ҰҚК есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасын жойды
ҰҚК есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасын жойды
© egemen.kz
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде халықаралық және республикалық деңгейдегі есірткі жолдарын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырды.  Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, осы жылдың маусым айында ҰҚК 21 есірткіге қарсы операция, оның ішінде Ресей, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанның арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізді.
«Есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхананың қызметі бейтараптандырылды. Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 120,6 келі есірткі, оның ішінде 61,8 келі синтетикалық есірткі (206 мың «бірреттік дозаға» баламалы), 6 келі марихуана, 52,7 келі гашиш тәркіленді», - деп атап өтті ҰҚК өкілдері.
Бұдан басқа, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6000 экстази таблеткасы және 2 тоннадан астам химиялық реагенттер айналымнан шығарылды.
«Маусым айында алынған есірткінің жалпы сомасы «қара нарықта» 1,3 млрд теңгеден астам сомаға бағаланады. Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.