Жартылай финалдағы толқыныс
Жартылай финалдағы толқыныс
Теннисші Елена Рыбакина Уим­бл­дон турнирінің жарты­лай финалына шықты. Оның қарсы­ласы басқа-басқа емес, тіс қақ­қан теннисші – Симона Халеп. Демек, спортсүйер көрерменді тар­тысты кездесу күтіп тұр. Са­рап­шылар да эмоция мен шеберлік қатар сынға түсер матч бо­ларын болжап отыр. Елена – Уимблдон төрінде Иә, Елена Рыбакина – еліміздің бірін­ші, әлемнің 23 ракеткасы. Өткен жылы рейтингте 14 орында, биыл қаңтарда 12 орын­да тұрды. Ал Халеп болса, қазір рей­тинг бойынша 18 сатыда тұр. Ескерерлігі, ол – әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте жеңімпазы. Осы тұста оның жеңімпаз болғанына, финалдың дәмін сезіп, жеңіс тұғырына шыққанына назар аударғанымыз жөн. Себебі таныс жолмен жүру кім-кімге болмасын жеңіл. Алайда жоғарыда рейтинг жайын бекер жазбадық. Өйткені сарапшы­лардың айтуынша, қазір әйелдер тен­нисінде нақты көшбасшы жоқ. Демек, Рыбакинаның да асығы алшысынан түсуі мүмкін. Айталық, Рыбакина көптен бері «Үлкен дулыға» жарыстарының төртінші айна­лымынан ары аса алмай жүрген-ді. Биыл қателіктің орнын толтырып, финалға шы­ғуға әрекет жасап көреді. Жалпы, Уимбл­дон турнирінде оның ширек финалға дейінгі жолы сәтті өрбіді. Соққы өткізудегі басымдығы оны жартылай финалға алып шықты. Мысалы, ширек финалда авс­тралия­лық Айля Томлянович алғашқы сетте 6:4 есебімен басым түсті. Өткен қате­лік­ті түзеп, есе жібермейтін сәт туғанын сезді ме, Елена өзін қамшылап, тез ес жи­нап алды. Сөйтті де екінші кезеңді 6:2 есе­бімен өз пайдасына шешті. Үшінші сет­те қатарынан 3 геймді алып, жасаған сенімді соққылары «қош көрдік, жартылай финал» деп тұрғандай-ды. Осылайша, Рыбакина Уимблдон төрінде финалға жолдаманы сарапқа салады. Қиын кездесу күтіп тұр Есте болса, Рыбакина Токио олим­пиада­сының жартылай финалына шық­қан-ды. Алайда бірнеше қателіктің кесірі­нен жүлдесіз қалды. Демек, теннисшіде «қап әттеген-ай, екінші мүмкіндік болса, сү­рінбес едім» дейтін мотивация бар. «Олим­пиада мен «Үлкен дулығаны» салыс­тыруға келмейді, хард пен шөпте ойнаған бөлек қой» дерсіз. Бірақ ішкі сезім мен тол­қыныс бір. Жеңіске жеткендегі қош­еметті ойлау да – эйфория. Осыған дейінгі сұхбатында рейтиңде алғашқы ондыққа кіргісі келетінін айтқан отандасымыз үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Алайда Халық­аралық теннис федерациясы аталған бәсе­ке есебінен спортшыға ұпай қоспайды. Себебі Британия теннис басшылығы Ресей мен Беларусь теннисшілерін жарысқа қоспады. Осылайша, рейтиңке әсер етпесе де, топ жарса Рыбакина үшін биік белес болар еді. Осы орайда сарапшылардан Симона мен Елена арасындағы кездесуге болжам жасауын сұрадық.
Белгілі спорт журналисі Руслан Медел­бек отандасымызды қиын кездесу күтіп тұрғанын айтты. «Меніңше, Рыба­кина­ға өте қиын матч болады. Мойын­дауымыз керек, бәрібір ойын фавориті – Халеп. Румын теннисшісі бұл Уимблдонға физикалық, психологиялық жағынан өте мықты дайындалып келген, бабында. Халеп – осы кездесуде ғана емес, бүкіл турнирдің фавориті. Бұдан бөлек, Халептің Гранд слам жарысында тәжірибесі мол. Гранд слам жарысын екі рет жеңген, бұл да өте маңызды фактор. Рыбакина жеңіледі, Халеп жеңеді деп айтпаймын, әйелдер тен­нисінде қазір нақты лидер жоқ, кез келген теннисші жеңіске жетуі мүмкін. Рыбакина доп асырудан мықты, сол мықтылығын пайдаланса, болмайтын қателер жібермесе, Халеппен тартысуға және жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Бәрін корттағы ойын көрсетеді», – дейді ол.
Елена Рыбакина Спорт сарапшысы Айдос Рымқұл да Рыбакинаға Халеппен кездесу өте қиын боларын атап өтті. Ойын үш сетке жетіп, сәті түссе Рыбакинаның да жұлдызы жану мүмкін екенін алға тартты.
«Халеппен кездесу өте қиын болады. Себебі бұған дейін үш рет екеуі хард төсеніште кездескен. Екі рет Халеп басым түскен. Тағы бір кездесуде есеп 5-4 болып тұрғанда жарақатына байланысты Халеп ойыннан бас тартқан. Симона да, Елена да қазір бабында. Екеуінің ойыны үш сетке де барып қалуы мүмкін. Әзірге 60-40 пайыз Симона жеңеді дер едім. Себебі «Үлкен дулыға» турнирлерінде бұрын жеңіске же­тіп жүрген әлемнің экс бірінші ракеткасы. Ал біздің қыз бұл кезеңге алғаш рет шығып отыр. Бірақ не нәрсенің де басталатын кезі болады. Рыбакинаның финалға шығып, кубокты басынан асыратын кезі келген шығар», – дейді ол.
Аталған сарапшыдан Рыбакинаның жауапты кездесулерде өзін жоғалтып алуы­ның себебін сұрап көрдік. Сарапшының айтуынша, үш сет ойнау психологиялық тұрғыдан Рыбакинаға қашан да қиын.
«Теннисте әр спортшының өз бапкері болады. Рыбакинаның бапкері – Стефано Вуков, хорват маманы. Өзі кезінде ерлер арасында аса үлкен жетістікке жетпеген. Олим­пиададан кейін де айтқанмын, тренерін ауыстырса, жақсы деңгейге шы­ғып қалуы мүмкін. Алайда Рыбакинаға осы маманмен жұмыс істеген ыңғайлы болар. Оған психологпен көп жұмыс істеу керек. Теннис деген өте нәзік ойын. Бір рет психологиялық тұрғыдан сынып кетсең, қайта ойынға оралу қиын», – дейді Айдос Рымқұл.
Расымен, спортта жеңімпаздарға ерекше қошемет көрсетеді. Жанкүйерлер жарқын сәттерді ұзақ еске сақтайды. Бірақ жеңімпаздың да сүрініп, жаңа есімге жол беретінін де ұмытпаған жөн. Бәлкім, 7 шілде күнгі Уимблдон орталық алаңында өтетін кездесу теннис әлемінде жаңа есімнің жолын ашар. Осы тұста Токио Олимпиадасында журналистер куә болған ерекше сәтті жазғымыз келіп тұр. Руслан Меделбектің айтуынша, Токио төрінде кезекті ойыннан кейін Рыбакина «мен алдымен өзімнің елімнің тілшілеріне сұхбат берем, одан кейін шетелдік тілшілерге барамын, күте тұрсын» деген екен. Карьерасына қолдау көрсетіп, қанатының астына алған елге құрметі жан толқытары анық. Ендігі кезек­те Уимблдонда Қазақстан теннисшісінің аты қалсын дейміз. Бет қатталып жатқанда: Елена Рыбакина Симона Халепті жеңіп, финалға жолдама алды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ