Үйге ақша жидың ба, депозитке құйдың ба?

үйге ақша
© коллаж: Әсел Балтақызы

«Ұлы дала квартиранттары» азайған сайын қуанамыз. Әсіресе әріптес, курстас, сыныптас жастар бірнеше жерде жұмыс істеп, ретсіз шығындарын қысқартып, қолына түскен қаражатты ұқыптап жинап, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болып жатқанын көргенде ішіміз жылиды. Осындайда шын жүрегімен «бізге де жұғысты болсын» деп тілейтіндер үшін үйлі болудың жолдарын Baspana Al Group консалтингтік компаниясының өкілі, тұрғын үй саласының тәуелсіз сарапшысы Ұлан Дәулетқалидан сұрап-білдік. Елімізде жастарға арналған қандай тұрғын үй бағдарламалары бар, олардың талаптарына қалай дайындалу керек, ең тиімді ипотека қайсы – осы және басқа да мәселелерді маман егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Жалдамалы пәтер де – жақсы нұсқа

Жастарға арналған тұрғын үй бағ­дар­ламаларын екі топқа бөлуге болады. Бі­ріншісі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана бағдарламалары бол­са, екіншісі – ипотекалық бағдарламалар.

Жалдамалы пәтерге келсек, қазір бұл бағдарлама екі қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыс істеп тұр. Оның ипо­текалық бағдарламалардан ерекшелігі – мұнда отбасының жан басына шақ­қандағы табысы белгілі бір мөлшерден асуы (былтырғы конкурс бойынша 40 АЕК) міндеттеледі. Сондай-ақ осы қа­лалардың бірінде соңғы екі жылда (ке­мінде) тұрақты тіркеуде болуы, сол қала­дағы жұмыс өтілі кемінде бір жыл болуы, соңғы екі жылда отбасы мүше­ле­рінің атында үй болмауы қажет. Кон­курс болғандықтан, бұл бағдарлама ұпай­лық жүйеге құрылған. Мысалы, мемлекеттік қызметте жұмыс істесеңіз, жұмыс өтіліңіз бірнеше жыл болса, жеке кәсіпкер болсаңыз, отбасылы болсаңыз, балаларыңыз болса, ұпайды көптеп жинауға мүмкіндік бар. Бұл бағдар­ла­маның басты артықшылығы – жалда­малы пәтерге айына әрі кетсе 15 мың теңге ғана төлейсіз, онда бес жылға де­йін тұруыңызға болады, бұл уақытта өзіңіздің болашақ үйіңізге бастапқы жарна жинап үлгересіз.

Қандай ипотекаға иек артуға болады?

Ал ипотека бойынша қазақстандық жастарға төрт бағдарлама ерекше қо­лайлы, олар: «Елорда жастары», «Алма­ты жастары», «Әулиеата жастары» және «Қарағанды жастары». Соңғы екеуі биыл іске қосылды. Бұл ипотекалық бағдар­ла­малардың негізгі ерекшелігі – сіз мін­детті түрде мемлекеттік қызметте іс­теуіңіз немесе ұйымыңыз мемлекеттік болуы тиіс. Мәселен, жекеменшік мұ­най компаниясында жұмыс істесеңіз, жас­тарға арналған ипотекалық бағдар­ламаға қатыса алмайсыз.

Осы ипотекалық бағдарламалардың тағы бір айырмашылығы – мұнда табыс мөлшері отбасындағы жан басына шақ­қанда нақты бір сомадан асып кетпеуі (әр бағдарлама үшін әртүрлі шек бекі­тілген) керек. Сондай-ақ отбасы мүше­лерінің атында соңғы бес жылда баспана болмауы міндетті. Тағы бір ескеретін жайт – бағдарламаға бір отбасыдан бір адам ғана қатысуға құқылы. Түсініктірек болуы үшін «Елорда жастары» бағдар­ламасына қысқаша тоқталайық:

Несие беру талаптары:

  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Қарыздың максималды сомасы – 18 млн тг;
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Елордадағы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігі мен үлес­тік қатысу туралы келісімі бар бас­тапқы / қайталама нарықтағы тұрғын үй.

Қандай қазақстандықтар қатыса алады?

  • Жасы 35-ке дейінгі (жұбайының жасы маңызды емес);
  • Соңғы бір жылда елордада тұрақты тіркеуде тұрған;
  • «Отбасы банктегі» депозитінде 10% бастапқы жарнасы (яғни, 1 млн 800 мың тг) бар;
  • Елордада өз саласы бойынша кемінде 1 жыл жұмыс өтілі бар;
  • Өзінің (және отбасы мүшелерінің) атында соңғы 5 жылда баспана болмаған;
  • Отбасының жан басына шақ­қан­дағы табысы 6 күнкөріс минимумынан аспайтын азаматтар.

Басқа үш бағдарламаның негізгі шарт­тары осыған ұқсас. Айыр­ма­шы­лық­тарына келсек, «Әулиеата жастары» бағдарламасында бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 5-ақ пайызын жинасаңыз жеткілікті. Бұл ипотека бойынша максималды пәтер бағасы – 13 млн теңге. Демек, қалтаңызда 650 мың теңге болса және өзге талаптарға сай кел­сеңіз, үміткерлер тізіміне іліге ала­сыз. Өтінім қабылдау биылғы 20-30 шіл­де аралығында жүреді. Пәтер баға­сы жөнінен «Қарағанды жастары» бағ­дар­ламасы төртеуінің ішіндегі мак­сималды несиені (20 млн тг) ұсынады: мұнда 2 млн теңге бастапқы жарнаны төлесеңіз, банк сізге 18 млн теңге қарыз береді. Бұған өтінім қабылдау 24 маусым күні аяқталды.

Төрт бағдарлама да конкурстық ірік­теуге негізделген, яғни бұларда да неғұр­лым көп балл жинағандар озады.

Баспаналы болғың келсе...

Соңғы 6 айда ресми түрде бір жұмыс орнынан тұрақты зейнетақы жарналары түспесе, бірде-бір ипотекалық бағдар­ламаға қатыса алмайсыз (бұл шарт тіпті 7-20-25, «Отбасы банктің» 50/50  бағдар­ламаларына да қатысты). Халықтың арасында «Қолымда пәтердің бастапқы жарнасы болса, кез келген уақытта тө­мен пайызбен ипотека рәсімдей ала­мын» деген қате түсінік бар. Төмен пайыз­бен ипотека рәсімдегіңіз келсе, табысыңызды растауға міндеттісіз. Табыс көзін растауды міндеттемейтін ипотекалар бар, бірақ олардың базалық өте жоғары. Айтпақшы, зейнетақы жарнасы ұсталатын, бірақ бірреттік қызметтер табыс көзі болып саналмайды.

«Қандай ипотекалық бағдарлама ең тиімді болып есептеледі?» деген сұра­ғымызға сарапшы кесіп айтар жауап жоғын жеткізді.

«Ол адамның әлеуметтік статусына, несие тарихына, қолда бар қаражатына, айлық табысына және басқа да фактор­ларға байланысты. Мырқымбайға қо­лай­лы бағдарлама Бәтимаға келмеуі мүмкін. Әлеуметтік осал топқа жатасыз ба? Онда сіз үшін «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «Нұрлы жер» бағдар­ламасынан тиімдісі жоқ. Бұл үшеуінің бастапқы жарнасы аз әрі жылдық үстемеақысы бәрінен төмен.

Егер тұрғын үй кезегінде тұрмасаңыз, бірақ қолыңызда пәтер құнының 50 пайызы және ресми табысыңыз болса, «Отбасы банктің» 50/50 ипотекалық бағдарламасына жүгініңіз. ОП-ыңыз (бағалау көрсеткіші) жетіп тұрса, небәрі 5 пайызбен несие рәсімдей аласыз. Елі­міздегі инфляцияны, базалық мөл­шер­лемені ескеретін болсақ, 5 пайыз дегеніңіз өте тиімді.

Егер қалтаңыздағы қаражат пәтер бағасының 20 пайызына жетіп тұрса, атыңызда үй болмаса, ресми табысыңыз болса, онда сіз үшін 7-20-25 бағдар­ла­масынан артығы жоқ», – дейді Ұлан Дәулетқали.

Әңгімеміздің соңында үй алғысы келетін жастарға қандай кеңес берерін сұрадық.

«Ипотека рәсімдеуге ең тиімді уақыт – дәл қазір. Ертең емес, жазда емес, қыс­та емес. Сіз созған сайын үй қым­баттайды, базалық ставка өседі, инфля­ция тағы бар. Биылғы ақпанда елордада 24 млн теңге тұрған екі бөлмелі пәтерлер бес айдың ішінде 27 млн-ға бір-ақ шық­ты. Үйге үнемі сұраныс бар, сондық­тан ол ешқашан арзандамайды.

Жұмыс істеңіз. Қосымша шығынды азайтыңыз. Күнде 1500-2000 теңгеге кафе­ге барып тамақтанғанша, түскі асты үйден әкеліп үйреніңіз. Үй алғыңыз келе ме – не киноның премьерасына бармай­сыз, не жазда Алакөлге барып демал­майсыз, әйтеуір бір дүниелерді уақытша құрбан ете тұруға тура келеді. Есесіне баспанаға ақша жинайсыз – басым­дықты дұрыс қоя біліңіз. Отбасылық бюджеттегі міндетті шығындарды азайт­паңыз: мысалы, азық-түлік, баланың үйірмесі деген тәрізділерге тиіспеңіз. Ақша жинаудың лайфхагы – негізгі та­быстың 20 пайызын, қосымша табыс­тың 50 пайызын жинап отыру керек. Негізгі табысыңыздан артылмаса, екін­ші, үшінші жұмысқа орналасыңыз. Үйлі бо­лып жатқан жастардың басым көп­шілігі – осындай қарапайым ережелер­ді орындағандар», – деп сөзін түйінде­ді маман.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.