Түркістан қаласында тұңғыш рет жағажай ашылды. Тарихи шаһардағы туристік-реакрациялық орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының аудан, қалалары мен Шымкент қаласынан және өзге де шаһарлардан саяхатшылар келді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Шаға» жағажайын аралап көріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Жағажайдың ашылуында балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Су айдынында желкенді қайықтар жүзіп, облыстың ескек есушілері өз шеберліктерін көрсетті. Танымал диджейлер мен өнерпаздар өнер көрсетсе, әнші Қайрат Нұртас жерлестеріне әннен шашу шашып, Түркістандағы жағажайдың ашылуымен құттықтады.
Жағажайға келген демалушылар Түркістанда ашылған жаңа туристік орынға ризашылықтарын білдірді. Отбасымен суға шомылып, көңілді байқауларға қатысып, шоу бағдарламаны тамашалады. Жағажай жұмысын бастаған алғашқы күннің өзінде бірнеше мың адам келіп, «Шағадан» шаттанып қайтты. Бұл жағажай туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да оң серпін бермек.
Түркістан облысы