Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің жыры бітпей тұр
Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің жыры бітпей тұр
221
оқылды
Елордадағы "Шығыс" тұрғын үй кешенінің жыры әлі бітпей тұр. Тұрғындар шағымы жауаптыларға жеткенімен, мәселе түбегейлі шешілер емес. Бұл жолы да тиісті жұмыстар белгіленген уақытта орындалған жоқ. "Шығыс" тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражат құйып, он жылдан астам уақыт бойы тиісті құжатты ала алмай келе жатқан 800-ден астам тұрғын бар. Осы уақыт ішінде олар көптеген құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырған. "Хабар 24" телеарнасының мәліметінше, талай кездесу өткізді. Алайда не құрылысы аяқталмаған, не құжаты толықтай рәсімделіп бітпеген үйге тұрғындардың қолдары әлі жетер емес.
"Құрылыс жұмыстары дұрыс жасалмаған. Үй алқам-салқам салынған. Кіреберістен бастап кемшіліктер көп. Желдету жұмыс істемейді, темір есіктерге жапқыштар орнатылмаған. Одан бөлек ойын алаңдары да толық аяқталмаған. Балалар үшін өте қауіпті", – дейді қала тұрғыны Райкүл Нәбиева.
Он жылдан астам уақыт деп бекер айтып жатқан жоқ тұрғындар. Себебі жауаптылар «құрылысты да аяқтаймыз, құжатты да береміз» деп, уәдені үйіп-төккен. Осылай мерзімді бірнеше рет кейінге шегеріп келген. Бұл жолы да солай болды. Әуелі наразы тұрғындарды жыр болған үйдің барлық жұмысы 30 маусымда бітеді деп сендірген әкімдік өкілдері бұл жолы да уәделі уақыттың жылжығанын айтты. Қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкеннің айтуынша, құрылыс монтаждау жұмысы толық бітпей, бұл жұмысты толық атқаруға мүмкіндік болмаған.
"Мердігер анықталғаннан кейін, жұмыстар толық жүргізілгеннен кейін, қазіргі кезде регистрацияға құжаттар тапсырылды. Осы процедуралар 1 ай уақыт аралығында бітеді. Шілденің соңына дейін әр тұрғынның пәтері заңдастырылады", – деді ол.
Тұрғындарға берілген уәдені орындауға жөндеу жұмыстарындағы олқылық кедергі келтіріпті. Құрылыс компаниясының басшысы осылай дейді.
"Бұған дейін 30 маусымда аяқталады деген едік. Себебі, біз келісімшартқа отырған кезде, яки құжаттама бойынша ертерек аяқтаймыз деп болжадық. Яғни 1 айдың ішінде", – дейді құрылыс компаниясының бас директоры Руслан Кадесов.
Бірақ құрылыс монтаждау жұмысына кіріскен кезде бұрынғы компания сапасыз жөндеу жұмыстарын жүргізген. Салдарынан уақыт та кейін шегерілді. Сонымен тағы бір мәрте уәде берілді. Жаңа мерзім бекітілді.
«Шығыс» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 12 жылдан бері тиісті құжаттарын ала алмай жүр. Ал жауапты мамандар айдың соңына дейін бұл мәселе шешімін табады деп сендірді.
Еске салайық, бұл тұрғын үй кешені «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген.