«Алтынды еріте білмеген ірітер, теріні илей білмеген шірітер» демекші, бүгінде елдің қолындағы тері мен жүн ешкімге керексіз болып, күлтөкпелерде тау-тау болып үйіліп, шіріп жатыр. Бұрындары ауыл халқы малдың тері-жүнін тиянақтап жинап, арнайы қабылдау орындарына тапсыратын. Одан түскен азды-көпті қаржыны шай-пұлына жарататын. 2000-жылдардың басынан бері бұл үрдіс сұйыла бастады. Қазір елдегі тері-жүн өндірісі тұралап қалды.
Экспорттық тыйым саланы тұралатып тастады
Ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде 130 мың бас жылқы, 1 миллион бас ірі қара, 1,5 миллион бас қой-ешкі сойылған екен. Ал биылғы жылдың 5 айында сойысқа түскен жылқының саны 60 мың, ірі қара – 350 мың, қой-ешкі – 550 мың. Бірақ биылдыққа бірде-бір жылқы мен қой-ешкінің терісі экспортқа шығарылмаған, ал ірі қара мал терісінің тек 66500 данасы сыртқа тасымалданған.
Сондай-ақ тері мен жүннің республика аумағында да кәдеге жарап жатқаны шамалы. Мамандардың айтуынша, елімізде жыл сайын шикі терінің тек 10-20 пайызы ғана сатылып, өңделеді. Қалғаны құр босқа рәсуа болып, далада шашылып жатыр. Ол аздай ауыл іргесінде үйілген тері санитарлық-эпидемиялық жағдайды да ушықтырып, түрлі жұқпалы қоздырғыштарды тарата ма деген қауіп үлкен. Одан жайылған жаман иіс қолқаны қабады. Ал даладағы күлтөкпеге аң-құс үймелеп, қопарып кетеді. Сарапшылардың есептеуінше, егер сойылған мал терісін шашау шығармай түгел кәдеге жаратар болса, ауылдағы шаруа иесі жыл сайын шамамен 10 млрд теңге табыс табар еді. Ең бастысы, оның қоршаған ортаға тигізетін залалын азайтып, табиғатымызды қорғаймыз. Бірақ бұл әзірше тек бұлдыр арман ғана болып тұр.
– Бұрындары ауыл халқы тері-терсегін сатып айтарлықтай ақша табатын. Бірақ Үкімет 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары өңдейтін кәсіпорындарды қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салды. Бұл қадам отандық өндірісті дамытуға ықпал еткен жоқ, тіпті кері әсер етті. Ал отандық өндірісті қолдаймыз десек, тері өңдейтін зауыттарға пайызсыз несие беріп, олардың бәсекелестік қуатын арттыра түсу керек еді, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Сырым Ертаев.
Баж салығының салмағы батпандай
Қазір енді тері мен жүнді экспорттауға салынған тыйым алынды, бірақ оның орнына кедендік баж салығы бекітілді. Енді кәсіпкер теріні шетелге сататын болса, оның әр тоннасы үшін 200 еуро баж салығын төлеуі тиіс. Бұл – 100 мың теңге. Сондықтан теріні шетелге шығару тиімсіз. Жүнге қатысты да осыны айтуға болады, экспортталатын жүннің әр тоннасы үшін 10 пайыз баж салығы салынады. Мұндай салықтан кейін ел ішінен жүн-тері жинауға кімдер құлшынып шығар дейсіз? Себебі онымен айналысу тиімсіз.
2016 жылға дейін қой-ешкіден бастап ірі қара, жылқы терісі де арнайы қабылдау орындарында текшеленіп, Қытайға, Өзбекстанға және Қырғыз Республикасына өткізілетін. Ал Үкіметтің отандық өндірушілерді қолдау деген желеумен тері-жүн экспортына тыйым салуы бұл саланы әбден құлдыратып жіберді. Ішкі нарықта тері-терсек құны тым арзандап кетті. Содан бері тері мен жүн көрінген жерде шашылып қалды. Бұрын 500-1000 теңгеге бағаланған қой-ешкі терісін адамдар қазір 200 теңгеге өткізе алмай жүр. Ал бұрын 15 000-20 000 теңге болатын жылқы мен сиыр терісі енді 1000-2000 теңгенің айналасында ғана. Жүннің келісі 150 теңгеден аспайды. Мұндай бағаға ешкімнің уақыт шығындап арнайы орынға өткізіп жүруге құлқы жоқ. Сөйтіп, қазақ экспортының орнын басқа елдер басып қалды. Енді тіпті кедендік баж салығын алып тастағанның өзінде одандық кәсіпкерлерге шетелдік нарығын қайтадан бағындыру қиынға түсетіні анық.
– Біз тері-жүнге қойылған кедендік баж салығын алып тастау жөнінде мәселе көтеріп, бірқатар министрлік өкілдерімен хабарласып едік, олардың бәрі ойымыздың дұрыстығына келіседі. Мұны депутаттар да, кәсіпкерлер де мойындап отыр. Бірақ әзірге одан шыққан нәтиже жоқ. Құзырлы органдардың өкілдері бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда талқыланып жатыр деген еді, – деп қынжылыс білдірді мәжілісмен Сырым Ертаев.
Қойшы көп болса, қой арам өледі
Тері өңдеу ісінің тұралап жатқанына бұл сала екі мекемеге қарайтындығы да себеп – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Екі мекеме жұмысты бір-біріне сілтеп, ешкім нақты проблемамен айналысып отырған жоқ. Соның салдарынан көрші Қытай теріні іргеде отырған Қазақстаннан емес, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ пен Аустралиядан импорттайды. Ал біздің шаруалар батпандай салықтың салдарынан жүн-терісін далаға тастауға мәжбүр.
[caption id="attachment_204799" align="alignright" width="1287"]
ТҮЙІН: Кеңестер Одағы заманында әр ауданда шикізат дайындау кеңсесі жұмыс істеді. Мұндай кәсіпорындардың 40-50 қаралы адамы, ауыл-ауылды аралайтын техникасы жеткілікті болды. Олардың басты міндеті – жергілікті жерлердегі шаруашылықтардан жүн мен тері жинау. Қазір осындай кеңселердің жұмысына халық зәру болып отыр. Үкімет осы жұмысты ұтымды ұйымдастыра білсе, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің импорттық тауарларына деген сұраныс азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетер едік. Бұл істе көрші мемлекеттерден, әсіресе Түркиядан үйренеріміз көп.