік сектордан, тіпті демеушілер­ден түскен қаржының қайда жұм­салға­ны туралы спорт комитетіне есеп ұсынуға мін­дет­теледі. Сарапшылар спорттағы мем­қар­жыны бақылау толығымен мем­лекетке оралғанда, салада бірден серпіліс жасалады дегенге сенбейді. Нашар көрсеткіштер – жылдар бойы шешілмей, қордаланған проблемалардың салдары. Спорт медицинасы да артта қалды. Жағ­дайды ҰОК-тың Алматы об­лы­сын­да, Нұр-Сұлтан, Түр­кіс­танда за­ма­науи жабдықтармен жарақталған спорт медицинасы орталықтарын ашуы да жақсарта алмады. Қазір Қазақстанда Олимпиада чемпионы атануы мүмкін спортшы қалмаған деген пікір айтылады. Жеңіс тұғы­рын жалындай, жауындай ша­буыл­дай­тын жас сайыпқырандарды жаңадан іздеу, тәрбиелеу, бабына келтіру қажет болады. Ал бұған көп уақыт керек секілді...