Tik-Tok хаус: құндылықтар қақтығысы
Tik-Tok хаус: құндылықтар қақтығысы
Болашақты түсіну үшін бүгінгі ұрпақты зерттеу қажет. Өйткені бүгінгі жастың құндылығы, қызығушылығы бұрынғыдан өзгерек. Z және «Альфа» деп аталатын ұрпақ пен қазіргі буынның арасындағы алшақтықты айтып, ғалымдар дабыл қағуда. Олар интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз өмірін елестете алмайды, тіпті шынайы және онлайн өмірдің ара­сын ажырата алмайды дейтін зерттеулер де бар. Ол – рас. Бүгінде кез келген жас­тың қолында смартфон, екінің бірінің қы­зығушылығы – әлеуметтік желі –Instagram, Tik-Tok, Youtube және тағы бас­қалары. Мәселен, бүгінде ірі қала­ларда Tik-Tok-хаустардың қатары артты. Онда жасөспірімдер ұжым құрап, Tik-Tok үшін контент дайындайды. Мақсаты – таны­мал болу, миллион қаралым жинау, көп ақша табу. Тіпті, ТМД елдерінде ең үздік саналатын Tik-Tok-хаус Алматыда орна­лас­қан – BIP House (жазылушылары – 24,2 миллион). Бұл мәселеге қатысты ғылымда, қоғамда қос пікір бар: бірі – Z және «Альфа» ұрпағының онлайн өмірге тәуелділігі болашағына қауіпті десе, енді бірі мұның заман талабы екенін айтып, керісінше, аталмыш буын үшін интернетті тиімді пайдаланудың тетігін қарастыру керек дейді. Осы турасында әлеу­мет­танушы Серік Бисембаевтан сұрап көрдік. – Бұл үрдіс бүгінгі жас толқынның болашағы үшін қаншалықты қауіпті? – Жастардың қазіргі қызығушылығына баға бергенде аға-буынның бір кездегі құндылық­та­ры­мен салыстырып жатамыз. Аға-буынның уа­қыт өткізуі қандай жақсы еді, ал қазіргі жаңа ұрпақ уақытын бос, пайдасыз құртады деген тү­сінік бар. Адамзаттың онлайн форматқа өтуі – әлемде болып жатқан ғаламдық процесс, оны ешкім тоқтата алмайды. Нәтижесі қандай бо­ла­тынын да ешкім білмейді. Сондықтан бұл үрдісті жақсы не жаман деп біржақты баға беру әлі ерте. Сондай-ақ біздегі негізгі дискурс – қауіп-қатер дискурсы. Яғни, біз негатив баға бере отырып, оның бірден теріс жағын іздейміз. Жаңа онлайн кеңістікке өткен жас ұрпақ аға-буынға қарағанда қазіргі заманның үрдістеріне әлдеқайда бейім­делген. Бары – осы. – Олардың құндылығының өзгеруі қорқы­нышты емес пе? Мәселен, Z және «Альфа» ұрпақ­тың білімге құштарлығы аз, зейіні төмен екені көп айтылады. – Егер қазіргі ұрпақтың сабақ оқуға қызығу­шылығы төмен болса, бұл біздегі білім жүйесінің артта қалып қойғанынан. Бүгінгі білім жүйесі ХІХ-ХХ ғасырдағы балаларды оқытуға арналған – орталықтандырылған мектеп, кітап пен мұға­лім. Ол кезде білім мен ақпараттың көзі мұғалім мен оқулық, кітаптар болатын. Қазіргі заман басқа, ұстаздың бұрынғыдай білім беруші рөлі жоқ, ол – тек нұсқаушы, ментор, барлық ақпарат әр баланың қолындағы телефонында қолжетімді. Сондықтан баяғы дәстүрлі білім институтының құндылығы жоғалған. – Мамандар онлайн өмір жастардың психоло­гиялық мінез-құлқына кері әсер ететінін айтады. Қайтпек керек? – Қазіргі жастардың психологиялық мінез-құлқының өзгеруі олардың тек онлайн өмірімен байланысты емес. Ескі заман бітпей жатып, жаңа кезеңге аяқ басудамыз, бұл өтпелі кезеңнің заңды салдары. Себебі үлкен жаһандық өзгеріс­тің алдында тұрмыз және оны қабылдауға көп қо­ғам әлі дайын емес. Сәйкесінше, әртүрлі қо­ғамдық қақтығыс туындайды. Кезінде аграрлық қоғам­ның индустриалды кезеңге өткенінде де сол уа­қыттың өзіне тән конфликтері болған. Қазір постиндустриалды, ақпараттық кезеңде өмір сү­рудеміз. Қоғамдағы әртүрлі күйзеліс, психо­ло­гиялық ауытқулар тек жастарға емес, ере­сектерге де тән. Оның үстіне, құндылықтар қақтығысы бар. Ата-ана мен бала арасында қарапайым телефонды пайдалануға қатысты түрлі кикілжің туып жатады: телефоннан бас алмайсың, таңнан кешке дейін компьютерде отырасың, неге далаға шығып ойнамайсың, сабақ оқымайсың, неге Tik-Tok қарайсың және тағы басқа. Бірақ бұл мо­дель жұмыс істемейді. Кезіндегі біздің тәжірибеміз қазіргі жастың тәрбиесіне мүлдем сай келмейді. Сондықтан жасөспірімдермен емес, ата-анамен жұмыс істеу керек – отбасындағы коммуникация, әке-шеше мен баланың бір-бірімен түсінісуі, ақпараттық сауаттылық және тағы басқа. Мем­лекетке, қоғамдық ұйымдарға осы мақсатта ке­шенді шаралар жасауды ұсынар едім. – Қазір Tik-Tok-хаустар көбейді. Бұған көз­қарасыңыз қандай? – Tik-Tok түсіретін жастарды ата-анасы түсінбеуі мүмкін, бірақ олар миллиондап ақша таба бастағанда, көзқарасы бірден өзгереді. Өйткені қазір тұтынушылық қоғамда өмір сүреміз, әр отбасының құндылығы – табысты болу, жақсы ақша табу. Tik-Tok – жаңа креативті экономиканың бір көрінісі, ақпараттық кон­тент­тің ақшаға айналған кезі. Tik-Tokты халыққа өтімді етіп түсіру үшін, миллион қаралым жинау үшін қаншалықты білім қажет екенін білесіз бе? Бір Tik-Tok түсіру үшін видеограф, контент­мейкер, СММ-маман, актерлері және тағы бас­қалардан құралған арнайы ұжым жұмыс істейді. Бұл – үлкен индустрия, оған білім керек емес деп қалай айта аламыз?

Дайындаған Асыл ТҰМАР