Елордадағы Момышұлы көшесін енді су баспайды
Елордадағы Момышұлы көшесін енді су баспайды
540
оқылды
Нұр-Сұлтанда  Бауыржан Момышұлы даңғылындағы  нөсер кәрізінің өткізгіштік қабілеті 1,5 есе артқан, – деп хабарлады қала әкімі Алтай Көлгінов. «Елордада нөсер кәрізі мен оның құрылысы бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүріп жатыр. Қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі Б.Момышұлы даңғылы болды. Толассыз жауын жауып, көліктердің жартысына жуығы су астында қалғаны, енді бірінің үрлемелі қайықтармен жүзіп жүргені естеріңізде болар. Бұл даңғылда біз нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды – Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылынан өтеді) жалғасады. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есе  арттыруға мүмкіндік берді», – деді Көлгінов. Бұдан басқа, оның айтуынша Жастар шағынауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды.
«Жаңа құрылыстардың қуаттылығы – тәулігіне 42 мың текше метрден астам. Аталмыш тазарту ғимараты Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінің, Республика, Тәуелсіздік даңғылдарының жоғары бөлігінде су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бұл құрылыстың ерекшелігі – Есіл өзеніне құяр алдында жаңбыр мен еріген қар суын тазартып алады», – деді әкім.
Сондай-ақ Тельман елді мекенінде тазарту қондырғысы мен магистралды коллектор, Пригородный елді мекенінде және Алаш тасжолы бойындағы логистикалық орталық ауданында тазарту қондырғысы салынды, осыған дейін Мыңжылдық аллеясы ауданындағы 2 учаскеде нөсер кәрізінің проблемасы шешілді.
«Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі), жаңа вокзал, Ұлы Дала даңғылы және т.б. нөсер кәрізінің құрылысы жүріп жатыр. Нөсер кәрізі мен тазарту құрылысын салу және қуатын кеңейту бойынша жұмыстарды қала әкімдігі жүйелі деңгейде жүргізіп жатыр», – деді Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, Нұр-Сұлтанда 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілді. Оның ішінде қаланың ең проблемалы даңғылдарының бірі – Б.Момышұлы даңғылы. 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынды, 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20шақырым  коллектор тазартылды, 6,5 мың құбыр буландырылып, 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылды.