Өнерге фанатизм жетпейді – Қобыланды Болат
Өнерге фанатизм жетпейді – Қобыланды Болат
622
оқылды
Бала күнімнен өнерді жақсы көрдім, әнші, актер бо­луды армандадым. 1994 жылы Павлодар облысы Баян­ауылда тудым, сонда ержеттім, даланың қара­пайым ба­ласымын. 2009 жылы П.Чайковский атындағы да­рын­ды балаларға арналған музыкалық колледжге түсіп, «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша төрт жыл білім алдым. 2013-2017 жылдары аста­на­дағы Қазақ ұлт­тық өнер университетінде оқып, «Театр және кино» факультетін тәмамдадым. Жоғары оқу орнын бітіре салысымен, елордадағы мюзиклде, Павлодар облыстық драма театрында жұмыс істедім, бү­гінде Қ.Қуаныш­баев атын­дағы мемлекеттік драма театрының актерімін. Спортпен айналысқанды, кино көргенді ұнатамын. 5:32 туындысына қалай ша­қырту алдыңыз? Сценарийі бірден ұнады ма? – Сценарийге бірден қызықтым. Менің кандидатурам бір айға жуық қаралды. Мені маньяк рөлінде де байқап көрді. Соңында режиссердің шешімімен тергеуші Думанның рөліне бекітілдім. Бұл кейіпкердің болмысын ашуға бар күшімді сал­дым. Сюжет шынайы оқиғаларға не­гізделген. Психологиялық тұрғы­дан ерекше әсер алдым. Талай ұй­қы­сыз түндерде Думанның бейнесіне еніп кететінмін. Өзімді қалай се­зін­дім, солай көрерменге жеткізуге ты­­рыстым. Жұмыс барысы өте ұнады. – Осы сериалдан кейін Мансұр екеуіңіздің «Жарық» дейтін әндеріңіз шықты, жастардың арасында хит болды. Ән жазу идеясы қайдан келді? – Жалпы түсірілім барысы көп қызықты сәттерімен есте қалды. Сондай ерекше күйдің куәгері бол­сын деп ән жаздық. Сөзі – Ман­сұрдікі, әнін мен жаздым. Тыңдар­манның көңілінен шыққанына бек қуаныштымыз. – Қазір кино саласында жаңа­лық жасағысы келетіндер қатары артты. 5:32 – соның бірі, көрер­мен­нің ықыласына бөленген туын­ды. Тіпті, Думанның сериал соңындағы өлімімен келіс­пей­тіндер қаншама. Жалпы отан­дық кино саласына қандай баға берер едіңіз? – Фильмнің жан­рын көп талғамаймын, кө­біне психологиялық дра­маны көремін. Айтар ойы бар, адамның жаны са­лын­ған туындыларды ұната­мын. Сондықтан отан­дық фильмдерді үнемі көремін деп ай­та ал­маймын. Біздегі ки­нематографияға ор­ганика жетпей­тін­дей. Кез келген жо­баға еліте­тін­дей, соңына дейін ұс­тап тұратындай идея қажет. Туын­ды көрерменнің көкейіне сауал тас­тай алуы керек, қан­дай да бір ойды қоз­ғап, қоғамда резонанс тудыра алуы қажет. Ал тұтынушыда ой, сұра­ныс, қызығушылық қал­маса, сұрақ тумаса, ол туынды жеңіл, мағынасыз дегенді білдіреді. Мәселен, 5:32 се­риалына мен түс­сем де, түспесем де, ол маған қызық болар еді. Өйт­кені онда қызықты сценарий, ре­жис­серлік, актерлік, операторлық жұ­мыс бар, гримнің өзін алып қа­раңыз, қаншама еңбек жатыр. Бізде не жетпейді десеңіз, өнерде фа­на­тизм жоқ. Кинема­тографияның қай ма­ма­нына болсын жанкештілік жет­пей­ді. Жалпы, қазақ – байсалды ха­лық­пыз ғой, кейде сол ұстам­ды­лығымыздан дұрыс мағынасында, шығармашылық үшін бас тарту да керек сияқты. Өз басым осы мә­се­лемен жиі бетпе-бет келемін әрі үне­мі күресемін. Мә­селен, 5:32 се­риа­лынан кейін «Ше­кер» сияқты туындылар түсірілді, жақсы фильм­дер жасауға деген дұрыс жарыс пайда болды. Өткенде режиссер жігіттер­мен кездескем, олар Әлішер Өтевтің (5:32 ре­жис­сері) шығарма­сынан асып түскісі келетінін айтады, әрине дұрыс ма­ғынасында. Бұл да – ізденіс. – Өнердегі кез келген адамда шығармашылық тоқырау кездері болады. Мұндай сәттермен қалай күресесіз? – Мұндай құлдырау кезеңдері басымнан көп өтті. Күйзеліс сәт­терін еңсеруге көп көмектескені – сенім. Уақыты келгенде өнерде жарық болатынына үнемі сенемін. Ал сенім алдамайды. – Имиджіңізді өзгертуге не себеп болды? Қазіргі бейнеңізді көбі алаш­ордалықтарға ұқсатып жатады. Ұсы­ныс түссе, «Алашорда» көшбас­шы­ларынан кімді ойнағыңыз келетін еді? – Осы имиджім өзіме де ұнайды. Бірақ театрда әртүрлі рөл бұйырады. Абайдың жас күнін ойнайтын бір спек­таклім үшін мұртымды аламын. Мұртсыз бейнем мүлдем басқа. Алаш­ордалықтардың рөлін орындау мен үшін қиын. Ойнай салу қашанда оңай, бірақ ішкі пішінді реттеу, шығар шы­ңына жеткізіп, кейіп­кердің бар бол­мысын, айтар ойын, мақсатын ашып орындауға әлі де көп дайындық керек. Шамам келсе, «Алашорда» тұлғала­ры­ның кез келгенін ойнасам, арманым жоқ. фильм – Қандай фильмге түсуді ар­ман­дайсыз? – Соғыс туралы фильмдерді ерек­ше ұнатамын. Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің бейнесін сомдауды армандаймын. Кинематографияның басы-қасында жүрген жігіттер графиканың озық технологияларын пайдаланып, жақ­сы туынды жасаған болса, батыр ағамыздың бейнесін неге ойна­мас­қа? Талғат Бигелдиновтің жас кезіндегі бейнесіне менің ұсқыным келеді. Екеуміз де атжақтымыз, жа­ғымызға пышақ қайрауға болады (күліп). Жеке тұлға ретінде өте қы­зықты кейіпкер. Ол туралы фильм әлі түсірілмеген. Тарихи тұлға­лар­дың ішіндегі армандап жүрген рөл­де­рімнің бірегейі – осы. – Ән жазуда неге «сараңдық» танытасыз? Әнші қызбен лирикалық дуэт жазу ойыңызда бар ма? – Бұл менің шабытымның «са­раңдығының» себебінен болса ке­рек. Ән жазу үшін арнайы күй, шабыт қажет. Ән мен әуенді тұла бойымен сезіне алатын кез келген әнші қызбен дуэт жазуға болады. Ол туралы әлі ойлап көрмеппін. Қазіргі әншілерден Мархаба Сәбидің өне­рін мойын­даймын. Оның табиғаты, талғамы бөлек. Өмірде тікелей та­ныс болма­сам да, оны өнері арқылы жақыным­дай көремін, әндері арқылы жан тебі­ренісін, болмысын түсініп қоя­мын. – «Не болды саған ай» әніңіздің тарихын білсек. Кімге арналған? – Кез келген әнімді жазғанда бірдеңеге сүйсініп, ғашық болып жазғанды жақсы көремін. Ерекше күйді бастан кешемін, сол уақыттың өзіне тән хикаясы болады. «Не болды саған ай» әні де сондай бір оқиғаның куәсі, бір жігіттің бастан өткергені. Әннің сөзін досым Ман­сұр жазады, оған ішкі сезімім туралы айтып беремін. – Театр немесе кинода ғашық кейіпкердің рөлін сомдау бұйырды ма? Кімді ойнадыңыз? – Қалекиде әнге, өнерге, өмірге ғашық Шәмшіні сомдаймын. «Ме­нің нәзік жанымды кім түсінер» дейтін Шәмшінің табиғаты өзіме жақын, жан дүнием үндесетіндей. Оның табиғатын қатты құрмет­теймін, творчестволық пір тұтамын. Павлодардағы театрда істеп жүр­генімде Қозы-Көрпешті ойнадым. Ромеоны сомдаудан бас тартпас едім. – Жас іні-қарындастарыңызға қандай кеңес айтар едіңіз? – Өз басым еркіндікті сүйетін, ішкі түйсігіммен, табиғатыммен санасатын адаммын. Адамның тап-таза арманы оны ешуақытта адас­тырмайды. Бұған көзім анық жетті. Кез келген адам шынайы көңілімен, риясыз нені қаласа, соған шын ниет-пейілімен қадам басатын болса, міндетті түрде қалағанына жетеді. Өнерге келген әрбір адам жан талантты. Алайда бойыңдағы бар игілікті біліммен, тәжірибемен шыңдамасаң, қабілетіңнен ажырап қаласың. Жастарға айтарым, қандай да бір таңдау жасайтын кезде жан дүниесімен санасып, шын мәнінде нені қалайтыныңды түсініп алу керек. Сосын ол таңдауыңды шы­ңы­на дейін жеткізген дұрыс. Өз ісіңді жетік меңгеріп, сол саланың кәсіби маманы болуға ұмтылу қажет.

Айдана НҰРМҰХАН