Ұлды қалап «ұялтты»
Ұлды қалап «ұялтты»
© коллаж: Әсел Балтақызы
Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт. Себебі шыр етіп дүниеге келгенде ата-ана­ның баласына азан шақырып қой­ған есімі тікелей тағдырына әсер етеді. «Атымды айта бас­та­сам, тілім таңдайыма жа­бысып қалғандай болады да тұрады» деп өкінетін Қожа ғана емес екен. Бүгінде қыздар ара­сында Ұлжан, Ұлбала, Ұлтуар сияқты есімдерін ауысты­ра­тын­дар жиі­лепті. Мұның себебі не­де? Жал­пы, ислам дінінде есім ауыс­ты­руға рұқсат берілген бе? Халқымызда ұрпақ жалғастырушы бір ұл дүниеге келсін деген ниетпен түбірін ұлдан басталатын есім қоятын тренд бұрыннан бар. БҰҰ Қазақстандағы әлем халқы қоры (ЮНФПА) елімізде есімінің түбірі ұлдан басталатын әйелдерді санап шы­ғыпты. 1905-2019 жылдар аралығында 75 400 қызға осындай есім қойылған. ЮНФПА зерттеуіне үңілсек, Ұлболсын аталған қыздардың 53,6 пайызы ауылда дүниеге келген екен. Мәселен, 1990-1999 жылдар аралығында 13 803 есім тіркелсе, 2010-2019 жылдарда 12 264-ке төмен­де­ген. Ұлдан басталатын есімді қыздарына жиі қоятын оңтүстік өңірі екен. Соның ішінде Алматы, Жам­был, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шым­кент және Алматы қалаларында мұндай есімді қыздар көп. Үлес салмағы бүкіл респуб­ликаға шаққанда 69,6 пайыз болады. Батыс өңірде – 16,3 пайыз, ор­та­лықта 8,4 пайыз екен. Ал мұндай есім­ді аз қоятын аймақтар – Солтүстік, Шы­ғыс өңір. Мысалы, Шы­ғыс Қазақ­стан, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан­дағы түбірі ұлдан басталатын ныс­пы­сы бар қыздар­дың үлесі – 5,7 пайыз ғана. Психологиялық қысым көреді Адамның өмір бойы ең көп еститін сөзі – есімі. Сондықтан да есімі әдемі қойылған балалар өзіне сенімді болып өссе, ата-анасының қалауымен «ұл» сө­зін арқалап күн кешетін қыздар томаға-тұйық болып бойжетеді. Психо­логтар­дың айтуынша, буллингке ұшы­райтын қыздардың бір тобы – есіміне байла­нысты кемсітуге тап болғандар. Бала­лар­ға адамның атын мазақ етуге бол­май­тынын түсіндіру оңай емес. Сынып­тастардың келемеждеуі – жиі кездесетін құбылыс. Бұл дегеніміз – қыз баланың психикасына ауыр соққы болып тиеді. Өсе келе есімін атап, та­нысуға да ұялуы бек мүмкін. Демек, баласын ойлаған ата-ана бірінші кезекте қойылатын аттың әуезді, әдемі, мағы­налы болуына баса мән беруі керек.
– Адамның есімі адамның болмы­сына, мінез-құлқына әсер етеді. Сон­дық­тан есім таңдаған кезде мұқият болған дұрыс. Балаға қойылатын есім сол сәбиге арналған тілекпен қойылуы керек. Ал Ұлболсын, Ұлжалғас сияқты есімдердің қызға ешқандай қатысы жоқ. Өсе келе бала есімінің мағынасын түсініп, белгілі бір дәрежеде психоло­гиялық қысым көреді. Іштей ата-ана­сына ренжіп өмір сүреді, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Мектепте осындай буллингке ұшы­ра­ған жандардың бірі – Мадина Қа­сымова. Оның туғанда берілген есімі – Ұлбала. Мадинаның айтуынша, балаға ат қою – үлкен жауапкершілік. Мұндайда ата-ана жүз ойланып барып шешім қабылдауы керек. Өйткені олардың ұл қалаған ниетінен бұрын, ол есіммен өмір бойы жүретін қызын ойлағаны әлдеқайда маңызды.
– Үйдің үшінші қызымын. Сондық­тан әкем есімімді «Ұлбала» деп қойыпты. Бірақ кішкентай кезімде балалар көп мазақтайтын. «Атыңа затың сай ма?» дегенде ашуланатынмын. Сондықтан танысқан кезде атымды айтқым келмей­тін. 16 жасқа толып, жеке куәлік алатын кезде әкем қарсы болса да, азан шақы­рып қойған есімімді өзгертіп алдым. Бо­лашақта балаларыма мұндай есім қой­мас едім, – деді Мадина Қасымова.
Есім ауыстыруға дінде рұқсат етілген Психологиялық қысымнан кейін бойжеткендердің көбі есімін өз қалауы бойынша өзгертіп алады. Қазақстан заңында да есім ауыстыруға кедергі жоқ. 16-ға толған кез келген азаматтың қа­лауына қарай атын құжат жүзінде өз­гертуге құқығы бар. Ол үшін өтініш жа­зып, қажет құжаттарды тапсы­рып, баж салығын төлейді. Не үшін ауыс­ты­рып жатқанын түсіндірген соң, өтінім бір ай уақыт ішінде қаралады. 30 күннен кейін жаңа куәлігі қолына бе­ріледі. Ал дінтанушы Кеңшілік Тышқан­ұлы ис­ламда ұнамсыз есімдерді өзгер­тудің ағат­тығы жоғын айтып отыр. Азан ша­қырып ат қою Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан үрдіс. Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) ат қою жөнінде бірнеше өсиет пен ескертулер жасаған.
– Қазақтың дүниетанымындағы тү­сі­нік бойынша ұл күткен отбасы қыз­да­рына Ұлболсын, Ұлмекен сияқты есім­дер қояды. Осыдан кейін дүниеге ұл бала келеді деген түсінік бар. Егер адамға есі­мі ұнамайтын болса оны ауыстыра алады. Дінде қандайда бір есімде қалу керек деген қатып қалған қағида жоқ. Кәмелет жасқа толмаса ата-анасының келісімімен, толса өзінің қалауымен ауыстыруға заңдық шеңберде де, дінде де кедергі жоқ, – деді Кеңшілік Тышқанұлы.
Гендерлік теңдік мәселесін зерттеп жүр­ген халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызының пікірінше, қыздар өз есімінен намыстанып, тағ­ды­рына балта шабатындай болса, азан шақырып қойған есімін өзгертуі керек.
– Біріншіден, осындай есім арқалап жүрген қыздар өзін отбасында керексіз бала сезінеді. Ата-ана «ұл» сөзі бар есім қойғанда, «ұл болсыншы» деген тілегін кімге жеткізіп отыр. Келесі бала ұл бол­сын деп Құдайдан сұрап отыр ма, әлде қызға айтып отыр ма? Менің ойымша, ата-ана қыз болып дүниеге келгені үшін баласына мұндай есім беріп кінәламауы керек. Тіпті, алматылық режиссер Ека­терина Суворова осындай есімі бар қыз­дардың тағдырын суреттейтін «Қыз­бол­сын» деген туынды түсірді. Бірақ Ұлболсын деп есім қойса да, болашақта Қызболсын деген есім қойылмайды, – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Үлкендерден «қызықты қыздан көрдік» дегенді де естіп жатамыз. Демек, баланың жынысы емес, оның тәрбиесі мен көргені әлдеқайда маңызды. Келе­шекте Ұлбала мен Ұлтуарлардың саны азайып, әр бойжеткен өз есіміне риза болып күн кешер. Ал ол үшін әр ата-ана баласына есім қоярда жауапкершілікпен қарауы қажет.