Теннисші Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жартылай финалына шықты. Оның қарсыласы басқа-басқа емес, тіс қаққан теннисші – Симона Халеп. Демек, спортсүйер көрерменді тартысты кездесу күтіп тұр. Сарапшылар да эмоция мен шеберлік қатар сынға түсер матч боларын болжап отыр. Елена – Уимблдон төрінде Иә, Елена Рыбакина – еліміздің бірінші, әлемнің 23 ракеткасы. Өткен жылы рейтингте 14 орында, биыл қаңтарда 12 орында тұрды. Ал Халеп болса, қазір рейтинг бойынша 18 сатыда тұр. Ескерерлігі, ол – әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте жеңімпазы. Осы тұста оның жеңімпаз болғанына, финалдың дәмін сезіп, жеңіс тұғырына шыққанына назар аударғанымыз жөн. Себебі таныс жолмен жүру кім-кімге болмасын жеңіл. Алайда жоғарыда рейтинг жайын бекер жазбадық. Өйткені сарапшылардың айтуынша, қазір әйелдер теннисінде нақты көшбасшы жоқ. Демек, Рыбакинаның да асығы алшысынан түсуі мүмкін. Айталық, Рыбакина көптен бері «Үлкен дулыға» жарыстарының төртінші айналымынан ары аса алмай жүрген-ді. Биыл қателіктің орнын толтырып, финалға шығуға әрекет жасап көреді. Жалпы, Уимблдон турнирінде оның ширек финалға дейінгі жолы сәтті өрбіді. Соққы өткізудегі басымдығы оны жартылай финалға алып шықты. Мысалы, ширек финалда австралиялық Айля Томлянович алғашқы сетте 6:4 есебімен басым түсті. Өткен қателікті түзеп, есе жібермейтін сәт туғанын сезді ме, Елена өзін қамшылап, тез ес жинап алды. Сөйтті де екінші кезеңді 6:2 есебімен өз пайдасына шешті. Үшінші сетте қатарынан 3 геймді алып, жасаған сенімді соққылары «қош көрдік, жартылай финал» деп тұрғандай-ды. Осылайша, Рыбакина Уимблдон төрінде финалға жолдаманы сарапқа салады. Қиын кездесу күтіп тұр Есте болса, Рыбакина Токио олимпиадасының жартылай финалына шыққан-ды. Алайда бірнеше қателіктің кесірінен жүлдесіз қалды. Демек, теннисшіде «қап әттеген-ай, екінші мүмкіндік болса, сүрінбес едім» дейтін мотивация бар. «Олимпиада мен «Үлкен дулығаны» салыстыруға келмейді, хард пен шөпте ойнаған бөлек қой» дерсіз. Бірақ ішкі сезім мен толқыныс бір. Жеңіске жеткендегі қошеметті ойлау да – эйфория. Осыған дейінгі сұхбатында рейтиңде алғашқы ондыққа кіргісі келетінін айтқан отандасымыз үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Алайда Халықаралық теннис федерациясы аталған бәсеке есебінен спортшыға ұпай қоспайды. Себебі Британия теннис басшылығы Ресей мен Беларусь теннисшілерін жарысқа қоспады. Осылайша, рейтиңке әсер етпесе де, топ жарса Рыбакина үшін биік белес болар еді. Осы орайда сарапшылардан Симона мен Елена арасындағы кездесуге болжам жасауын сұрадық.
Белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек отандасымызды қиын кездесу күтіп тұрғанын айтты. «Меніңше, Рыбакинаға өте қиын матч болады. Мойындауымыз керек, бәрібір ойын фавориті – Халеп. Румын теннисшісі бұл Уимблдонға физикалық, психологиялық жағынан өте мықты дайындалып келген, бабында. Халеп – осы кездесуде ғана емес, бүкіл турнирдің фавориті. Бұдан бөлек, Халептің Гранд слам жарысында тәжірибесі мол. Гранд слам жарысын екі рет жеңген, бұл да өте маңызды фактор. Рыбакина жеңіледі, Халеп жеңеді деп айтпаймын, әйелдер теннисінде қазір нақты лидер жоқ, кез келген теннисші жеңіске жетуі мүмкін. Рыбакина доп асырудан мықты, сол мықтылығын пайдаланса, болмайтын қателер жібермесе, Халеппен тартысуға және жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Бәрін корттағы ойын көрсетеді», – дейді ол.
«Халеппен кездесу өте қиын болады. Себебі бұған дейін үш рет екеуі хард төсеніште кездескен. Екі рет Халеп басым түскен. Тағы бір кездесуде есеп 5-4 болып тұрғанда жарақатына байланысты Халеп ойыннан бас тартқан. Симона да, Елена да қазір бабында. Екеуінің ойыны үш сетке де барып қалуы мүмкін. Әзірге 60-40 пайыз Симона жеңеді дер едім. Себебі «Үлкен дулыға» турнирлерінде бұрын жеңіске жетіп жүрген әлемнің экс бірінші ракеткасы. Ал біздің қыз бұл кезеңге алғаш рет шығып отыр. Бірақ не нәрсенің де басталатын кезі болады. Рыбакинаның финалға шығып, кубокты басынан асыратын кезі келген шығар», – дейді ол.Аталған сарапшыдан Рыбакинаның жауапты кездесулерде өзін жоғалтып алуының себебін сұрап көрдік. Сарапшының айтуынша, үш сет ойнау психологиялық тұрғыдан Рыбакинаға қашан да қиын.
«Теннисте әр спортшының өз бапкері болады. Рыбакинаның бапкері – Стефано Вуков, хорват маманы. Өзі кезінде ерлер арасында аса үлкен жетістікке жетпеген. Олимпиададан кейін де айтқанмын, тренерін ауыстырса, жақсы деңгейге шығып қалуы мүмкін. Алайда Рыбакинаға осы маманмен жұмыс істеген ыңғайлы болар. Оған психологпен көп жұмыс істеу керек. Теннис деген өте нәзік ойын. Бір рет психологиялық тұрғыдан сынып кетсең, қайта ойынға оралу қиын», – дейді Айдос Рымқұл.Расымен, спортта жеңімпаздарға ерекше қошемет көрсетеді. Жанкүйерлер жарқын сәттерді ұзақ еске сақтайды. Бірақ жеңімпаздың да сүрініп, жаңа есімге жол беретінін де ұмытпаған жөн. Бәлкім, 7 шілде күнгі Уимблдон орталық алаңында өтетін кездесу теннис әлемінде жаңа есімнің жолын ашар. Осы тұста Токио Олимпиадасында журналистер куә болған ерекше сәтті жазғымыз келіп тұр. Руслан Меделбектің айтуынша, Токио төрінде кезекті ойыннан кейін Рыбакина «мен алдымен өзімнің елімнің тілшілеріне сұхбат берем, одан кейін шетелдік тілшілерге барамын, күте тұрсын» деген екен. Карьерасына қолдау көрсетіп, қанатының астына алған елге құрметі жан толқытары анық. Ендігі кезекте Уимблдонда Қазақстан теннисшісінің аты қалсын дейміз. Бет қатталып жатқанда: Елена Рыбакина Симона Халепті жеңіп, финалға жолдама алды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ