Түркістанда бір күнде заңсыз ойын бизнесінің 2 дерегін анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан облысында көлеңкелі бизнестің бір түріне айналған ойын бизнесін кәсіп еткендер, құмар ойынға салынғандар қатары көбейген. Бұл заңсыздықтың жолын кесумен полиция қызметкерлері қанша күресіп жатса да, адамдар бизнестерін тоқтатар емес. Осы тұрғыда Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Онда ауылдардың бірінде заңсыз ойынхана жұмыс жасап жатқанын айтқан. Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайға тез арада келді. Олар оқиға орнын қарап, тексеру барысында екі үлкен монитор, алты процессор, чек шығаратын аппарат тәркілеп алды. Полиция қызметкерлерінің жедел-әрекеті нәтижесінде, ойынхананың иесі, Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Полицейлер дәл осындай заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тағы да бір жас жігітті ұстады. Мекенжайды тексеру кезінде одан да айғақты зат ретінде 3 үлкен монитор, 9 кіші монитор, 8 процессор, чек шығаратын аппарат және 1 интернет модем мен камера тюнер тәркілеп алынды. Сараптама тағайындалды. Аталған 2 жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.