Нұр-Сұлтанда әскери қызметші оққа ұшты
Нұр-Сұлтанда әскери қызметші оққа ұшты
869
оқылды
Нұр-Сұлтанда 21 жастағы әскери қызметші мерт болды. «Айбын» полкінің әскери бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген Дархан Мәлікті жанындағы әріптесі атып тастаған. Оны күдікті өзі мойындаған, деп хабарлайды Almaty.tv. Әскери қызметші Дархан Мәліктің қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды туысқандарына таңертең жеткізген. Алайда жақындары жас жігіттің неден мерт болғанын нақты біле алмай отыр. Тіпті мүрдесін де көрмеген. Олар бөлім басшылығы айтып отырған өлім себебіне сенбейді.
«Мүмкін, олар далада атысып жатқанда болған шығар бұл жағдай? Неше түрлі ойлар келіп тұр қазір. Айналдырған екі бала неге мылтық алып, ол екеуі ғана асханаға кіреді? Үп-үлкен жігіттер ғой. Бірінші күні ұстап тұрған жоқ қой тапаншаны?» – деді марқұмның әпкесі Раушан Акишева.
Оқиға бүгін таңертең 8.30 шамасында болған. Елордадан 60 шақырым жерде орналасқан әскери полигонда кезекшілікке түскен ол жанындағы серіктесімен бірге асханаға тамақ ішуге барыпты. Полк басшылығының айтуынша, олар өзара әзілдесіп, ойнап, әріптесі қауіпсіздікті сақтамай тапаншамен атып салған.
«Араларында не болғанын білмеймін, екінші жігіттің айтуы бойынша, олар бір-бірімен ойнай бастаған... Өзі мойындап отыр. Қалай атып қойғанын өзі де білмейді. Камера жоқ. Палатка», – деді 0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев.
Ал ата-анасы болса, Дарханның өлімі туралы хабарды командирлері телефонмен жеткізгенде бірнеше себеп айтқан деп егіліп отыр.
«Маған берген ақпараты әртүрлі болып тұр. Таңертең өзінің автоматы атылып кетті деп айтты. Содан болған... Содан  1 сағат өткеннен кейін хабарласып едім, асханада болған жағдай деді. Жаңа сүйекті алып келе жатқан офицерлер қоқысты алып шыққан, сол жерде екеуі ойнаған деді», – деді марқұмның әкесі Амангелді Шөкеев.
Қайтыс болған әскери қызметші Қостанай облысының тумасы. Осы жылдың наурыз айында ғана шаңырақ көтеріпті. Жақындарының айтуынша, келіншегі жүкті.