Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы үңгірден 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Бұл сенсациялық жаңалық «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде белгілі болып отыр. Сонымен қатар бұл Қазақстанның Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісімшарт негізінде Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерден анықталған. Зерттеу жұмыстарының қосалқы жетекшісі, музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетовтың бастауымен 2017 жылдан бері Palaesilkroad жобасы аясында елімізде палеолит ескерткіштерін іздестіру кезінде көптеген ғылыми жетістікке қол жеткізіліп, әлемдік сенсациялық жаңалықтар ашылып келеді. Академик Жәкен Таймағамбетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс, қазақ-жапон халықаралық экспедициялары осы күнге дейін Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз болып келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгірді анықтаған.
«Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін ғалымдар 41 мың жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде оның 48 мың жылдық тарихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. Ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу бір жыл бойы жүргізілді. Сондай-ақ бұған дейін Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адамның жақ сүйегі табылған болатын. Жақ сүйектің иесі алғашқы адам болуы да мүмкін. Қазір жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда», – дейді академик.Сонымен бірге академик Жәкен Таймағамбетов осынау Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталғанын жеткізді. Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым Хасан Алпысбаев Тұттыбұлақ үңгірін тапқанымен, мұны жалғыз өзінің қазуына мүмкіндігі болмаған. Дегенмен Тұттыбұлақ деген атау осылайша тарихта қалады. Мұнда алғаш рет археологиялық зерттеу жұмыстарын 2017 жылы Әлкей Марғұлан атындағы археология институты бастаған. «Олар осы жерден орта ғасырға жататын мәдени жәдігерлерді – құмыраның сынықтарын, одан бөлек қола дәуіріне жататын заттарды тапқан. Одан соң біз келіп топырақтың астынан тас дәуіріне жататын қаңқа мен қырғыш таптық. Содан кейін археология инстиутымен бірігіп, меморандумға отырып, бірге зерттеп жатырмыз. Олар өздеріне тиесілі ортағасырлық мәдени қабатын ашып кетсе, біз кейін келіп өзіміздікін зерттейміз. Биыл мұнда зерттеу жұмыстарын бастағанымызға 10 шақты күн болды.
Өткен жылы табылған күлдің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат баласының сол кезеңде де осы жерде тіршілік еткенін айтуға болады. Бір қуанарлығы, мұны әлемдік сенсация деуге де әбден болады. Германия зертханасынан күлдің қалдығы 48 мың жылдық екені нақтыланды. Тұттыбұлақ Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қарай зерттеген сайын одан да терең сенсациялық табыстарға қол жеткізуіміз мүмкін», – дейді экспедиция жетекшісі.Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталыпты.
Ал бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып, ғылыми жаңалықтардың ашылуына атсалысып жүрген Германиядағы Тюбинген университетінің докторы Раду Йовита соңғы кездері Орталық Азияға қызығушылығы арта бастағанын айтады. «Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осылайша, онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихи орынды қойнауына жасырып жатыр. Бір ғана Қаратау жотасының әрбір тасы тұнған тарих», – дейді германиялық археолог Раду Йовита. Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи-киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынын қуанышпен жеткізді. «Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі сынды тарихи орындар елімізбен қатар алыс-жақын шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын тудыратыны жасырын емес. Тұттыбұлақ үңгіріне де енді келушілер көбейетіні сөзсіз. 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігі мен жүріп өткен жолдары кімді де болса қызықтыратыны анық. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық аяқтап, ғылыми деректерге көптеп қол жеткізген соң музейлендіру жобасы жүзеге асады», – деді аудан әкімінің орынбасары.Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырады.
Түркістан облысы