Бірнеше айдан бері инфекцияның таралуы бәсеңдеп, жұрт бұрынғы мамыражай күніне орала бастағандай еді. Бірақ соңғы аптада індет күшейді. Алматы қаласы коронавирустың таралуына байланысты «сары» аймаққа өтті. Артынша қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы шығып, ғимараттарда медициналық бетперде тағу режимін енгізу ұсынылды. Енді бұл жағдай өзге өңірлерде де қайталануы мүмкін. Ал емханалар әзірлігі қандай? Аймақтарда ауру жұқтырғандар саны артып, ем ала алмай жүргендер көбейгені рас па? Емге зәру жұрт көбейді Осы кезде ел ішінде «вирус таралып жатыр, қайтадан карантин енгізіледі екен» деген қауесет кезіп жүр. Дегенмен негізсіз үрей емес. Аяқасты шенеуніктер де жиналыстарда бетперде тағып отыратынды шығарды. Ал Алматы «сары» аймаққа енгелі шаһардың кәсіпкерлері «шектеулер болса, кәсібіміз қайта тұралай ма?» деп қорқып жүр. Егер инфекцияның таралуы бойынша қандай да бір өңір «сары» аймаққа өтсе, науқаспен байланысты болған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылуы қажет. Сондай-ақ 10-нан астам адам жиналатын конференциялар онлайн форматқа көшеді. Демек, жұрттың даурығуы бекер емес. Таяуда ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят «Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты әзірге карантин шектеулері енгізілмейді» деп мәлімдеді. Бірақ мамандар адам көп шоғырланатын сауда үйлері, әуежайлар мен вокзалдарда бетперде киюге кеңес беріп отыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында вирус жұқтырғандардың тек 5 пайызы – шетелден келгендер. Сондықтан әзірге шекарадан кіретіндерге ПТР-тест тапсыру міндеттелмеген. Ғинаят «қазір елде ұжымдық иммунитет қалыптасты» деп отыр. Шамасы, шенділерді жалпы Қазақстанның «жасыл» аймақта тұрғаны жұбатып отырғандай. Әйтпесе, жағдай күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Мысалы, 6 шілдеде ел бойынша 330 адам коронавирус жұқтырған. Мұндай көрсеткішті біраздан бері естімеген жұрт жауаптылардың алдын ала қамданғанын сұрап отыр. Бірақ ведомство басшысы Ажар Ғинаят бұрынғы сүрлеуге салып кінәнің бәрін вакцина алмағандарға жапты.
«Ауырған адамдардың 80 пайызы вакцина алмаған. Немесе ревакцинация уақыты өтіп кеткен. Аурулардың көпшілігі өте жеңіл түрімен ауырып жатыр. Бүгінде бүкіл республика бойынша 220 пациент ауруханада жатыр. 11-нің жағдайы нашар. Бірақ өкпе желдету аппаратында жатқан пациенттер жоқ», – деді ол.Біздің болжауымызша, енді елімізде ревакцинация тақырыбы үздіксіз көтеріледі. Бірақ емханаларды қамдап алмай отырып, ол жайлы айту қаншалықты жөн? Қазір емханалардың өзі індет жұқтырғандарды емдеуге әзір емес секілді. Бірнеше ай бұрын аурудың қарқыны басылғанда көп аурухана коронавирусқа шалдыққан науқастарды қабылдайтын қосымша бөлімдерін жарыса жапқаны есте. Енді тықыр таянғанда ес жиып үлгере алмай жатқандай. Мәселен, елде ең қатты дерт өршіп тұрған Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Жібек Әбілдақызы індет жұқтырып, ауырғанымен, дәрігерлер ауруханаға қабылдамай қойғанын айтып отыр.
– Індет қайта жайылды. Үй ішімізбен қызуымыз көтеріліп ауырып жатырмыз. Менде ПЦР оң нәтиже көрсетті. Бірақ денсаулық сақтау саласындағы госпитальдар науқастарды қабылдауға дайын емес тәрізді. Еш жер қабылдамады. Науқас адам өзін-өзі емдей алмайтыны анық қой. Дәрі алып, ем қабылдау керегін түсіндіре алмадық. Немқұрайды қарайды. Жедел жәрдем шақырдық, олар одан әрі әуреге салып, бланкіге «отказываюсь от госпитализации» деп қол қойып бер дейді. Қол қоюдан бас тарттым, – дейді ол.Әлем елдері әлекке түсті Маусым айынан бастап көп мемлекетте коронавирусқа байланысты қайта дүрбелең туды. Індет жұқтырғандар саны қайта артты. Our World in Data-ның дерегіне сенсек, өткен айда жер жүзінде COVID-19-ға шалдыққандар 542 млн-нан асқан. Ал қайтыс болғандар 6,33 млн-ға жетті. Мамандар коронавирустың қайта ушығуын жаңа BA.4 және BA.5 нұсқаларының таралуымен байланыстырады. Бұл штамдар қазірдің өзінде Еуропаның бірнеше еліне таралған. Осы күні коронавирус әлемді алаңдатып отырған жалғыз ауру емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау желісі маймыл шешегін де пандемия деп жариялады. Енді сарапшылар шектеу шараларының күшейтілуі мүмкін екенін болжаған. Әсіресе, коронавирус жұқтырғандар саны Португалия, Германия, Франция, Грекия, Аустрия, Италия, Швейцария және Испанияда көбейген. Ғалымдардың пікірінше, бұған дейін тараған инфекциялар да, салынған вакциналар да бұл нұсқалардан қатты қорғай алмайды, сондықтан олар коронавирус штамдарының ішінде басым нұсқаларға айналады. [caption id="attachment_204807" align="alignright" > © коллаж Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Португалияда BA.5 нұсқасының көп таралуы коронавирус жұқтырғандар санын өсірді. Маусымда күніне орта есеппен миллион адамға шаққанда 1,332 жаңа жағдай тіркелген. 1 896 адам ауруханаға түскен. Бұл 2022 жылғы қаңтарда «омикрон» алғаш тіркелген кездегідей жоғары көрсеткіш. Францияда маусымның басынан бері ауырғандар үш есеге жуық өскен. Santé Publique France қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметі бойынша, BA.5 нұсқасын жұқтырғандар саны 24 пайызға дейін өскен. Ал Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының мәліметтері бойынша, ауырғандар мен ауруханаға жатқызылғандар саны күрт артқан. Оған да BA.4 және BA.5 нұсқалары себеп болған. 17 маусымда жарияланған соңғы деректе COVID-19 инфекциясының саны 43 пайызға өскен. Германияда 100 мың тұрғынға шаққандағы апта сайынғы вирус жұқтырғандар көрсеткіші 400-ден асты. Коронавирус жұқтырғандар санының артуы тек Еуропа елдерінде ғана емес, Азия мен Таяу Шығыста да байқалды. Израильде күніне 10 мыңға жуық ауру жұқтырған адам тіркелген. Үндістанда коронавирустың таралу жылдамдығы ақпан айындағы ең жоғары деңгейге дейін көтерілді, мұнда күн сайын 12 мыңнан астам инфекция тіркеледі. Жапонияда екінші апта бойы13-14 мың жаңа инфекция анықталады. Айдың басында олардың саны 20 мыңнан асқан еді. Ал Қытай әлдеқашан карантин енгізіп үлгерді. АҚШ-та маусымның басынан бері алғаш рет күніне 100 мың адам індет жұқтырғаны анықталды. Енді денсаулық сақтау саласының мамандары осы жайларға қарап, қауіптің бір ұшы бізге де тиіп кетуі мүмкін екенін ескергені абзал. Әрине, бұл тұста халықтың да жауапкершілігі бар. Қалаған жұрт ревакцинациядан өткені жөн. Алайда ең басты күрмеу емханалардың әзірлігі болып тұрғандай. Бетін әрі қылсын, дегенмен ертеңгі күні ел ем аларға жер таппай жүрмесіне ешкім кепіл болмайды.