Нәтиже бар, түйткіл де аз емес
Нәтиже бар, түйткіл де аз емес
293
оқылды
Орталық коммуника­ция­лар қызметі алаңында тұп-тура екі сағат, 23 минут, 51 секунд бойы сөйлеген Нұр-Сұл­тан қаласының әкімі Алтай Көлгінов журналис­тердің жетпістен аса сауа­лына жауап берді. Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берген қала басшысына қойылған қо­сымша сауал­дардың ба­сым көпшілігі LRT жобасы, заңсыз тұрғын үй құрылысы, балабақша мен мектеп мә­селесі, ақылы тұрақ пен үлес­керлердің жағдайы жайлы болды. Бас қалада биыл бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсеткен. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Былтыр 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана 1 млн 250 мыңы қолданысқа берілген. «Бірінші жартыжылдықта құры­лысқа салынған инвестициялар көлемі артып, 250 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі былтыр 1,2 трлн болса, қазіргі уақытта 465 млрд-қа жетті. Өңдеу өнеркәсібінде де оң көрсеткіштер бар. Пандемия салдарынан шағын және орта бизнес қиындықтарды бастан кешті. Қазіргі уақытта жағдай реттеліп, тіркелген ШОБ өкілдерінің саны артты», – деді Алтай Көлгінов. Сондай-ақ қала әкімі кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді деп отыр. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік бермек. Айтуынша, инженерлік инфра­құрылымды жоспарлы түрде дамыту, көпірлер салу, жолдар мен тротуарларды кеңейту, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге жағдай жасау өте маңызды. «Қазір Есіл өзені ар­қы­лы Ұлы дала даңғы­лының бойында екі автомобиль көпірін салып жатырмыз. Бұл Нұрлы жол вокзалына шығып, оң және сол жаға­лауды жалғайтын болады. Оны іс жүзінде аяқтадық, қазір кейбір инженерлік құрылыс­тар қалды. Бұл көлік ағынын, оң және сол жағалаулар арасындағы байланысты айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар Тә­уелсіздік даңғылының бойында көпір салынуда, оны келесі жылы аяқтаймыз, ал кеше ғана Алаш көпірі бойынша қозғалыс ашылды», – деп атап өтті ол. Бұдан бө­лек, жыл соңына дейін 100-ге жуық көше салынып, жөнделеді. Соңғы 2 жылда 300-ге жуық көше жөнделсе, олардың жартысы тұрғын үй алаптарында орналасқан. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешімін тапқан. Елорда әкімінің сөзіне сенсек, 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салыныпты. 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20 шақырым коллектор тазартылып, 6,5 мың құбыр буландырылған. 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылды. «Толассыз жауын жауса, Б.Момыш­ұлы даңғылын су басатын. Авто­бустарға су кіретін. Бұл мәселе ше­шілді. Қазір құбырдың диаметрі ұлғайтылды, қосымша сорғы орнатылып, нөмер жинақтағы­шын кеңейтеміз. Ең проблемалы учаскелер – Тәшенов, Иманов, Республика, Бараев көшелері. Бұл мәселелер күн тәртібінен алы­нып тасталды. Тәшенов көшесінде батпақ болды, 42 мың текше метрлік су жинақтағышын орнаттық. Нөсер кәріздерін тазартумен айналысатын арнайы компания құрылды және осы жылдар ішінде нөсер кәрізіне арналған 130 шақырым құбыр салынды. Бұл жұмыс жалғасуда. Жалпы, 146 проблемалық учаскеде мәселе шешілді, ал олардың саны 200-ден асады. Сон­дықтан жұмыс жүріп жатыр», – деді елорда әкімі. Ал оң жағалаудағы 10 тұр­ғын алабы газға қосылған. «Газ­дандыру – өте маңыз­ды мә­се­ле, ол Мемлекет басшысының бақылауында. Бұл мәселені шешу қаланың экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді. Сарыарқа және Алматы аудандарынан кейін қалған екеуінде газ құбырлары салынады. Біз бюрократия деген проблемаға тап болдық. Министрліктің бұйрығына сәйкес, тұр­ғындар құжаттардың 8 түрін жинауы қажет. Оған 6-7 ай кетеді. Биыл Есіл ауданы мен Байқоңыр ауданына апаратын газ құбырларының құрылысы басталды. Қаланың жан-жағы толықтай қам­тылады, сонымен қатар орамі­шілік инженерлік же­лілер жобаланып жатыр», – деді қала басшысы. Қала халқының саны болжамнан асып кеткенін айтқан Алтай Көлгінов 2035 жылға қарай халық саны екі есе өсуі мүмкін деп отыр. Сол үшін алдағы жағдайларға дайындық қазірдің өзінде жүріп жатыр. «Мысалы, Мыңжылдық аллеясындағы әлеуметтік нысандар бірден бас жоспарға енгі­зіледі. Полицентрлік жүйе қағидаларына сәйкес міндетті түрде жеке әлеуметтік нысандар болуы керек: мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар, спорт нысандары, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер, инженерлік инфра­құрылым», – деп атап өтті Алтай Сейдірұлы. Оның сөзінше, бүгінгі күні емханалардың жетіспеу­шілігі өзекті болып тұр. «Қазір емханаларға үлкен салмақ түсуде. Есіл ауданындағы 9-емхана – азаматтар ең көп тіркелген емдеу ме­­кемесі. Сол ауданда бізге қосымша денсаулық сақтау нысанда­ры керек. Сол үшін қазір біз жеке кәсіпкерліктерге өтінішпен шы­ғып отырмыз. Егер олар емхана салатын болса, біз оларды МӘМС жүйесі арқылы субсидиялап, қолдау көрсете аламыз. Тіркеу мәселесі кадр тапшылығын туындатады. Сондықтан бюджеттен грант бөліп жатырмыз», – дейді. Сонымен бірге Алтай Көлгінов ЛРТ жобасы экономикалық тұрғыда еш пайда әкелмейтінін жеткізді. «Көп ақша жұмсалды және жоба аяқталған жоқ. Оны бәріміз біле­міз, айтып та жүрміз. Өкінішке қарай, осындай проблема бар. Иә, бұл жоба табыс әкелмейді. Бұл – қосымша субсидияланатын қоғамдық көліктің түрі. Бірақ келешекте ол көлік дәлізі­міздің жүктемесін төмендететін болады. Адамдар оны пайдалана бастаған кезде әлеуметтік жобаға айналады. Яғни, оны бизнес жоба ретінде қарауға болмайды. Табыс әкелмейді. Оның тарихын, қандай проблемалар болғанын, қанша қаражат жұмсалғанын ескерсек, сарапшылардың пікірінше, жобаны соңына дейін аяқтап, қоғамдық көлік ретінде қолданысқа беру мақсатқа сай келеді», – деді әкім. Елордада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгіннің өзінде 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының мәселесі шешілді.