«Айбын» президенттік полкінің кіші сержанты жұмбақ жағдайда қайтыс болды
«Айбын» президенттік полкінің кіші сержанты жұмбақ жағдайда қайтыс болды
689
оқылды
Елордадағы Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінің кіші сержанты Дархан Мәлік бүгін жұмбақ жағдайда қайтыс болды, – деп хабарлады halyq-uni.kz Жігіттің ата-анасына таңғы сағат 8-ден аса ұлы әріптесінің қолынан қаза тапты деген ақпарат жеткен. Биыл отау құрған 21 жастағы азаматтың артында жүкті келіншегі қалды. Марқұмның жұбайы бұл сүйінші жаңалықты жолдасына бүгін жеткізбек болған. Өкінішке қарай, одан бұрын отбасы қаралы хабар алды. Дарханның туыстары «әріптесінің қолынан қайтыс болды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр. Өйткені жігіттің әкесі Аман Шөкеевтің айтуынша, суық хабарды естірткен командир әртүрлі ақпарат берген. Біріншісінде, Дархан өзіне тиесілі автоматтың оғынан мерт болды десе, екіншісінде полигонда шатыр ішінде тамақтанып жатқан кезде әріптесі Бекмұрат Болатов ойнап отырып оқ атып жіберген депті. Ал үшіншісінде, қоқыс төгуге шыққанда жоғарыда аты аталған әріптесінің қолынан қайтыс болды делінген. Қайғыдан қан жұтып отырған ата-анасы мен жақын туыстары қай нұсқаға сенерін білмей дал болып отыр. Олар бұл шындықтың бұрмаланғанын көрсетеді деп ашынады.
«Әділдік қайда? Екеуі де соқталдай азамат, абайсызда атып жіберді дегенге кім сенеді? Мойындата салды. Солай мойындата салады. Отанына адал қызмет етемін деген азамат өлім құшып отыр. Кім жауап береді? Шындық айтылсын, оқ атты деген жігіттің туыстарымен сөйлестірмей жатыр», – деп ашынды марқұмның әпкесі Айзада Сейдахметова.
Марқұмның туыстары елордағы Абылай хан даңғылы, 45 мекенжайында «Айбын» президенттік полкі ғимаратының алдына жиналып, шындықты талап етті. Біршама уақыттан кейін Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Джаркенбаев кездесуге шығып, мән-жайды түсіндіріп бақты. Оның мәлімдеуінше, кіші сержант Бекмұрат Болатов ойнап отырып оқ атқанын мойындап, қылмысты мойнына алған.
"2019 жылы екі азамат әскери борышын өтеп, артынша келісімшарт негізінде Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» президенттік полкіне жұмысқа орналасты. 4 желтоқсанда полигонға барған. Күдікке алынған жігіттің айтуынша, асханада әріптесімен жалғыз қалғанда ойнап отырып, атып өлтірген. Басқа мәлімет жоқ. Екеуінің де тәртібі жақсы еді",– дейді Е.Джаркенбаев.
Осылайша,  «әдемі көріністі қойып бере салады» деген марқұмның әпкесі тағы бір мәселенің бетін ашты. Айтуынша, Дархан бір күн бұрын туыстарынан ақша сұраған екен.
«Осылай жылы жауып қойғысы келеді. Бізге шындық керек. Артында жүкті келіншегі қалды. Биыл ғана үйленген еді. Президенттен көмек сұраймыз. Шындықтың беті ашылсын. Ол өліміне бір күн бұрын ақша іздегенін естідік. Неге ол ақша сұрайды? Неге үш жыл тапанша ұстап жүрген жігіт дәл бүгін ойнап отырып оқ атады? Бұл жерде бір гәп бар», – деді марқұмның әпкесі.
Әрі қарай беймәлім жағдайда өлім құшқан Дархан Мәліктің туыстары шындық үшін шырылдап, Нұр-Cұлтан қаласынан 60 шақырым жердегі полигонға кетті. https://www.youtube.com/watch?v=JSy0-9-P9WQ